Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ұлттық құндылықтар ұлағаты - АРҚА АЖАРЫ

Ұлттық құндылықтар ұлағаты

Ұлт санасының жаңғыруын мақсат еткен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында Н.Назарбаев кез-келген жаңғырудың ең алдымен ұлттық болмысқа, дәстүрдің замана сынынан сүрінбей өткен озығына негізделуін қадап айтқан болатын. Еліміздің өркендеп дамуына бағытталған мемлекеттік маңызға ие ауқымды бағдарламаларды жүзеге асыруда мәдениет саласының, соның ішінде музейлердің алар орны ерекше.

Өскелең жас ұрпақты өлкеміздің тарихымен, оның көрікті жерлерімен және киелі нысандарымен таныстырып, салт-дәстүрлеріміздің озық үлгілерін келер ұрпаққа жалғастыру және насихаттау – бүгінгі таңдағы зор міндеттердің бірі. Ата-бабаларымыздың бойымызға сіңірген игі қасиеттерін ұрпақ санасында жаңғырту бағытында Ақмола облысы мәдениет, архивтер мен құжаттамалар басқармасына қарасты Көкшетау қаласының тарихы музейі жүзеге асырған игілікті іс-шаралардың бірі – «Қолөнер – қасиетті төл өнер» атты музейлік жоба.
Жалпы, мәдениеті мен өнері, қолөнері, ою-өрнектері мен зергерлік әшекей заттары арқылы әр ұлттың өзіне ғана тән қасиеттері мен ерекшеліктерін аңғаруға болады. Халық ісмерлерінің қолынан шыққан бұйымдар ХІХ ғасырда Көкшетау өлкесіндегі талай көрмелердің, жәрмеңкелердің көркі болғаны анық. Музейлік жоба аясында жергілікті қолөнер шеберлерінің шығармашылықтары арқылы ұлттық бірегейлігімізді көрсететін рухани құндылықтарымыз дәріптелініп, атадан қалған асыл мұра – ұлттық кәсібімізді келер ұрпаққа сабақтастыру, олардың өткенімізге деген қызығушылығын арттыру мақсатында балабақшадан бастап, мектеп, колледж оқушылары мен жоғары оқу орындары студенттеріне арналған түрлі форматтағы іс-шаралар ұйымдастырылуда.
Киіз басып, иірілген жіптен тұскиіз, сырмақ, шашақбау, ши, басқұр, киіз үйдің басқа да әсем жабдықтарын жасаумен айналысатын жергілікті шебер Кенжебай Смағұлқызының қолынан шыққан әр бұйым пішінінің ықшам да сәнді үйлесімі, ұлттық нақыштағы өрнектердің әсемдігі қиял ұшқырлығымен ұштасып, өткен тарихымыздан мәнді сыр шертеді. Моңғолияның Баян-өлгий аймағында дүниеге келген Кенжебай апай еңбек жолын кілем тоқу фабрикасында бастаған. 1991 жылы сол жақтан Семей қаласындағы А.Құнанбаев музей-кешеніндегі киіз үйді қалпына келтіру, жөндеу жұмыстарына арнайы шақырумен келіп қатысып, ата жұртқа 1992 жылы түбегейлі қоныс аударған.
Содан бері бірқатар қалалық, облыстық, республикалық және халықаралық байқауларда, этнографиялық көрмелерде шебердің қолынан шыққан бұйымдар арқылы ұлттық қолөнерімізге отандастарымызбен қатар, шетелдік туристер де қызығушылық танытуда. Кенжебай апай ұлттық қолөнерді насихаттау мақсатында қала тарихы музейі қызметкерлерімен ұйымдастырылған тақырыптық іс-шараларға қатысып, бойындағы өнерді кейінгі ұрпаққа жалғастыруға атсалысуда. Оның сырмақ, ши, тұскиіз, басқұр, шашақбау, қоржын және тағы басқа да ұлттық нақыштағы бірегей туындыларымен қала тарихы музейі қоры жиі толықтырылады.
Қазақ халқының баға жетпес ұлттық рухани құндылықтарының бірі – домбыра. Ағаш пен темірден түйін түйген көкшетаулық танымал шебер Шоқан Еламанов домбырамен қатар, астау, бесік, күбі, дөңгелек үстел, сандық тәрізді көне бұйымдар жасаумен айналысады. Қызыл ағаштан шабылған домбыраның үні әуезді келетіндіктен, ол бұл ағашты еліміздің оңтүстік өңірінен арнайы алдыртады екен. Бойына әкесінен қонған бұл өнер оның өмірлік серігіне айналған. Ағаш шеберінің қолынан көне технологиямен жасалған мыңға жуық домбыра, 20 шақты қобыз, астау мен күнделікті тұрмысқа қажетті түрлі бұйымдар шыққан. Музей қоры осы дүниелермен де толығып, ата-бабаларымыздың руханиятынан сыр шертер құнды жәдігерлер ретінде көпшілікке насихатталуда.
Сонымен қатар киіз, ағаш, металл, былғары, қыштан жасалған этнографиялық бірегей бұйымдарымен республика аумағында ғана емес, түрлі халықаралық көрме, байқауларға қатысып, ұлттық құндылықтарымызды паш етіп жүрген Вера Фризен, Ұлболсын Асқарқызы, Рүстем Шәріпов, Руслан Ахмедов, Рус-
там Яковлев, Анар Сәттібаева және тағы басқа көптеген жерлес шеберлерімізбен тығыз байланыс орнатылып, шығармашылықтары «Ұлттық мұра: өткеннен – келешекке», «Музей жәдігері – ұлт мақтанышы», «Ұлттық мұра – ұрпаққа аманат» атты онлайн-көрме, интерактивті және музейлік сабақтар, фотокөрмелер, этнографиялық көрмелер, фотовикториналар, дәрістер, шеберлік сағаттары арқылы кеңінен насихатталуда. Халықтың өмірімен, тұрмысымен бірге дамып, ұрпақтан-ұрпаққа сабақтасып келе жатқан асыл мұра – ұлттық қолөнер ісін ілгері дамытушылар жастардың арасында да жетерлік. Бұл, әрине, қуантарлық жайт.
Бұл бұйымдардың дайындалу тәсілі мен жасалу жолдары атадан-балаға мирас болып қалып отырған. Ашық алаңда шығармашылық адамдарымен кездесулер ұйымдастыру жастардың қызығушылығын арттырып, оларды өнерге баулу ата кәсіпті келер ұрпаққа сабақтастырудың тиімді жолы деп білеміз. Осы мақсатта бірқатар өнер иелерімен музейлік іс-шаралар өткізілген болатын. Солардың бірі – қыштан ыдыс-аяқ, өзге де тұрмыстық бұйымдар жасаумен айналысатын көкшелік жас дарын, суретші, «Гранат» студиясының жетекшісі Анар Сәттібаеваның шығармашылығына арналған «Бәрі де бір өзіңнен басталады…» атты іс-шара. Көне кәсіпті меңгеріп қана қоймай, қаламызда өз студиясын ашып, жастарды көркем өнерге, қыштан бұйымдар жасау өнеріне баулып жүрген Анар Талапқызы кездесу барысында шеберлік сағатын өткізіп, студент жастарды қыш-құмыра жасау әдісімен іс жүзінде таныстырғаны өте ғанибет болды.
Қай халықты алсақ та, салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарының негізінде өткен тарихы мен рухани ұстанымдары жатыр. Ертеден ұрпақ тәрбиесіне көп көңіл бөлген ата-бабаларымыз баланы жастайынан бауырмалдыққа, мейірімділікке, ізеттілікке баулып өсірген. Музей қызметкерлері «Дәстүр мен ғұрып» атты мемлекеттік арнайы жоба аясындағы «Білгенге – маржан» айдары арқылы қазақ халқының шілдехана, бесікке салу, тұсау кесу, ашамайға отырғызу, тоқымқағар сияқты тектіліктері мен асыл қасиеттерін паш етер салт-дәстүр, әдет-ғұрыптары, жөн-жopaлғылapының озық үлгілерін көпшілікке кеңінен насихаттаумен келеді. Туған өлкеміздің өткен тарихын жадымызда жаңғыртып, жаһандану кезеңінде осынау рухани, мәдени құндылықтарымызды санамыздан өшіріп алмай, болашаққа жеткізу – басты парызымыз.
Күнсұлу НҰРҒАЛИЕВА,
Көкшетау қаласының тарихы музейінің бөлім меңгерушісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар