Еңбегі сіңген дәрігер

Азаматтың парасаттылығы мен қайсарлығына, адалдығы мен еңбекқорлығына көз жеткізгіңіз келсе, 80-нің сеңгіріне шыққан денсаулық сақтау саласының майталманы, төре тұқымының бүгінгі жұрнағы, ел ағасы Қайырлы Хамзеұлы Құрмановтың ғибратты ғұмырына назар салыңыз. Тылсым дүние құшағына бөленген отыз үйлі Шоңай ауылындағы Құрман ата мен Рақила-Дәу әженің киелі шаңырағында 1941 жылдың 28 ақпанында іңгәлаған сәбидің дауысы естілді. Асыға күткен немересінің есімін ақсақал «Қайырлы» деп өзі қойды.

Қазақи салт-дәстүр бойынша Хамзе мен Момақан қуаныштарын елмен бөлісіп, дүрілдетіп шілдехана жасады. Алайда, сүйікті перзентін мейірлене иіскеген әке тура жүз он бес күннен кейін бейбіт аспанды бұлт торлап, соғыс болатынын сезді ме екен?!
Ауыл бригадирі Хамзе Құрманов та жерлестерімен бірге 1941 жылдың тамызында 41 жасында майданға аттанады. Көкшетауда азын-аулақ оқу-жаттығу ойындарын өткізгеннен кейін әскери эшалон Мәскеуге бағыт ұстайды. Елге жазған хаттарында ол қазақ жауынгерлерінің де Мәскеу, Сталинград және Курск доғасындағы ұрыстарда көрсеткен ерліктерін баяндаумен бірге, кішкентай бүлдіршініне деген әкелік сағынышын да қоса білдіретін. Көз көргендердің айтуына қарағанда Хамзе бойшаң, өткір көзді, байыпты мінезді, сұлу жігіт болыпты. Қайырлы әке дидарын көз алдына елестете алмаса да, кескін келбеті өзіне ұқсас екенін әрдайым да мақтан етеді.
Қос перзенті Хамзе мен Әбутәліптің қазасынан кейін Құрман ақсақалдан да әл кетіп, 1946 жылы қайтыс болады. Дәу әже қаншалықты қайратты, шыдамды болса да, Қайырлыны Әбутәліптің келіншегі Қазиманың тәрбиесіне береді. Ауылда жұмысшы күші тапшы болғандықтан, жеті жасар Қайырлы да ат басына мініп, құрбыларымен бірге шөп шабады. Тұрмыстың тауқыметі жанға батса да, ол оқудан қол үзген жоқ. Бастауыш класты Шоңайда, жеті жылдықты Қызылтаңда бітіреді. Қаршадайынан өмірдің ащы-тұщысын көрген жасөспірім әрі қарай Көкшетау қаласындағы №3 қазақ орта мектебінің пансионында тұрып оқиды. Құрман ата мен Рақила әжеден бойына ар-намыс дарыған Қайырлы ешкімге ауыртпашылығын салғысы келмейді, Қонысбай ауылына барып, совхоздың қойын да бағады. Жападан-жалғыз жайылымдағы отардың соңында жүргенінде әкесінің туған қарындасы, балалар дәрігер-хирургы Жандарбек Төребаевтың шешесі Қазиза келеді. Інісінің жапан түздегі күйбең тірлігін көрген ол Қайырлыны өзімен бірге Көкшетауға алып кетеді. Әуелі, «Казсельхозтехникада» жүк тасушы болып істесе, арнайы даярлық курсын бітірген соң №2 автобазаға жүргізуші болып орналасады. Кешкі уақытта машина жасау техникумында оқиды.
«Бас екеу болмай, мал екеу болмайды»,–дегендей, жалғыздықтан құтылудың амалы – тез арада үйлену керек. Алдына осындай айқын мақсат қойған өршіл өрен Көкшетауда орта бойлы, келбетті қызбен танысады. Мәраш та көрікті жігітті бірден ұнатады. Сөйтіп, 1962 жылы отау құрады. Құрман ата мен Хамзе атасының шаңырағын шайқалтпай қайра жаңғыртқан Қайырлының ендігі арманы – жоғары білім алу, таңдауы – дәрігер болу. Сәті түсіп, Қарағанды медицина институты №3 қазақ орта мектебінде қабылдау емтиханын өткізді. Ол емтиханға мұқият дайындалып, бәрін «төрттік» бағаға тапсырады. Арманы жүзеге асып, институтқа қабылданады.
Мәраш та Алматыдағы қазақ қыздар институтының кітапханашы бөліміне сырттай оқуға түседі. Алты жылдың ішінде отбасын асырау үшін оқуына қоса, жүргізуші, кочегар, күзетші, соңғы екі жылда учаскелік терапевт болып істейді.
Оқу бітірген соң оған Целиноград облысының Балкашин аудандық ауруханасындағы рентгенолог қызметі ұсынылады. Теориялық білімді практикада шебер пайдалана білген Қайырлы аз уақыттың ішінде бөлім меңгерушісі, бас дәрігердің орынбасарына дейін жоғарылайды.
Бұдан кейін Көкшетау аудандық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары болып жемісті қызмет атқарған Қайырлыға облыстық денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі Антон Задорожный Щучье аудандық тубдиспансеріне бас дәрігерлік қызметке бару жөнінде ұсыныс білдіреді. Қайырлы тубдиспансердің материалдық жағдайын жақсарту үшін бар күш-жігерін жұмсап, Ресейдің де көрші облыстарын аралайды. Солай көздеген мақсатына жетеді. Алайда, бұрын өзін көрген республика Денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары Михаил Грибановтың «Балкашин аудандық ауруханасына бас дәрігер қажет болып тұр. Сол ауруханаға қайта барсаң қайтеді, – деген сөзінен кейін 4 жылдай істеген үйреншікті ұжымға басшы болып қайра оралды. Бас дәрігер бірінші кезекте әр түрлі жұқпалы аурулардың таралмауына күш салды. Шалғайдағы елді мекендерге де көмек көрсетілді. Осы еңбегі ескеріліп, «КСРО-ның Денсаулық сақтау үздігі» атағын алды.
1981 жылдың наурыз айында тағы да еңбегі жанып, Көкшетаудағы «Бурабай» санаторийінің басшысы болып тағайындалды. Бұл – екінің бірінің қолы жете бермейтін жауапты жұмыс еді. «Шешінген судан тайынбас» дегендейін, бас дәрігер Қайырлы Құрманов ежелден туберкулез ауруымен сырқаттанатындар ғана емделетін санаторийдің жартысын сау адамдар тынығатын курортқа айналдырды.
Курортты аймақтың экологиялық жағдайы, Бурабай поселкесінің санитарлық тазалығы елін сүйген ардақты азаматты бей-жай қалдырмады. Тікелей оның бастамасымен сенбіліктер, акциялар өтетін болды. Қайырлы Хамзеұлы №7 орта мектепті де өз қамқорлығына алып, демеушілік жасады. Денсаулық сақтау министрлігінің қаржылай көмегімен дауылпаз ақын Сәкен Сейфуллиннің ескерткішін жасаттырып, мектептің ауласында орнаттырды.
Екеуміз де соғыс жылы өмірге келген ұрпақ болғандықтан өскен ортамыз да, тағдырымыз да ұқсас. Біздің Шоңай мен Баратай ауылдары ежелден-ақ құдандалы ел болып, жастарымыз бір мектепте оқыды. Қайырлы аудандық ауруханада, мен аудандық оқу бөлімінде істегенде отбасымызбен жиі араласып, қуаныштарымызды бірге бөлістік. Осы қарым-қатынасымыз күні бүгінге дейін жалғасып келеді. «Құрмет» орденінің иегері, Қазақ ССР-іне еңбегі сіңген дәрігер Қайырлы Құрмановты 80 жасқа толуымен шын жүректен құттықтай отырып, ақжарқын, кеңпейіл досымның барын мақтан етемін. Гүлнәр, Гүлсара, Салтанаттың тәрбиесін аналық мейірім шуағымен атқарып, өмірге лайықты жолдама берген жібек мінезді жұбайы Мәраш Сейітжанқызы жайлы да жылы лебіз білдіруді жөн көріп отырмын. Қарауыл ішіндегі Жақсылықтан тарайтын Әушахметовтар әулеті – Қараөзек ауылының тумалары. Өсіп-өнген, текті тұқым.
Мәраштың бүгінгі арманы – асыл жары Қайырлының амандығы. Өйткені, олар бүгінгі бақытты өмірге өздерінің қажырлы еңбектерімен қол жеткізді.
Шияп ӘЛИЕВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар