Жылы шырайлы, шуақты көктеммен бірге келетін 8-наурыз Халықаралық әйелдер күні барша нәзік жандылардың жүрегін елжіретіп, көңіл-күйін көтеретін, сүйіспеншілік пен махаббатқа толы әсерлі де әдемі мереке. Бұл күні әйел атаулы балаларының шынайы сүйіспеншілігі мен құрметіне, өмірлік серіктерінің махаббаты мен зор ықыласына бөленетіні сөзсіз. Біздің кейіпкеріміз Лана Бикаева бұл күнде жақындары мен туысқан, бауырларынан бөлек оқушыларының да зор ықылас-қошеметіне кенелген ардақты жас ұстаз.
Мұғалім мамандығын таңдаған Лана Рүстемқызы Қостанай қаласында қарапайым отбасында дүниеге келген. Әкесі – құрылысшы, анасы – балабақша тәрбиешісі. Қаладағы №11 орта мектепте сауат ашып, білім алады. Алайда, отбасылық жағдайларына байланысты Ақмола облысының Жақсы ауданына қоныс аударады. Жақсы ауылындағы орта мектепті үздік бітірген соң, Қостанай педагогикалық колледжіне ағылшын тілі мамандығына оқуға түседі. Ғылым-білімге жаны құмар Лана Бикаева колледжді де үздік тәмамдап, қазіргі уақытта жоғары оқу орнында қашықтықтан білім алып жүр.
– Мен қазіргі уақытта Қостанай облысының Арқалық қаласындағы мемлекеттік педагогикалық университетінде оқытудың қашықтықтан білім беру түрі бойынша екінші курста оқып жүрмін. Екі шет тілін меңгеру мамандығы бойынша білім алудамын. Қазіргі уақытта Жақсы ауылындағы №1 орта мектепте шәкірт тәрбиелеп, ағылшын тілінен сабақ беремін. «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасының қатысушысы болғандықтан, мемлекет тарапынан көрсетілетін тиісті көмек түрлерін алдым. 2020 жылы кезегім жеткенде көтермеақы және баспана алуыма мүмкіндік туғызатын несие берілді. Жуырда осы ауылдың жігітіне тұрмысқа шығып, отбасылы болдым, –дейді жас ұстаз.
Осыдан 12 жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Дипломмен–ауылға!» бағдарламасы арқылы шалғайдағы елді мекендерге барған бірталай жас мамандар осылайша Лана тәрізді сол ауылдардың тұрақты тұрғыны болып қалып жатыр. Ауылдарды сақтап қалу мақсатында ұйымдастырылған бұл мемлекеттік саясат аясындағы бағдарлама бойынша қазіргі уақытта білім беру, денсаулық сақтау саласының мамандарынан бөлек, ауыл шаруашылығы, әлеуметтік-экономика және басқа да түрлі салалар бойынша елді мекендерге жастар жіберілуде.
–Қазір бәсекелестік заманы. Сондықтан, адамдар өздеріне қажетті мамандықты игерулері тиіс. Университет бітіріп алып, даяшы болып жұмыс істеп жүрген жастарды көргенде, текке кеткен уақыт-ай деймін. Одан да дипломмен ауылға тартып кетсе, жағдай басқаша болар ма еді деген ойда қаласың. Арба сүйреп жүргендері де бар. Елімізде математика, жаратылыстану бағытындағы мұғалімдер аз, техникалық мамандар тапшы. Қарапайым токарь, дәнекерлеуші, аспазшы дегендерден бастап, сұраныстағы мамандықты игеру керек, – деген жас мұғалімнің пікірі бізді де ойландырып тастады.
Ұстаз жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінетін, көреген, алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі, мейлінше шешен, өнер-білімге құштар, аса қанағатшыл жаны асқақ және ар-намысын ардақтайтын, жақындарына да, жат адамдарына да әділ, жұрттың бәріне жақсылық пен ізгілік көрсетіп, қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін батыл, ержүрек болуы керек. Лана Русланқызының тұлғасынан осындай қасиеттер айқын аңғарылады. «Бала тәрбиелеу үшін ең алдымен өзіңді тәрбиелей біл» деген даналық жас маманның негізгі ұстаздық ұстанымы екен.
– Негізі тәрбие отбасынан басталады. Бірақ, бала тәрбиесінде мектептің де рөлі өте зор. Әсіресе, сабақ беретін ұстаздың жүріс-тұрысы, іс-қимылы, дауыс ырғағы, әдебі, барлығы балаға әсер етеді. Себебі, олар мұғалімнің іс-қимылын қайталап, оларға еліктейді. Балалармен қарым-қатынасың қандай болса, олардан сондай қайтарым күтесің. Сондықтан, барлығы ұстазға тікелей байланысты. Балалар – біздің айнамыз, – дей келе, жас маман қазір бәсекеге қабілетті болатын білімді тұлға тәрбиелеу үшін балалардың білімге деген ынта-талпынысын көтеру қажеттігін айтты. «Бала үздік оқыса, ол ешқашан бір орында тұралап қалмайды. Керісінше, одан сайын алға ұмтылып, өзі сияқты үздіктерді көрсе, олардан да мықты болуға талпынады. Әртүрлі ғылыми жобаларды қорғауға, олимпиадалар мен іс-шараларға қатысуға тырысады. Көшбасшылық қабілеттері ашылады» дейді Лана Рүстемқызы әңгіме барысында.
Бала кезден мұғалім болуды армандаған және оқу бітірген кезде еш ойланбастан осы мамандықты таңдаған ол үнемі жаңашылдықтарды бойына сіңіріп, әрқашан ізденісте жүреді. Ағылшын тілін еркін меңгерген.
–Жаңашылдықтар басқа да салаларда көп қой. Бірақ, мен өзімді тек педагог мамандығынан ғана көре алады екенмін. Педагогика саласында ұстаз өмір бойы баланы жаңашылдыққа баулып, оқытады. Демек, мен өз мамандығымды дұрыс таңдадым, – дейді ол.
Саналы түрде мұғалімдікті таңдаған ұстаз өзі үнемі ізденіс үстінде жүріп, білімін жетілдіріп отырады. Ол облыс аумағында және республика көлемінде өткізілген педагогика саласының түрлі семинарлары мен байқауларына, түрлі олимпиадаларға белсенді қатысыпты. Мұрағатында сақталған көптеген сертификаттар мен дипломдар жас ұстаздың талпынысының айқын көрінісі болып табылады. Сонымен бірге, оның шәкірттері де түрлі аудандық, облыстық деңгейде өткізілген байқаулар мен пәндік олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындарды бағындырып жүр. Бұл ұстаздың мерейі, еңбегінің жемісі, нәтижесі.
Мұғалім ісі сырттай қарапайым болғанымен – тарихтағы ең ұлы істің бірі деп ғұламалар бекер айтпаған ғой. Баршамыз да ұстаздың алдын көрген жандармыз. Адамтану, адамның күрделі және қызықты, шым-шытырығы мол рухани жан дүниесіне үңіле білуді қажет ететін осынау мамандықты таңдаған Лана Бикаева секілді нәзік жандылар білім саласында көп болсын дейміз.
Ырысалды ШАМШИЕВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.