Әлі күнге бұрынғы ескі төлқұжатпен жүргендер бар

Өңірлік коммуникациялар қызметінде Құжатсыз өмір сүріп жатқан адамдар, сондай-ақ, 1974 жылғы үлгідегі КСРО паспорттарын уақытында ауыстырмаған Қазақстан Республикасының азаматтары туралы брифинг болып өтті.

Республика аумағында Ішкі істер министрлігінің нұсқауы бойынша үкіметтік емес ұйымдармен «Адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстандық халықаралық бюро» қоғамдық бірлестігі, Біріккен Ұлттар Ұйымының Қазақстан Республикасындағы босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы комиссары басқармасының серіктестік ұйымы, «Сана-сезім» әйелдер бастамаларының құқықтық орталығы» қоғамдық бірлестігімен 2020 жылғы 24 қыркүйектен бастап құжатсыз өмір сүріп жатқан адамдарды құжаттандыру бойынша акция өткізілуде. Себебі, бұрынғы КСРО паспорттарын уақытында ауыстырмаған, туу туралы куәлікпен тұрып жатқан 18 жастан асқан адамдар бар екені анықталып отыр. Осыған орай, Қазақстан Республикасы Көші-қон қызметі комитеті төрағасының орынбасары, полиция полковнигі Сабыржан Сейітжанов және «Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстандық халықаралық бюро» директорының орынбасары Денис Дживага облыс орталығына келіп, құжатсыз адамдардың мәртебесін шешу туралы брифингте хабарлама жасады.
Брифингте айтылғандай, еліміз бойынша ұйымдастырылған акция аясында барлық құжаттары жоқ адамдар белгіленіп, «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» Заңына сәйкес, азаматтығын анықтау тәртібі жүзеге асырылады. Қазақстан азаматтығына жататындар жеке куәліктерімен құжатталады және кез-келген мемлекеттің азаматтығына жататындығы анықталмаған адамдар азаматтығы жоқтығы туралы анықтама алады.
Акция барысында 2020 жылдың 24 қыркүйегінен бастап 2021 жылдың 25 ақпанына дейін 326 құжатсыз адам анықталған. 61 адам құжаттандырылған. Оның ішінде, 49 адам Қазақстан Республикасының жеке куәлігін алса, 12 адамға азаматтығы жоқтығы туралы анықтама берілген. Көп жағдайда бұл әртүрлі себептермен өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдар. Түптеп келгенде, бұлар құжаттарының болмауына байланысты әлеуметтік төлемдер мен ресми жұмысқа орналасу мүмкіндігі жоқ адамдардың санатында. Сондықтан, Ақмола облыстық полиция департаменті көші-қон қызметінің қызметкерлері Қазақстан Республикасының аумағында олардың мәртебесін реттеуде барлық құқықтық көмек көрсететін болады.
Ақмола облысының полиция департаменті «Инстаграмдағы» парақшасы және бұқаралық ақпарат құралдары арқылы акция туралы бірнеше рет хабардар етіп, облыстың көші-қон қызметінің түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Өз тарапынан Ішкі істер министрлігі Көші-қон қызметі комитеті мен «Адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстандық халықаралық бюро» қоғамдық бірлестігі бұл жұмысты республикалық ауқымда жүргізуде.
Бір айтарымыз, бұл науқан 2021 жылдың 1 мамырына дейін жалғасады. Сондықтан, жеке басын куәландыратын құжаттары жоқ облыстың барлық тұрғындары көші-қон қызметінің аумақтық органдарына жүгінулеріне болады. Мәселен, өткен жылы құжатсыз жүрген 197 адамға азаматтығын анықтау процедурасы жүргізіліп, олардың өз мәртебесіне сәйкес Қазақстан Республикасының азаматы немесе азаматтығы жоқ адам деген құжаттар берілген. Сондай-ақ, бүгінге дейін 642 адам Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылданған. Сондай-ақ, басқа мемлекеттердің азаматтығын алған адамдар Қазақстан Республикасының азаматтығынан айырылуының 1541 фактісі тіркелген. Сонымен қатар, «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» Заңының талаптарын орындамағаны үшін 35 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Брифинг барысында хабарламашылар БАҚ өкілдері тарапынан қойылған көптеген сұрақтарға жауап берді.

Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суретті түсірген
Советбек Мағзұмов.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар