«Жастар – Отанға» бағдарламасы талқыланды

«Nur Otan» фракциясының облыстық мәслихат депутаттары «Жас Отан» жастар қанаты облыстық филиалының 2025 жылға дейінгі «Жастар – Отанға» бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасының негізгі бағыттарын талқылады.

«Жастар – Отанға» бағдарламасы жастардың конструктивті мәселелерін шешуге бағытталған. Соның ішінде бес негізгі бағытты атап өтуге болады. Олар: еліміздің саяси өміріне жастардың көбірек қатысуына жағдай жасау, білім беру сапасын арттырып, жастарды еңбек нарығына қажетті білімге бағыттау, жас кәсіпкерлікті қолдау мен жұмысқа орналасу механизмдерін жетілдіру, баспаналы болулары үшін мүмкіндіктерді кеңейту, жастардың бос уақытын тиімді өткізуге жағдай жасау.
–Партияның аумақты дамыту жоспарларына негізделген және тиісінше көп қаржы салуды қажет ететін «Өзгеру жолдары»: әрқайсысына жақсы өмір» атты сайлауалды бағдарламаларын орындау жөніндегі Жол картасына қарағанда жастардың бұл бағдарламасына бірнеше бағытта бюджеттен қаржыландыру қарастырылған. Сондықтан, бюджетке қатысатын барлық бағыттарын жан-жақты қарастыруымыз керек,– деді «Nur Otan» партиясы облыстық Ақмола филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Бекмағамбетов.
«Жастар – Отанға» бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі жол картасының нақты тармақтары бойынша облыстық басқармалар мәліметтер ұсынды. Облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Қанат Дүзелбаевтың ақпаратына сүйенсек, өткен жылы «Дипломмен–ауылға!» бағдарламасы бойынша ауылдық жерлерге жұмысқа орналасқан 434 жас маманға жалпы сомасы 1,8 миллиард теңгені құрайтын бюджеттік несие беріліпті. Сондай-ақ, дәрігер, мұғалім, мемлекеттік қызметші, агроном, мал дәрігерлері секілді 627 маманға көтермеақы төленген. Бұл бағдарлама жоғары және орта кәсіптік білім беретін оқу орындарының түлектері арасында үлкен сұранысқа ие. 2009 жылдан бері облыстың елді мекендеріне кеткен жас мамандардың 5 мыңнан астамы сол жерлерде тұрақтап қалыпты.
Аталмыш бағдарлама қолға алынғаннан бергі 12 жыл ішінде барлық жағынан қайта қаралып, жетілдірілгені де белгілі. Мәселен, осы жылдар аралығында жас мамандарға баспана алуға берілетін бюджеттік несие-лер мен көтермеақылардың мөлшері ұлғайтылды, бағдарламаға қатыса алатын мамандықтар тізімі кеңейтілді, оған тапсыратын құжаттар пакеті азайтылды, міндетті өтеу мерзімдері қысқартылды… Бірақ, келісім-шарттарды бұзу фактілері бәрібір де тіркелуде. Бағдарлама басталғалы бері осы күнге дейін 935 адам келісім-шартты бұзған. Қазынаға келтірілген зиян көлемі 400 миллион теңгені құрайды. Қазіргі уақытта осы қаражаттың тек 320 миллион теңгесі мемлекетке қайтарылыпты.
Партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Мәдешұлының айтуынша, бұл олқылықтар жас мамандарға бағдарламаны әлі де тиісті деңгейде түсіндірмеудің салдарынан туындап отыр. Мұндай кемшіліктер мен мәселелерді туындатпау үшін жақын арада тиісті шешімдер мен келісім-шарттарды бұзбаудың жолдарын қарастыру қажет.
Облыстық білім басқармасының басшысы Бейбіт Жүсіпов өз кезегінде соңғы 5 жыл ішінде өңірдің 470 мектебі жаңғыртылғандығын атап өтті. Бұл жалпы облыс мектептерінің 90 пайызы деген сөз. Мұнда білім ордаларына күрделі жөндеу жұмыстары ғана жүргізіліп қоймай, сонымен бірге материалдық-техникалық базалары да нығайтылып, жаңа модификациялық кабинеттер ашылыпты, кітапханалардың қорлары толықтырылған. Биыл облыста тағы 94 мектеп осылайша жаңартылады екен.
Отырыс барысында облыстық құрылыс, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру, кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармалары басшыларының да баяндамалары тыңдалып, талқыланды.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар