Өмірден жолын, өнерден бақытын тапқан жан

Көктемнің ең шырайлы мерекесінің бірі 22 наурыз – ұлыстың ұлы күні де келіп қалды. Өткен ғасырдың сексенінші жылдарының соңынан бастау алған бұл мереке содан бері халқымызға қуаныш сыйлап, елді шаттыққа бөлеп келеді. Осы бір гүл көктеммен бірге құлпырған мерейлі мереке қарсаңында ұлттық өнеріміздің алға басуына сүбелі үлес қосып жүрген аялы алақан иелері туралы айтқанда, бүгінгі мақала кейіпкері, ерекше дарын иесі, күміс көмей әнші, ұстаз Айгүл Рахымжанқызы Тасанованы қалтарыста қалдыруға болмайтындай. Бұланды өңірінде ерекше дауысымен асқақтата ән салғанда талай құлақтың құрышын қандыратын осы бір өнерпаздың есімі жалпақ жұртқа жақсы таныс.

Ерекше дауысымен әуелетіп ән салғанда талай сахнаның сәнін кіргізген Айгүл Рахымжанқызының өнері жалпақ жұртқа таныс. Тек ауданымыздың ғана емес, өңіріміздің, тіпті еліміздің үлкен-үлкен сахналарында өнер көрсеткен Айгүл бүгін ұстаздық жолды таңдаған. Әрине, ән айтудан қол үзген жоқ.
Айгүл өнерлі ортада, тектілігі тарқамаған жерде, киесі кетпеген шаңырақта дүниеге келген. Туған жері саф ауасы жаныңды балқытар, сұлу табиғаты бір көрген жанның есінде мәңгі қалар зерделі Зеренді ауданының Зеренді ауылы. Әкесі Рахымжан электрик болып еңбек етсе де, елге сыйлы адам болған. Анасы Ботагөз сатушы болып қызмет атқара жүріп, бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген алтын құрсақты ана. Ал, аталары мен әжелері, нағашылары жиын-тойдың сәнін кіргізетін өнер адамдары болыпты. Айгүл Рахымжанқызы сол әжелерінің тәрбиесін көріп, «Әже мектебінен» өткен. Анасы Ботагөз де үйде ән салғанымен, көпшіліктің алдына шыға қоймапты. Тек қасиетті өнер Айгүл Тасанованы үлкен сахнаға жетелеген. Десе де, оның осы өнерге алғаш келуі өте қызық екен. Ол жайлы кейіпкеріміз:
– «Әнші балапан» байқауына қатысуға барған құрбыммен іс-шара өтетін орынға еріп бардым. Оны күтіп отырып, күндегі әдетімше ыңылдап ән айтпаймын ба, соны ойламаған жерден кәсіби маман иелері байқап қалыпты. Содан мені қастарына шақырып алып, ән айтқызып көріп, аяқ астынан байқауға қатыстырып жіберді. Ешқандай дайындықсыз, бұл байқаудан 3-орын алдым. Осылайша балалық шағымдағы алғашқы үлкен жеңісіме қол жеткізіп, өнерге деген құштарлығым артып, ән әлеміне аяқ басқан жағдайым бар, –дейді.
Туған жеріндегі Мәлік Ғабдуллин атындағы қазақ орта мектебін тәмамдап, болашағын өнермен байланыстырып, Көкшетау қаласындағы қазіргі Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжіне оқуға түседі. Бұл – Айгүл Рахымжанқызының өнер әлеміне терең бойлап, оның қыр-сырын меңгеруіне септігін тигізеді. 2004 жылы оқуын аяқтап, Зеренді ауданындағы мәдениет үйіне қызметке орналасады. Араға бір жыл салып, аудандық балалар шығармашылығы үйіне ауысады. Бұл жерден оның ұстаздық жолы бастау алады.
Содан 2010 жылы ол Бұланды ауданына қоныс аударады. Макинск қаласында аудандық білім бөлімінің жанындағы қалалық балалар музыка мектебіне жұмысқа орналасады. Еңбек жолын жалғастыра жүріп Челябинск мемлекеттік мәдениет және өнер академиясының түлегі атанады. Қазіргі таңда Макинск қаласындағы музыка мектебінде директордың орынбасары қызметін атқаруда. Сондай-ақ «ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» демекші, әлі де шәкірт тәрбиелеуде. Еңбегі еш кетпей, шәкірттері мерейін үстем етіп, көптеген облыстық, республикалық, халықаралық байқаулардың жеңімпазы атанды. Мәселен, өткен күзде Қарағанды қаласында өткен «Күзгі ертегі» атты халықаралық байқауда шәкірті Дария Қасенова бірінші орын алса, Камила Радикова екінші орын, Арина Телепнева үшінші орын иегерлері атанды. Көкшетау қаласында өткен V-халықаралық «Art Time» конкурсында тағы бір шәкірті Әсем Балғожина екінші орыннан көрінді. 2019 жылы Нұр-Сұлтан қаласында өткен V-халықаралық «Astana Grand Festival» конкурс-фестивалінде шәкірті Алпамыс Қалымтаев бірінші орын иегері атанды. Жалпы, өнер иесінің шәкірттерінің жеткен жетістіктері, бағындырған белестері жетерлік.
Шәкірттерін шыңға шығару үшін аянбай тер төгіп жүрген Айгүл Тасанованың өзі де түрлі марапаттардан құралақан емес. Өткен жылы мұғалімдер мерекесі күні Ақмола облысы білім басқармасының Құрмет грамотасымен марапатталды. «Dolce Musica», «Осеняя сказка», «Art Time», «Astana Grand Festival» және басқа да көптеген халықаралық, республикалық конкурстардың лауреаттары атанып, Алғыс хаттармен марапатталған. 2010 жылы «Жас қанат» байқауында үздік үштіктен көрінуі де Айгүл Рахымжанқызының өнер өлкесіндегі талабы мен талантының дәлелі.
Қазіргі таңда өнер иесін толғандыратын мәселе – жас мамандардың жетіспеуі. Біздің өзімізде домбыра, қобыз тағы басқа аспаптардан сабақ беретін мамандар жоқтың қасы. Музыка мектебінде бүгінгі таңда 152 бала білім алуда. Олардың барлығы мектеп бітіргенде арнайы куәліктер алып шығатын болады. Жастардың өнерге бет бұруы, өнерді таңдауы бұл әрине, жағымды жаңалық. Алайда, мақала кейіпкері айтқанындай, мамандардың жетіспеуі ойландырар мәселе. Айгүл Тасанова бір сөзінде: «Бірге өнер саласында білім алған құрбыларымның ішінде мамандығы бойынша қызмет атқарып жатқан мен ғана екенмін» – деген болатын. Мұны да сол баяғы қолдаудың жетіспеуі деп түсінген жөн. Көш жүре түзелер. Айгүл Рахымжанқызы баптаған жастар белгілі өнер иелері, кәсіби мамандар болып, туған жерлеріне оралып еңбек етер, маман жетіспеген олқылықтың орнын толтырар деген ойдамыз.
Айгүл Тасанова тек өнерде, қызметте ғана емес, отбасында да үлгілі жан. Өнерді қолдайтын, түсінетін жолдасы Мұрат ағамыз екеуі екі бала тәрбиелеп отыр. Кейіпкеріміздің соңынан ерген сіңілісі Маржан да өнер саласында өзіндік сүрлеуін салып келе жатқан талант иесі.
«Ұстаз – ұлы есім», – дейді халқымыз. Шәкірт тәрбиелеу, олардың жүрегіне жол тарту, бағыт беру баға жетпес ұлы амалдар дер едік. Бір тұлға даярлап шығаруың ел ертеңіне қосқан үлесің. Осындай дара жолда аянбай тер төгіп келе жатқан Айгүл Рахымжанқызының еңбегіне жеміс тілейміз. Көктемді қанатына қондырып жеткен мерекеңіз құтты болсын!

Жайнарбек ЗАҢДЫБАЙ.
Бұланды ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар