Ана тілін білмейтін ұрпақ ұлтына жанашыр бола алмайды

Егемендік алған алғашқы жылдары тіл мәселесі өте өзекті болатын. Себебі, қазақ мектептерін айтпағанда қазақ тілінде білім беретін сыныптар да жоқтың қасы еді. Бір таңқаларлығы әлі де қазақ тілінің ахуалы күн тәртібінен түскен емес.

Қазақша контенттер көңілден шыға ма?
Көршіміздің 13 жастағы жеткіншек қызы бар. Өте сыпайы, мәдениетті, инабатты жауқазын өсіп келеді. Анасының айтуынша, балдырған кезінен «Балапан» арнасынан берілетін қазақша мультфильмдерді көріп өскен екен. Жауқазын қыз қазақша сөйлегенде сөздің түбін түсіреді. «Тәбетім болмай тұр, анашым», «Саф алтындай жарқырып тұр» деп таза әдеби тілде сөйлейтінін көргенде көз қуанады, шынайы тәнті боласың. Қазіргі таңда ертегі жазып, өз қабілетін дамытуда. Анасының айтуынша, қызының ана тілінде тіл шұбарламай сөйлеуінің бір себебі, балдырған кезінде қазақ мультфильмін тамашалап өскендігінен. Ал, басты себеп, ата мен әжесінің бауырында тәрбиеленгендігінде.
– Кейінгі ұл мен қызды өзіміз тәрбиелеудеміз. Қаланың балалары көбіне орысша сөйлейді ғой. Орта адамға әсер етпей қоймайды. Бір қызығы, кейінгі балаларымыз үлкен қызымыз секілді «Балапан» арнасынан берілетін мультфильмдерді тамашаламайды, қызықсыз деп басқа арнаға ауыстырып қояды. Біз жұмысбасты ата-ана болғандықтан, олар көбіне өздері қалаған мультфильмдерді көріп отырады. Үйге кірісімен, «Балапан» арнасын қосып қоямын. Бірақ, жасырары жоқ, сол бағдарламалар бала түгілі өзімізге қызықсыз. Осы орайда, ұлттық арналардың тізгінін ұстап отырған басшылыққа айтар назымыз көп, – дейді Құралай.
Көкшетау қаласындағы «Айша» балабақшасында тәлім алып жүрген алты жасар Айдана Көлбаева. – «Балапан» арнасынан көбіне 3–5 жастағы балаларға арналған мультфильмдер көрсетіледі. Ал, мен биыл алты жасқа толдым. Үлкенмін! Былтыр «Көжектер» мен «Питер пен» мультхикаясын үзбей тамашалайтынмын. Қазір көбіне YouTube каналынан шетелдік мультфильмдерді қарап жүрмін. Олардың бояу қанық және өте қызықты, – дейді Айдана қыз. Айдананың анасы Айнұрдың айтуынша, YouTube каналында жөнді қазақша контент жоқ.
– Жаc ұрпақ қазақша сөйлемейді деп кінәлауға шеберміз. Балаларға арналған қазақша мультфильмдер мен бағдарламалар көбірек болса ғой деп ойлайсың. Шын мәнінде балалардың дамуы-
на өз септігін тигізетін бағдарламалар жоқтың қасы. Сол себепті де балалар Ресейдің, қала берді шетелдің бағдарламаларын тамашалап отырады. Қазақ тілінде қызықты контент болса, оларды да бас алмай қарамас па еді?. Қазіргі адамдар негізгі ақпаратты ғаламтордан іздейді. Біздегі көп ақпарат орыс тілінде. Осындай себептердің салдарынан жас балалар қазақ тілін емес, орыс тілін үйреніп өседі, – дейді Айнұр Көлбаева.
Балалар кітаптарын көбейтуіміз керек
– Таяуда мереке қарсаңында үйдегі немерелеріме ертегілер кітабын сатып алмақшы болған едім. Кітап дүкендеріндегі балаларға арналған кітаптардың басым көпшілігі орыс тілінде екен. Көрнекі етіп әдемі беттелген кітаптар көздің жауын алады. Барлығы орыс тілінде. Мен сияқты кітап сатып аламын дегендердің қарасы көп. Барлығы да қазақша кітап іздеп жүр. Яғни, сұраныс бар. Осыдан кейін балаларға неге тілді шұбарлап сөйлейсің деп қалай кінә арта аламыз? – деп бастады әңгімесін «Алтын алқа» иегері, көпбалалы ана Светлана Қадырханқызы.
– Қазақша кітаптар мен сайттарды көбейтуіміз керек. Тым болмаса орыс тілінде жарық көретін кітаптарды тәржімалап, жағдай келіп жатса өзіміздің ұлттық тәрбие өзегі саналатын қазақ ертегілерін қанық суретпен, көрнекі етіп жарыққа шығарса, немерелерімізге сатып алып, оқып берер едік қой. Жасырары жоқ, күнде кешкісін немерелеріме өзім ойдан ертегі құрастырып, айтып беремін. Себебі, бұрынғы білетін ертегілерді айтып болдым. Қайталана бермесін деген оймен астарында тағылымы болатындай етіп, ойдан ертегі құрап айтамын, – дейді ардақты әже.
Біз де орталықта орналасқан бірқатар кітап дүкендерін аралап көрдік. Алтын алқалы ананың айтқан сөзінде жан бар екен. Орыс тілінде қандай кітап сатып аламын десеңіз таңдау бар. Ал, балаларға арналған қазақ тілінде жарық көрген кітаптар жоқтың қасы. Бар болғанның өзінде бағасы удай. Ал, сатушылар болса, Қазақстанда шығатын балалар кітабының азаю себептерінің бірін жас оқырмандардың кітапқа деген ынтасының төмендеуімен байланыстырады. Иә, қазақ тілінің дәрежесін көтергісі келетіндер тілді барынша қолданысқа енгізу үшін алдымен қазақтілді сайттарды қолға алуы қажет, сондай-ақ, аударма ісін жақсартып, қазақша кітаптар мен балалар тамашалайтын мультфильмдердің де сапасын жақсартқаны абзал. Себебі, болашақ ұрпақ – келешек кепілі. Ал, өзінің ана тілін білмейтін ұрпақ ұлтына жанашыр бола алмайды.
P.S. Туған ауылым Айсарыда 1989 жылы алғашқы қазақ сыныбы ашылды. Бұған дейін ауылдағы білім ошағы орыс тілінде білім беретін. Ауылда ашылған алғашқы қазақ сыныбына бар болғаны он-ақ бала бардық. Қалған отыз бала орыс сыныбында оқыды. Қазақ мектебінде оқығаннан ба, тілім де, ойым да, түсінік-пайымым да қазақша дамыды. Бүгінде соның жемісін көріп отырған жайымыз бар.
Қазіргі таңда мемлекеттік тілде білім беретін мектептер көп. Алайда, сол мектептерде білім алатын оқушы балалардың басым көпшілігі орыс тілінде сөйлейді. Тіпті балабақшадағы балалардың да тілі орысша шыққан. Бұлай кете берсек, мұның түбі не болады деген сауал жанды жегідей жейді.
Ұлмекен ШАМЕНОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар