Латын әліпбиіне көшу – ұлт дамуының жаңа белесі

Облыстық ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен Көкшетау қалалық әкімдігінде «Латын әліпбиіне көшу – қазақ тілінің жаңа белесі» атты тақырыпта дөңгелек үстел отырысы болып өтті. Латын графикасына негізделген қазақ әліпбиін көпшілікке таныстыру және насихаттау мақсатында өткен бұл жиынға қалалық және аудандық оқыту орталықтарының директорлары мен әдіскерлері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, тіл жанашырлары қатысты.

Дөңгелек үстел отырысын ашып, жүргізіп отырған облыстық оқу-әдістемелік орталығының директоры Қаратай Төлекеев: «Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында мемлекеттік тілді білу Қазақстанның әрбір азаматының парызы, міндеті деп те айтуға болады» деді. Яғни, қазақ тіліне деген көзқарас осы реттен жаңылмай, парыз деген жалпы ұғымнан міндет деген нақты ұғымға айналуы керек екені баршамыздың көңілімізден шығып отыр. Сонымен қатар, Премьер-Министрдің төрағалығымен өткен ұлттық комиссияның отырысында жаңа әліпбидің мақұлдануы халық арасында қолдау табуда, – деді. Шара барысында облыстық ішкі саясат басқармасының тапсырысы бойынша түсірілген «Тұғыры биік туған тіл» бейнеролигі көрсетіліп, қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру еліміз үшін маңызды екенін айтқан басқарма басшысы Алтынай Әміренова тіл саласының мамандарын осы іске белсене атсалысуға шақырды.
Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің аға оқытушысы, филология ғылымының магистрі Лайс Мусин отандастарымыздың көбінде латын графикасына көшкенде «қазақша білмей қаламын» деген қорқыныш барын, олардың бұлай алаңдауына еш негіз жоқ екенін айтты. «Кішкентай бала да әріп танымай, ана тілінде сөйлейді. Бізді тілден ешкім айырып жатқан жоқ. Жазу дегеніміз бар тілді бекіту ғана», – деген Лайс Қапезұлы латын графикасын насихаттау кезінде осындай мәселелердің басын ашып алу керек екенін жеткізді.
–Бүгінгі күрделі мәселенің бірі – санамызда қалыптасып қалған дағдыдан айырылғымыз келмейді. Латын графикасына көшу туралы мәселе сонау 90-ыншы жылдары басталған болатын. Одан кейін 2012 жылы Елбасымыздың «Қазақстан – 2050» бағдарламасында айтылды. 2017 жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасында 2025 жылға дейін латын графикасына көшу міндеті қойылды. Осы ретте, тіл мәселесінің «Рухани жаңғыруға» енгізілуінің өзіндік мәні бар. Өйткені, бұл қазақтың жаңғыруы. Әлемге тарыдай шашылған ұлтымыздың басын қосу үшін осындай қадам қажет. Латын графикасына көшу шетте жүрген, кирилл таңбасын білмейтін қандастарымызға өздерінің тарихи Отанымен қарым-қатынас жасауға зор мүмкіндік, – деді Лайс Қапезұлы.
Ал, облыстық оқу-әдістемелік орталығының әдіскері Әсемгүл Қалымтайқызы «Латын негізді әліпби – рухани жаңғырудың бастауы» тақырыбында баяндама жасап, 2021 жылдың қаңтар айында қазақ тілін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссияның отырысында таныстырылған латын әліпбиінің соңғы нұсқасы жайлы кеңінен тоқталып өтті. Жетілдірілген әліпби нұсқасы қазақ тілінің дамуына жаңа серпін беріп, заманауи үрдістерге сай жаңғыруға ықпал ететіні және алдағы уақытта қазақ тілі латын графикалы әліпбиге кезең-кезеңімен көшіру бағытында қарқынды жұмыс жүргізу жос-
парланып отырғанын айтқан Үкімет басшысы халықтың арасында кең ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырған болатын. Жаңа әліпбиге кезең-кезеңімен көшу 2023-2031 жылдар аралығында жоспарланып отыр. Осы бағыттағы жұмыстар жалғасын тауып, латын графикасы негізіндегі әліпбиге көшуді түсіндіру, насихаттау, көпшілікке танымал ету бойынша жұмыстар тілдерді оқыту орталықтарында жүргізіліп жатыр. «Тіл әлемі», «Qazlatyn» сайттарындағы жаңалықтар мен жобалар әрдайым назарда ұсталып, әлеуметтік желілерде жарияланып тұрады.
–Латын графикалы қазақ әліпбиінің жетілдірілген нұсқасы 2021 жылдың 28 қаңтарында Ұлттық комиссияның мақұлдауынан өтіп, көпшілікке әліпбидің жаңа 4-нұсқасы ұсынылды. Бұл нұсқа да ірі лингвист тілтанушы ғалымдардың ой елегінен, ғылыми негіздемелерінен және тіл жанашырларының бірнеше рет талқылауларынан өтіп барып жүйеленді. Тілшілер тарапынан үлкен жұмыстар атқарылды. Осыған дейін ұсынылған әліпби жобалары да көпшілік қауымның басты назарында болып, сынамалардан өткізіліп, артық-кем тұстары айтылған еді. Латын графикасына негізделген қазақ әліпбиінің алғашқы әзірленген нұсқасы тіліміздің үндестік заңына қайшы келгендіктен, қолдау таппады. Екіншісінде апострофтармен берілгендіктен, қолайсыздық туғызып, қосымша таңбалар көбейіп кетті. Ол да тілдің үнемдеу заңдылығына қарсы болды. Яғни, төл дауысты дыбыстардың әріп қосындыларымен берілгендігі қолайсыздық туғызды. Тіл мамандарының ұзақ та тыңғылықты талқылауынан, сараптауынан өткен соң, диграфтар, акут диакритикалық ноқаттар әліпби құрамынан алынып тасталды да, оның орнына 4 түрлі диакритикалық белгілер: умляут, бревис, макрон және седиль таңдап алынған. Алдыңғы әліпби жобалары мен Ұлттық комиссия мақұлдауынан өткен қазіргі әліпбидің басты айырмашылығы осы, – деді Әсемгүл Қарсабаева.
Айта кетейік, жетілдірілген әліпбиде барлығы 31 әріп бар. Әліпби тек латын әліпбиі базалық жүйесі таңбаларынан құралған. Бұл әліпбиде қазақ тілінің 28 дыбысы толық қамтылған. Дөңгелек үстел отырысында жаңа әліпбиді кеңінен талқылаған тіл мамандары латын әліпбиіне көшу ұлтымыз үшін жасалған маңызды қадамдардың бірі, латын әліпбиіне өту арқылы қазақ халқының дыбыстық ерекшелігін, яғни, төл сөйлеу мәнерімізді қайтарып, мемлекеттік тілімізді, ұлттық тілімізді сақтап қаламыз, жаңа әліпби тіліміздің ұлттық құндылығын арттырады деген ой түйді.
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар