Құрылысқа ұлттық нақыш қажет

немесе Наурыз мейрамымен өзектес ой

Өңірімізге қарасты өзге аудандарды айтпағанда, облыс орталығы Көкшетау қаласы жыл санап жасанып, жайнап келеді. Көптеген жаңа құрылыс нысандары бірінен соң бірі көз ілеспес жылдамдықпен салынып жатыр. Санаулы уақыт ішінде «Сарыарқа» деп аталатын жаңа мөлтек ауданы да бой көтерді. Бұл жерде күн санап, жаңа нысандар пайдалануға беріліп жатыр. Көз қуанады, көңіл марқаяды дейді осындайда.

Алайда, салынып жатқан сол нысандардың бірінде ұлттық нақыштар неге жоқ? Қазақстандық сәулетшілердің қолтаңбасы айқындалып тұратындай ұлттық реңк, ұлттық бояу көрініп тұруы тиіс емес пе?
Жалпы кез-келген елге саяхаттап бара қалсаңыз, сол ұлттың тарихынан, мәдениетінен, рухани құндылығынан хабардар беретін сол елде бой көтерген тарихы нысандар мен ғимараттар емес пе? Сол себепті де, бұл мәселеге жүрдім-бардым қарауға болмайды. Өйткені, ұлт тарихи – ұрпақ болашағы. Бір ғана мысал, Германияның Берлин қаласында түріктер көп шоғырланған Кройцберг деген аудан бар. Сол жерде қандай да бір құрылыс нысаны бой көтеретін болса, онда алдымен жергілікті билік халықпен кездесіп, өзара ақылдасқаннан соң ғана құрылысты бастайды екен. Әлеуметтік нысандар болсын, тіпті ойын алаңын салса да халықтың пікірі ескеріледі екен. Бұл түріктердің сол мемлекеттің жергілікті тұрғыны емес екендігі бола тұра, осындай қағидат қалыптасқан. Ал, біздегі құрылыс нысандарының сипаты қандай? Жоғарыда өзіміз тілге тиек еткен «Сарыарқа» мөлтек ауданын мысал ретінде алып қарастырайық.
– Соңғы жылдары бой көтерген үйлердің барлығы бір типті. Қызыл кірпіштен салынып, бір-бірінен егіз қозыдай аумай қалған тұрғын үйлер көп мұнда. Әйтеуір қанағатшыл халықпыз ғой. Бір жылдары мүлдем тұрғын үй салынбай баспана азабын тартып едік. Бүгінде қандай болса да өзіміздікі деген баспанаға қол жеткізгенімізге разымыз. Бұл жерде тұратын халықтың басым көпшілігі әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар. Былайша айтқанда мен сияқты баспанаға зар болған жандар. Расында да, құрылыс компаниялары үйді салған кезде ұлттық нақышты келтіре отырып, оюмен көмкеріп, әдемі қылып салса нұр үстіне нұр болар еді. Немерелерімізді жетелеп, серуендеп жүргенде олардың көзі осы көрініске үйреніп, өнеге алар ма еді? – дейді көп балалы әке, «Сарыарқа» мөлтек ауданының тұрғыны Елебек Шәменұлы.
Біз осы мәселенің анық-қанығын білмекке құрылыс бөліміне де хабарласып көрдік. Олардың айтуынша, қандай да бір сәулет нысанына тапсырыс берген мекеме басшылығы өз эскизін жасайды. Олар тек оны бекітер алдында ғана көреді екен. Жобаны бекітер алдында ұлттық нақышқа үлкен мән берген емеспіз дейді өздері.
Көп мәселе сол мән бермеуден туындайтын сияқты. Жасырары жоқ, қазіргі көп ғимараттардың сыртқы архитектурасы еуропалық стильге негізделіп, ішкі құрылымы шығыстың мәдениетінен сипат алғандай. Солардың бірі таяуда пайдалануға берілген «Болашақ» сарайы. Белгілі ақын Шәкәрім Құдайбердиевтің өлеңіндегідей «Біздер де мынадай бар, мынадай бар» деп мақтанатындай нысан бұл.
Жалпы болашақта сіз Көкшетауда қандай болады деп елестетесіз? Біз осы орайда жастарды да сөзге тартып көрдік. Солардың бірі Көкшетау қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 9-сынып оқушысы Мират Жұмағұл. Бізді таңқалдырғаны ол болашақтағы Көкшетаудың макетін өз қолымен жасап шығарған. Таяу-
да, өнертапқыш тың туындысын жас тарихшылардың «Менің кіші Отаным» атты республикалық интеллектуалдық конкурсына да ұсынып, қанжығасын майлап қайтты. Аталмыш байқауды «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын іске асыру аясында ұйымдастырған.
– Жобаның мақсатына сай қатысушылар өздерінің кіші Отандарындағы белгілі бір мәселені шешуге жоспар құрып, макетін жасау керек болатын. Мен байқауға қатысар кезде қаланы аралап, оның сәулет құрылысына зер салып, ойша зерделеп көрдім. Байқауымша, Көкшетауда ұлттық нақышқа аз көңіл бөлінген. Мәселенің шешу жолдарын іздестіру барысында көптеген ойлар туындады. Біз ұлттық стильде нақышталған балалар алаңының макетін жасауды ұйғардық. Өйткені, ұлттық стильді, ойындарды балалар жастайынан біліп өсу керек деп ойлаймыз. Макетті жасауға екі апта уақытымыз кетті. Маған мектебіміздің тарих және география пәндерінің мұғалімдері Зәуре Қалиева, Гүлжан Жаниенова және Амангелді Қалымтаев көмектесті, – дейді Мират.
Оқушының айтуынша, ұлттық нақыштағы ойын алаңдары қаланың әр ауласында болуы тиіс. Айта кетуіміз керек, байқау нәтижесі бойынша Мират екінші дәрежелі дипломмен марапатталып, бағалы сыйлыққа ие болды. Мінекей, қазіргі жастардың түсінік-пайымы осындай. Олар қазірдің өзінде болашақ қамы үшін аянбай еңбек етуде. Өз ұлтының мүддесін жоғары қойған Мираттай болашақ архитекторлар қатары көп болса екен дейміз біз де.
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар