Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Әз-Наурыз – жыл басы, Қыдыр бабам қолдашы! - АРҚА АЖАРЫ

Әз-Наурыз – жыл басы, Қыдыр бабам қолдашы!

Бүкіләлемдік пандемия өткен жылдағыдай биыл да Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамының елімізде кеңінен аталып өтуіне өз кері әсерін тигізсе де, әрқашан ынтымақ-бірлігі жарасқан ақмолалықтар биылғы жыл басын шат көңіл, ізгі тілектерімен қарсы алып, осы бір жалпыхалықтық мерекеде бұрынғы көтеріңкі көңіл-күй, бір-біріне деген ыстық ықыластан танбады. Ұлыстың ұлы күні қарсаңында облыс әкімі Ермек Маржықпаевтың қатысуымен өткен әсерлі шаралар мейрам күндері де өз жалғасын тауып, облыс орталығы Көкшетау қаласы мен аудандарда әртүрлі мереке реңкімен халық Ұлыстың ұлы күнінің бар мазмұндық сипаты мен маңызын жете сезіне түсті. Көңіл біткенді жадыратып келген биылғы Жыл басы да өңірлерде жаңа тұрғын үйлердің пайдалануға берілуімен, елімізді мекендеген сан ұлттар мен ұлыстардың ауызбірлігінің беріктігімен ерекшеленді. Соның айқын көрінісін тілшілеріміздің төмендегі Наурыз күндеріндегі мерекелік хабарларынан да жақсы аңғаруға болады.

Көкшетау қаласында Ұлыстың ұлы күні құрметіне ұлттық тағамдарды дайындаудан байқау өтті. Қазақ ұлттық тағамдары көнеден келе жатқан салт-дәстүрлердің бірі.

Солардың ішінде ең бір қадірлісі – Ұлыстың ұлы күні Әз Наурыз мерекесіне дайындалатын наурыз көже тағамы. Наурыз-көже – халықтың ұлттық тағамы болып саналады. Келер жылғы молшылықтың жоралғысы ретінде наурыз тойында әрбір шаңырақта міндетті түрде әзірленген. Халықтық дәстүр бойынша оған бидай, тары, сүр ет, бұршақ, сүт, су, тұз сияқты кем дегенде жеті түрлі азықтық заттар міндетті түрде қосылуы тиіс.
Ертеден дайындалып келе жатқан тағамның қазіргі таңда көпшілігі, әсіресе, жас буын қатары қалай әзірлеу керек екенін ұмыта бастаған тәрізді. Сол себептен, жастарға ұлттық тағамдар, оның пайдасы, қасиеті туралы түсінік беру, ұлттық тағамдарды қалай дайындау, дұрыс пайдалана білуге дағдыландыру және салауатты өмір салтына тәрбиелеу, өз ұлтының тағамдарын қадірлеуге үйрету мақсатында Ақмола облысы жастар-ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Ұлттық тағамдар» атты онлайн байқауы 18 бен 29 жас аралығындағы қыз-келіншектер арасында өткізілді. Байқауға қатысу үшін ең алғашқы болып өтінім тастаған 2 үміткер қатыса алатыны жайлы ескертілген болатын.
Олардың бірі Көкшетау қаласының тұрғындары Малика Қазақстан болса, енді бірі Айша Алпысбай. Байқау қаладағы «Family» дүкенінде өтті. Бақ сынасқан қатысушыларға арнайы төрешілік еткен фуд блогер Ринат Ысқақов ең дәмді әзірлеген қатысушыны таңдаған болатын.
Байқау соңында екі үміткерге тиесілі тең дәрежелі баға қойылып, дипломдар және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Болашақ жас ұрпақтарды тәрбиелеуде ұлттық рух, тәлім-тәрбиені дәріптейтін салт-дәстүрлерді жаңғыртып, бойларына әдет-ғұрыптарды сіңіру мақсатында қазақтың ұлттық тағамдарын насихаттауда өткізілетін осындай іс-шаралардың маңыздылығы өте зор. Ендігі бір ой, оларды тек Наурыз мейрамы сияқты ұлттық мерекелерде ғана емес, жыл бойына да тұрақты өткізіп отырсақ, әлі де болса атадан ұрпаққа мирас болып келе жатқан салт-дәстүрлерімізді, ұлттық тағам түрлерін жан-жақты жете біле бермейтін жастарымыз көп нәрсені үйренер еді.

«Достар» мәдениет сарайында ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында және «Наурыз шуағы» тұжырымдамасына сәйкес «Жақсы келін – ырысың» атты облыстық келіндер байқауы болып өтті.

Облыстық мәдениет, архивтер мен құжаттамалар басқармасының қолдауымен облыстық халық шығармашылық және мәдени демалыс орталығы ұйымдастырған байқаудың мақсаты – жастарды еңбексүйгіштікке баулу, қонақжайлылыққа бейімдеу және қыз бала тәрбиесіндегі отбасылық құндылықтарды насихаттау, қазіргі қоғамда әйелге ана мен отбасының қамқоршысы ретінде құрметпен қарау сезімін қалыптастыру болып табылады.
Байқауға облыстың 5 ауданы мен Көкшетау, Степногорск қалаларынан ниет білдірген үміткерлер қатысты. Қатысушылар өздерінің өнерін көрсетіп, салт-дәстүр мен халық ауыз әдебиетінен білімдерін ортаға салды.
Байқаудың «Қазақтың келіндері-ай!» атты алғашқы кезеңінде қатысушылар ұлттық киімде шығып, өздері мен өз отбасылары туралы айтып, таныстырды. «Жақсы әйел – үй дәулеті» атты екінші кезеңде салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарға қатысты сұрақтарға жауап берді. Сонымен бірге, «Бесбармақ» пісіру кезеңінде ұлттық тағамға қамыр жайып, шай құю рәсімін көрсетті. Келіндер «Әйел – үйдің қазығы» атты үй тапсырмасына асқан жауапкершілікпен қарап, бейнероликтер дайындаған. Бұл орайда, олар «Қарын бүрме», «Жау жүрек» ұлттық тағамдарын дайындап, көрпе тігу және бисермен тоқу шеберліктерін ортаға салды. «Өнерлінің өрісі кең» шығармашылық кезеңінде үміткерлер әуелете ән салып, мың бұрала би биледі, қобызда ойнап, қазылар алқасын өнерлерімен тәнті етті.
Қазылар алқасының бірауыздан қабылдаған шешімімен әр кезеңде өрелі өнер көрсеткен зеренділік Ақжарқын Сағындықова Бас жүлдені жеңіп алды. Сонымен қатар, байқауда «Сымбатты келін», «Өнерлі келін», «Шебер келін» аталымдары бойынша жүлдегерлер анықталды.

Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы қарсаңында Ақмола облыстық орыс драма театрының ұжымы ғимарат алдына арнайы алтыбақан орнатып, «Алтыбақан – достық ойын-сауығы» атты театрландырылған көріністі қала тұрғындарының назарына ұсынды.

Күн мен түннің теңелетін 22 наурыз – Ұлыстың ұлы күні қазақстандықтар үшін рухани тазару мен қоғамдағы бейбітшілік пен келісімнің нығаюына ықпал ететін табиғаттың жаңаруының символы.
Бұл – Қазақстанда тұратын 120 ұлт пен ұлыс өкілдерінің бәріне ортақ ұлы мейрам.
Ел аумағында тұратын халықтардың достығы мен бауырластығын нығайту, оларды қазақ халқының байырғы дәстүрлері мен мәдениетіне баулу мақсатындағы театрландырылған қойылым барысында шашу шашылып, түрлі этнос өкілдерінің қатысуымен қазақ ұлттық ойындары көрініс тауып, би эскиздері мен флеш-моб өткізілді.
Көріністің соңы алтыбақан маңына жиналған жастардың күміс күлкісі мен қазақтың ұлттық тағамы бауырсақтан дәм тату рәсіміне ұласты.

Облыс орталығында Наурыз мейрамына орай, тұңғыш рет «Ұлттық ертегілер керуені» street fest ұйымдастырылды.

«Тәуелсіздік» алаңынан бастау алған ұлттық ертегілер кейіпкерлерінің көлік керуені қаланың шеткі аудандарында болды.
– Қазақ ауыз әдебиетінің сонау дәуірден келе жатқан рухани қазынасының бірі – ертегі. Халқымыздың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы халық ертегілерінде көрініс табады. Ертегімен балаға тәрбие беріп, салт-дәстүрін сол қалпында сақтап қалған. «Ұлттық ертегілер керуені» street fest ұйымдастырудағы мақсат – ертегілердің халық ауыз әдебиетінде ең маңызды орын алатын рухани қазынасы екенін насихаттау, – дейді шараны ұйымдастырушы Ақмола облысының мәдениет, архивтер және құжаттамалар басқармасының қызметкерлері.
Шара барысында Қаңбақ шал, Жалмауыз кемпір, Ертөстік және Алпамыс тәрізді ертегі кейіпкерлері көкшетаулықтар мен қала қонақтарын Наурыз мейрамымен құттықтап, мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Зеренді ауданындағы «Aurora Garden» отбасылық демалыс орталығында қоғамдық тамақтану кәсіпкерлері арасында «Наурыз көже – ұлыс дәмі» ұлттық тағамдар байқауы ұйымдастырылып, үздіктері марапатталды.

Байқауда жергілікті қоғамдық тамақтану орындары өздері жасаған ұлттық тағамдарын ұсынды. Қатысушылар өздері әзірлеген түрлі ұлттық тағамдардың дәмін татып көрді.
Байқау қорытындысы бойынша алғашқы үш орынды «Керемет» дәмханасы («К.С.Ескендіров» жеке кәсіпкерлігі) мен «Aurora Garden» отбасылық демалыс орталығы (Шораева Замира Өмірбекқызы) және «Садықов» жеке кәсіпкерлігі өзара бөлісті.
Ал, қалған қатысушылар – «Секенов» жеке кәсіпкерлігі, «Тамаша» дәмханасы («Мұханжаров» жеке кәсіпкерлігі) және «Синильга» мейрамханасы (Н.В.Сусина) байқауға қатысқаны үшін ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды.

Ұлыстың ұлы мейрамы – Наурыз мерекесі қарсаңында А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университеті студенттердің қатысуымен «Наурыз мейірімі», «Қарлы десант», «Бауырсақ пати», «Мен қазақша сөйлеймін» атты іс-шараларын ұйымдастырды.

Наурыз ежелден игі істердің, жақсылықтың, тіршіліктің бас-тауы. Осынау Ұлыстың ұлы күні қарсаңында білім ордасының студенттері университет аллеясында қолға алынған игілікті акциялар аясында қар тазалап, демалуға арналған орындықтардың маңайын ретке келтірді. Қыздар қазақтың ұлттық киімдерін киіп алып, аллеяда жүрген қала тұрғындарын Әз-Наурыз мерекесімен құттықтап, ыстық бауырсақтар таратты.
Аллеяға жиналған үлкендер жастарға өздерінің ағалық, аналық ақ баталарын беріп, жақсылықтар тіледі. Осы орайда, еңбек ардагері, «Nur Otan» партиясының мүшесі К.Бостанбаев, зейнеткер С.Аутаева А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің ректоратына, игілікті іс-шараны ұйымдастырушыларға алғыстарын білдіріп, жастарды «бұлақ көрсең көзін аш» демекші, игі жақсы істерге, ұлттық тәрбиеге баулып жатқандары үшін ризашылықтарын жеткізді. Білім ордасының екінші курс студенті, университеттің жастар ісі жөніндегі комитетінің төрағасы Мәди Сейітқали жиналған қауымға өздері ұйымдастырған қайырымдылық акциялары мен мерекеге дайындық шаралары аясында атқарған жұмыстары туралы айтып берді.
Сонымен бірге, білім ордасынан өзге ұлт өкілдерінен болған студенттері «Мен қазақша сөйлеймін» атты челленжге қатысты.

Атбасар ауданында түзеу колониясында жазасын өтеп жатқан жастарға наурыз көже мен бауырсақ пісіріліп, мерекелік дастархан жайылды.

Ақмола облысы қылмыстық атқару жүйесі департаментінің мәліметінше, болашақ аспаз студенттер кезінде ойнақтап жүріп от басқан қателіктері үшін қазір жазасын түзету колониясында өтеуде. Олар барынша қауіпсіздікпен қамтамасыз етілген қылмыстық атқару жүйесінің ЕЦ166/4 түзету мекемесінің жанындағы кәсіби колледжде білім алуда.
– Қазақ халқы ежелден өзінің қонақжайлығымен танымал. Наурыз мейрамына орай мерекелік дастархан ұлттық тағамдарға толы болды. Өндірістік оқыту шебері Светлана Маметбақованың басшылығымен «қылмыскер-студенттер» ет асып, тәтті чак-чак, бауырсақ және жент тәрізді тағамдарды әзірледі, – дейді ведомствоның баспасөз хатшысы Ирина Горнова.Жазасын өтеуші студенттер мен колледж ұжымы барша қазақстандықтарды алдағы Наурыз мейрамымен құттықтап, денсаулық және молшылық тіледі.

Асылай Қадырқызы, Аслан Оспанов, Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ, Ырысалды ШАМШИЕВА,
«Арқа ажарының» өз тілшілері.
Суреттерді түсіргендер Советбек МАҒЗҰМОВ, Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар