Ерейменде Ажы деген ауыл бар

Ерейментау өңіріндегі осы бір шағын ауылдың өткеніне көз жүгіртсек, ауылдың атының өзі, тарихтың беймәлім тұстарынан сыр шерткендей. Иә, бұлай аталуының өзіндік сыры бар деп ойлаймын. Аже (ажо, ажы) ертедегі қырғыз әміршісінің атағы деген дерек Шоқан Уәлихановтың таңдамалы шығармасында кездеседі.

Кітаптың 130-бетінің аяқ жағындағы жазбаға назар аударыңыз. Ажы өңіріне елдің қоныстануы архив құжаттарында 1858 жылдардан деп көрсетілгенімен, Ажы өңірінің тарихы әріден басталады және бұл елді мекенде арғындардың ізі қалған. Осы елге қазақтармен бірге қырғыз Асан мен Үсен әулеттерінің және қалмақтардың да қоныс тепкені жайлы айта кеткім келеді. Қалмақтар ат байласа тұрғысыз жер екен деп үдере көшкенде, жай кетпей, қырғыздарды қойдай қырып, тонап, малдарын барымталап қашқан екен. Ажы өңірі сырға толы. Мұндағы қанды қырғын туралы Бекшеұлы Нұрмағамбет атамыздың өлеңінде толық айтылады, бұл оқиға жайлы көптің бейхабар екені рас.
ХVII ғасырдың орта кезінде орын алған осы оқиғаға келсек, Бекшеұлы Нұрмағамбет ақынның өлеңінде толықтай айтылады. Сол өлеңде суреттелген. Ажы ауылы сол заманда көп атадан тұратын арғындардың мекені еді. Бұл шежірені атам Мақым Аманжолұлы мен әкем Ақаннан көп естідім. Біздер арғын ішінде қозған руынан тарайтынымызды, арғы атамыз Бекше атамыздың да осы Ажыда туып-өскенін айта кетсем артық болмас. Бекше батыр жайлы көп деректердің жоғын да көріп жүрмін, атамыздың мергендігі жайлы ғана жазылғандар болмаса, көп ештеңе жазылмаған.
Бекше атамыз жайлы бір оқиғаға тоқтала кетсем деймін, Бекше атамыз бір түмен әскерімен Тәуке ханды атамын деп қуған екен. Тәуке хан, Бекше атамыздың өтетін жолынан тоғыз жерден ет асқызып, бой тасаласа керек, осы ет қол байлау болды, Тәукені атпаған, бірақ, қозғандар, қоңыраттарды біраз тықсырған көрінеді деп атам Мақым айтып отырушы еді. Бекше батыр атамыз туралы басқа да нақты мәліметтерді білемін десем қателеспеймін. Артында қалған ұрпақтары біз, шындықты айтпасақ болмас. Аталарымыздың өткен өмірі мен ел ішіндегі, көптің біле бермейтін біраз шежіре жазып жүргендер, бірі Бекше атамызды Жайлаубайдың ұлы десе, бірі Шәшкенің ұлы дейді. Донтабай, Итбай деген балалары деп қателескендерге де айтарым бар. Бұл қателікті түзететін уақыт жетті. Батыр ортақ, би ортақ, дегенмен, шындық керек, шындық қашанда ащы болады. Осы мол мұраны жазып қалдырып кеткен Нұрмағамбет Бекшеұлы ақын 30-дан жаңа асқан кезінде мерт болды. Ақиық ақын жайлы көптің біле бермейтіні де рас. Бұл жырлар жарық көрсе, көптеген сыр ашылар еді. Нұрмағамбет атамыздың жырлары қазақ тарихындағы елеулі оқиғаларды суреттейді. Әмір Темір мен Баязит сұлтан жорығы жайлы жыры да сақталған. Бұл жыр «Игорь жасағы туралы» жырмен қоса айтылып та, жазылып та жүр. Бірақ, толық нұсқасы болмағандықтан, түсінбеушілік туындаған. Мен де Ажы ауылының тумасымын, бала жасымнан атам айтқан аңыз бен әулет жайлы сырға да, жырға да қанықпын. Тарихшыларымыз бен әдебиетшілеріміз қызығушылық танытса бар білгеніммен бөлісетінім ем анық.

Айман МАХАМБЕТОВА.
Нұр-Сұлтан қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар