Әкім болудың жүгі ауыр

Мемлекеттік қызметте отыз жылдан астам еңбек еттім. Жергілікті әкімшіліктің үш сатысында да қызмет атқардым. Сондағы байқағаным, бұл салаларда еліне, халқына адал қызмет істеп жүргендер көп. Әсіресе аудан, ауыл әкімшіліктерінде халықпен тығыз байланыста болғандықтан, көзбен көріп, қолмен ұстауға келмейтін үлкен көлемде жұмыстар атқарылып жатады.

Ең басты жұмысы – Президенттің ішкі саясатын, үкіметтің шығарып жатқан қаулыларын елге түсіндіру, тыныштықты сақтау. Жетпей жатқан дүниенің бәрін көріп, біліп тұрасың. Ал шешіп тастау қолыңнан келмейді. Қол қысқа, қаржы жоқ. Ұлы ханымыз Абылай хан «дүниеде не қиын» дегенде айтқан екен: «Аз елге басшы, аз тамаққа бақалшы болу қиын екен» деп.
Ел басқару оңай жұмыс емес. Көпшілік ойлайды, басшы болдың ба бәрін жылдам, әрі орнықты, тиянақты етіп тындырып тастауға тиістісің, болмаса бұл лауазымға неге келдің деп. Әл-Фараби бабамыз «Қайырымды қала» еңбегінде адамдар тек бақытты болу үшін өмір сүреді, ал, оны басқаратын адам жаны да, ары да таза, бүкіл адамға деген таза махаббаты, дініне, салт-дәстүріне, ғылым мен білімге деген құрметі, халықтың шын жанашыры болуы керек, деп пайым жасаса, басшы болу деген жайлы орындыққа жайғасу, байлыққа белшеден бату емес, керісінше ел жүгін, халық аманатын, ұлт тағдырын мойныңа алу деген сөз.
Мәселен, аудан көлемінде үлкен жұмыстарға қаражатты облыс, республика бөледі. Ал, оларға әр жобаны дәлелдеу үшін білім, уақыт, көп еңбектену керек. Мысалы, көп дауға айналып жатқан ауылды жерге су тарту үшін ол жерде қанша адам тұрады, қанша мал бар, жекеменшік аулаларда қанша көкөніс өсіріледі, алдағы уақытта олардың саны қаншаға ұлғаяды, оларға қажет су мөлшері қанша болады деген сияқты жайларды анықтау қажет. Сосын қаражат тауып, су көздерін іздеп, оның қорын анықтап, көктемгі, күзгі уақыттарда жер қатпарларындағы қозғалыс кезінде судың қоры азая ма, жоқ па, ол қанша жылға жетеді деген сияқты сауалдар да бар.
Мұның бәрін зерттеуге 2-3 жыл кетеді. Жобалық-сметалық құжаттар дайындап, оны мемлекеттік сараптаудан өткізіп, тиісті құрылымдардан кепілдік алу керек. Осыдан кейін ғана жоғары жақтан қаражат сұрау керек. Осы жұмысты атқарып болғанша, әкім басқа жұмысқа ауысып кетеді де, кейбіреулер ол ауылға су да тартып бермеді деп сөз қылады. Сонымен, әкімге бұл жағдайдың бәрін білмейтін көпшілік әр түрлі баға беріп жатады.
Жергілікті әкімдердің халық арасында беделдерінің түсуіне республика көлеміндегі басшылардың да «үлесі» бар. Өздеріндегі кемшіліктерді түзетудің орнына бар кінәні жергілікті атқару орындарына арта салу үйреншікті әдетке айналған. Мысалы, шағын және орта бизнесті дамыту қажет, бұлардың жалпы ішкі өнімдегі үлесі 60- 70 пайызға барғанда ел экономикасы тұрақты болады. Жиырма жылдан аса уақыт айтып жатырмыз, ал, қолданыстағы заң не талап етеді? Қорадағы малыңды көбейтіп, шағын бизнеспен айналысу үшін ауыл сыртынан қора-қопсы салу керек, оған жерді сатып аласың. Жер комитеті мен гипрозем мекемесіне бірнеше рет барып, құжаттарды қалпына келтіру үшін қанша уақыт, қанша қаражат кетеді. Архитектура жұмыс жобасын талап етеді, оған кем дегенде қанша қаражат керек. Ең қызығы, тұрғын үй салсаң жұмыс жобасы қажет емес, мал қора салсаң керек. Осы шаруалардың бәрін атқарып, толық құжат дайындауға кем дегенде жарты жыл, едәуір қаражат жұмсалады. Бұл біткен соң ол жерді сатып алуың керек, әйтпесе, банкке кепілдікке жарамайды.Сонда мұның қай жері шағын бизнес? Аты ғана. Ал осыдан кейін жайылым жер, малдың қысқы азығын дайындайтын егіндік, шабындық қажет. Жауап; жер жоқ, бәрі беріліп қойылған. Ал, енді осыны халыққа түсіндіріп көр. Статистиканың мәліметі бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерінің 80 пайызынан астамын жеке шаруашылық береді. Ал, оларға не несие, не субсидия жоқ. Екінші деңгейдегі банктердің кредиттерінің 4 пайызы ғана ауыл шаруашылығына беріледі, оның өзі ірі компаниялардың еншісінде.
Ауылды жердің басты мәселелерінің біреуі – автомобиль жолы. Бұл үшін ең қажеті – жергілікті қиыршық тас. Соны өз жерінен алуға мүмкіншілік жоқ, себебі, заң бойынша жер асты байлықтары облыстық мекемелер құзырында. Жеке меншікке әперемін десең коррупцияға ілінесің, ал, әкімшілік тарапына алуға болмайды. Осындай көп қайшылықтардың салдарынан ауылды жерге әкім болуға көп азаматтар құлықты емес, алдағы уақытта аудан көлемінде де осындай жағдай қалыптасуы мүмкін.
Осылардың бәрін ескере келе, жергілікті әкімшіліктердің мәртебесін көтеру қажет. Ауылдағы мамандардың жалақысы төмен, жыл соңындағы марапаттар кезінде бұл саланың қызметкерлері елеусіз қалады. Менің ұсынысым, кемінде үш ауданды басқарып, экономикасын көтеріп, шағын кәсіпорындарын дамытып, коррупцияға ұшырамаған адам орден емес, одан да зор марапатқа лайықты дер едім. Себебі, осындай жауапкершілігі мол, машақаты ауыр қызметті көп жылдар атқару екінің бірінің қолынан келмейді.
Ауылдық округ әкімі өмірден алған тәжірибесі мол, жан-жақты білімі бар азамат болуға тиіс деген пікірдемін. Арызданып келушілердің мәселесін өз өкілеттігі бойынша түбегейлі қанағаттандырып, ал, аудандардың құзырлы мекемелері көлемінде шешілетін болса тиянақты түсіндіріп, қолданыстағы заң аясында көмек көрсетуге қабілетті болуы керек. Кей уақыттарда ауыл әкімі лауазымына жұмысты үйренсін деп дайындығы жоқ жастарды тағайындай салады.
Келесі мәселе мамандардың білімін жетілдіру курстары туралы. Ол жерде көбінесе жұмыс аясындағы тәжірибе, қолданыстағы заңдар туралы мамандар дәріс оқиды, тәжірибе жүргізеді. Бұл дұрыс. Сонымен қатар ел тарихы, мәдени өмір, ұлттық дәстүр, салт-санамыз жайлы да курстар қажет, себебі, олар болашақ әкімдер. Ал әкімдерге жан-жақты білімді болу үшін қатаң талаптар қою қажет.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда облыс әкім­дерімен өткен кеңесте әкімдерге халыққа жақын болуды, жұртты мазалаған мәселеге жедел жауап қайыруды тапсырды. Халықтың сұранысына жедел үн қатып, мәселені шұғыл шешуге ұмтылыс жасау маңызды екенін ескертті. Әкімдерге халықпен қарым-қатынастың жаңа форматына көшуді, ашық және шұғыл әрекет ету қажеттігін ескертті. Бұл міндет ауылдардан бастап облысқа дейінгі барлық деңгейдегі әкімдерге қатысты. Олардың халықпен тікелей қарым-қатынаста болуы, жағдайды толыққанды білуі, мәселені жедел шешуі күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің бірі болып табылады.
Осыған орай, бұл мақалаға мемлекеттік қызмет саласындағы лауазым иелері үн қосып, өз пікірлерін ортаға салса деген ниеттемін.
Өмірсерік ЕРЖАНОВ,
мемлекеттік қызметтің ардагері, зейнеткер.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар