Дамуымыздың бір жолы – ата кәсіп

Тоқсаныншы жылдардың тоқырау кезеңі әсіресе, ауыл шаруашылығы саласына ауыр тиді. Аласапыран уақытта жаппай жекешелендіру басталып, колхоздар мен совхоздар түгел тарады.

Осының салдарынан өңірдегі мал басы едәуір азайып кетті. Мал шаруашылығы саласында осы 30 жылда қандай жұмыстар атқарылды? 1991 жылы облыста 389 мың бас ірі қара, 500 мың қой-ешкі және 1 миллион 799 мың құс болды. Тәуелсіздік алып, егеменді ел атанғаннан кейін мал шаруашылығын дамыту қайта қолға алына бастады.
Мысалы, бүгінгі таңда облыс бойынша ірі қара саны 227 мыңды құраса, қой-ешкі 539 мыңға, құс 9 миллионға жетіп отыр. Бұдан әрине, осы уақыт ішінде кей түлік саны едәуір кемігені байқалады. Дегенмен, қой-ешкі, құс саны өсіп отыр.
–Сонау тәуелсіздік алғаннан бері есептегенде бүгінгі күні облыс бюджетіне 200 миллиард теңгеден астам пайда түсірдік. Бүгінгі таңда аймақта 56 тауарлы-сүт фермасы бар. 30 жылда мал шаруашылығы өнімдерінің кейбірінде төмен көрсеткіштер болды. Әсіресе, қой шаруашылығы 2003 жылға дейін онша дами қойған жоқ. Содан кейінгі жылдары қарқын ала бастады. Ал, қазір жеке шаруашылықтардың көбеюінен, экономикада біршама өзгерістер бар. Аталмыш саланың әлеуеті жыл сайын 3-5 пайызға артып келеді,–дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Қасым Итқұсов.
Қазіргі уақытта мал шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласында жоспарланған және іске асырылып жатқан инвестициялық жобалардың көлемі 717 миллиард теңгеден асады.
–30 жылда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен шаруаларға мал басын арттыру мақсатында түрлі бағдарламалар ұсынылды. Оның ішінде ең атап өтерлігі – «Сыбаға», «Құлан» бағдарламалары. Жалпы капиталға түскен қаржы көлемі 1991 жылы 3,7 миллион теңге болса, 2020 жылы оның көлемі 426 миллиард теңгеге жетті,–дейді облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бөлім басшысы Нұргүл Хайдар.
Ұлт көсемі, Алашорда жетекшісі Әлихан Бөкейхан қазақ жұрты мал бағуға жалпы шебер, мал бағуға жұрт шебер болған соң, осы малды қазақ айналдырғаны жөн деп 100 жыл бұрын жазған екен. Ендігі мемлекеттің алға қойған міндеті – мал басының азаюына жол бермей, қайта, төрт түлікті көбейту.
Ол үшін әрине, осы жолда жұмыла еңбек ету, халқымыздың ежелден малсақ ел екенін,несібі мен кәсібін содан тапқанын ұмытпай, мал шарушылығымен түбегейлі айналысу қажет. Сонда ғана бұрынғы Кеңес одағы кезіндегі мал санына қол жеткізіп, одан да асып түсіп, осы саланы шын мәнісінде ұлттық экономиканың бір тегеурінді саласына айналдыра аламыз.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар