Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары, Жер реформасы жөніндегі комиссияның төрағасы Ералы Тоғжановтың төрағалығымен Ауыл шаруашылығы министрлігінде Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша құрылған Жер реформасы жөніндегі комиссияның бірінші отырысы өтті.
Карантиндік шараларға байланысты комиссия отырысы интернет арқылы және телеарнадан көрсетілді. Санитарлық талаптарға байланыс-ты іс-шараға тек комиссия мүшелері қатысты. Олардың қатарында Агробизнестің, фермерлер қауымдастықтары мен бірлестіктерінің, «Атамекен» ҰКП-ның өкілдері, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, Агроөнеркәсіп кешені мәселелеріне жетекшілік ететін өңір әкімдерінің орынбасарлары, сондай-ақ, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелері, қоғам қайраткерлері, саясаттанушылар, журналистер мен блогерлер қатысты. Мәжіліс залына 30 адам жиналды. Комиссияның басқа 44 мүшесі бейнеконференция арқылы қатысты.
Карантиндік шектеулерге қарамастан, қатысушылардың барлығына сөз берілді. Ұйымдастырушылар комиссия жұмысының барынша ашық өтуін қамтамасыз етті. Жер реформасы мәселесіне бейжай қарамайтын барлық қазақстандықтарға Қазақстан Респуб-ликасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми сайты мен фейсбук парақшасы арқылы онлайн-трансляцияға қосылып, комиссия отырысын көруге мүмкіндік жасалды. Сонымен қатар, республикалық «Хабар 24» телеарнасы тікелей эфир ұйымдастырды.
Бірінші отырысты ашқан Ералы Тоғжанов биыл 25 ақпанда Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге және шетелдік компанияларға, азаматтығы жоқ адамдарға, халықаралық ғылыми орталықтарға, сондай-ақ, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың жұбайла-рына беруге толық тыйым салу туралы
түпкілікті саяси шешім қабылдағанын атап өтті.
Жақында тиісті заң қабылданады. Осылайша 2016 жылы мораторий жарияланған ең маңызды мәселе күн тәртібінен алынды.
–Біздің халқымыз үшін жер әрқашан өте маңызды ұғым. Осыған байланысты Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Премьер-Министрдің Өкімімен Жер реформасы жөніндегі екінші комиссия құрылды. Оның мақсаты – жер заңнамасын одан әрі жетілдіру, – деді Ералы Тоғжанов.
Содан кейін Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров сөз алып, мемлекеттік органдардың пайдаланылмайтын және ұтымсыз пайдаланылатын жерлерді анықтау, иеліктен шығару және ауыл шаруашылығы айналымына қайтару саласындағы жұмыс динамикасы туралы айтып берді. 2016 жылғы жер комиссиясының ұсынымдары мен шешімдерінің орындалу нәтижелері туралы хабарлаған министр ауыл шаруашылығы жерлерін беру мен пайдалануды бақылау механизмдерін жетілдіру жөніндегі заң жобаларын ұсынды.
Отырыста комиссияның 13 мүшесі сөз сөйлеп, түрлі мәселелер бойынша пікірлерін білдірді. Мысалы, қоғам қайраткері Мұрат Әбенов пен сенатор Ақылбек Күрішбаев жерді тіпті, Қазақстан азаматтары үшін де сатуға қарсы болса, «Қазақстан фермерлер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті Жигули Дайрабаев жауапкершілікпен қарайтын жер пайдаланушылар үшін жалдау мерзімін ұзарту құқығын беруді ұсынды.
–Бүгінгі таңда елімізде 49 жылға жерді жалға алу құқығы бар. Егер жер пайдаланушы адал еңбек етіп, оны тиімді пайдаланса, онда жерді жалға алу мерзімін ұзарту құқығын қарастыру қажет. Ол үшін Жер кодексіне өзгерістер енгізу керек, деді Ж.Дайрабаев.
Саясаттанушы, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Расул Жұмалы ауыл шаруашылығы жерлерін қазақстандықтарға жеке меншікке беруді ұсынды. Бірақ, белгілі бір шарттар арқылы шектеулі мөлшерде және белгіленген критерийлер бойынша беру керек деді. Заңгер Бақытжан Базарбек комиссия мүшелерінің назарын ауыл шаруашылығы жерлерінің нысаналы мақсатын өзгерту мәселесіне аударды.
–2018 жылы біз Жер кодексіне өзгерістер енгізіп, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің нысаналы мақсатын өзгертуге тыйым салдық. Иә, бұл норма бүгінде қолданыста, бірақ өңірлік деңгейдегі әкімдіктер ауыл шаруашылығы жерлеріне тұрғын үй салуға мүмкіндік берді. Өйткені, фермерлік шаруашылыққа саяжай құрылысы мен бау-бақша салуға тыйым салынбайды. Жергілікті атқарушы органдар осыны пайдаланып, ірі қалалардың маңындағы ауыл шаруашылығы жерлерінің нысаналы мақсатын өзгертеді, – деді ол.
Комиссияның қалған мүшелері алдағы 3 сәуір күні өзге форматта өтетін келесі отырыста өз пікірлерін айта алады. Іс-шараға қатысушылардың ұсынысымен жер реформасының бағыттары бойынша мәселелерді жұмыс топтарында талқылауды жалғастыру туралы шешім қабылданды.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.