Бірлесе күш салып, «қызыл» аймақтан шығуымыз керек

Ақмола облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Айнагүл Мусинаның өңірлік коммуникациялар қызметінде өткізген кезекті брифингінде облыстағы эпидемиологиялық жағдайдың өрши түскені баса айтылды.

Соған орай, Ақмола облысы қайта «қызыл» аймақта тұр. Осы уақытқа дейін облыста зертханалық жолмен расталған 15898 оқиға тіркеліп, олардың 68 пайызында ауру симптомды түрде, ал, қалған 32 пайызында індет белгілерінсіз өрбіген. Өткен тәулікте облыста 101 жағдай анықталды. Өкінішке орай, індет облыс аумағындағы таралу шекарасын кеңейтіп отыр. Көкшетауда 24, Бурабай ауданында 22, Аршалыда 17 жағдай тіркелсе, Степногорск қаласында, Шортанды, Астрахан, Целиноград, Жарқайың, Бұланды, Атбасар, Есіл, Ерейментау, Зеренді, Сандықтау, Ақкөл аудандарында да індет жұқтырушылар көбейген.
– Жыл басынан бері облыста індеттің таралуы үрдісі төмендегенімен, елордаға жақын орналасқан Целиноград, Аршалы, Шортанды, Ақкөл аудандарында науқастар саны үш есеге дейін артқан. Мұның басты себебі, аталмыш аудан тұрғындарының көбі «қызыл» аймақта орналасқан Нұр-Сұлтан қаласында жұмыс істеуімен байланысты, –деді облыстың бас санитарлық дәрігері.
Облыста жүргізілген ішкі эпидемиологиялық бағалау матрицасы бойынша Ақкөл, Астрахан, Аршалы, Бурабай, Жарқайың, Ерейментау, Шортанды, Целиноград аудандары мен Степногорск қаласы «қызыл» аймақта. Ал, «сары» аймаққа Атбасар, Бұланды, Есіл, Зеренді, Жақсы, Сандықтау аудандары мен Көкшетау қаласы еніпті, қалғандары «жасыл» аймақта.
Індет оқушылар арасында да белең алып келе жатыр. Оқу жылының басынан бері облыста 1044 оқушыдан коронавирус зертханалық түрде расталыпты, індетке шалдыққандардың 60 пайызы қашықтықтан білім алушы оқушылар екен. Кеше 11 жағдай тіркелсе, соңғы аптада 53 бала ауырған. Сонымен бірге, жалпы білім беретін мектептерде жұмыс істейтіндер арасында 361 оқиға анықталып отыр, соның ішінде штаттық режимде жұмыс істейтін қызметкерлер онлайн оқытушыларға қарағанда көбірек екен. Мектепке дейінгі ұйымдарда 158 бүлдіршіннен індет анықталған.
Облыста КВИ-ге қарсы 26 екпе пункті жұмыс істеп тұр. 2 сәуірден бастап тағы жылжымалы 2 екпе бригадасы қосылған. Олар ұжымдық ұйымдарға шығып, ондағы қызметкерлерге ерікті түрде екпе егетін болады. Сонымен бірге, Көкшетау қаласындағы «РИО» ойын-сауық сауда орталығында да екпе салу пункті ашылып, осы уақытқа дейін онда 425 адамға екпе салыныпты. Жаңа қаулыға сәйкес сауда орталықтары сенбі, жексенбі күні жұмыстарын тоқтатса, екпе пунктінің іске қосылғанына байланысты «РИО» орталығы бұл күндері жұмысын жалғастыра береді.
Облысқа бүгінге дейін 9900 доза әкелініп, 9684 адам екпенің бірінші компоненті, 4832 адам екінші компонентін алған. Күні кеше облысқа Қарағанды фармацевтикалық комбинаты өндірген «Спутник V» вакцинасының 11 мың дозасы жеткізіліпті. Жалпы, сәуірде Ақмола облысына 50 мың доза бөлінеді деген жоспар бар. Бұдан әрі мониторингтік топтардың жұмысына кеңінен тоқталған бас санитарлық дәрігер халықтың көп шоғырланатын жерлерге бармауын сұрады.
Брифингте белгілі болғанындай, жаңа қаулыға сәйкес банкет залдары мен мәдени нысандардың, театрлар мен кинотеатрлардың, концерт залдарының жұмысы тоқтатылады. Азық-түліктік емес жабық базарлар, ойын-сауық сауда орталықтары, сауда үйлері, сенбі мен жексенбі күндері жұмысын тоқтатады, тек олардың ішіндегі азық-түліктік нысандар және дәріханалар жұмыс істейді. Ал, жұмыс күндері олардың қызметі кешкі 22.00-ге дейін шектеледі. Балалардың ойын алаңдары мен аттракциондардың жұмысы осыған дейінгідей жұмыс істемейді. Фитнес орталықтар, спорттық-сауықтыру нысандары, сауналар, Спа орталықтар мен бассейндердің жұмысы сенбі, жексенбі күндері тоқтатылып, қалған күндері алдын ала жазылу арқылы қызмет көрсетеді. Халыққа қызмет көрсету орталықтары сенбі күнгі жұмысын тоқтатады. Оқушылар төртінші тоқсандағы оқуын осыған дейінгідей, карантин талаптарын сақтай отырып, оқи береді.
– Санаулы күндерден соң, Қасиетті Рамазан айы басталады. Осы орайда, облыс тұрғындарын карантиндік талаптарды сақтауға шақырамын. Ауызашарға адамдарды көп жинауға болмайды, тек өз отбасымен, яғни, шағын ортада ауызашар өткізуге рұқсат етіледі. Діни нысандарға барғанда да карантиндік қағидалардың сақталғаны дұрыс, – дей келе Айнагүл Мусина «қызыл» аймақтан шығу халықтың өз қолында екендігін ескертті. Оның басты шарты коронавирустан сақтану шараларына мұқият болу!
Ырысалды ШАМШИЕВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Советбек МАҒЗҰМОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар