«Nur Otan» партиясы Ақмола облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Ермек Маржықпаевтың төрағалығымен «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: барлығына лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру аясында Жол картасының «Кәсіпкерлерді қолдау» бағыты бойынша Саяси кеңес бюросының отырысы болып өтті.
Онда Ақмола облысындағы шағын және орта бизнестің жалпы өңірлік өнім өндірудегі үлесін 29,8 пайыздан 36 пайызға дейін, сондай-ақ, өндіріс көлемін 1 триллион теңгеге ұлғайту мәселелері сөз болды.
– Кәсіпкерлікті дамыту және қолдау, халықты жұмыспен қамту үшін әрқашан маңызды. Бұл әсіресе, қазіргі карантиндік шектеулер кезіндегі қалыптасқан күрделі жағдайда аса қажет. Жалпы, қаражатты бөлу және тиімді пайдалану мәселелері қатаң партиялық бақылауда болуы керек, – деді саяси кеңес отырысында аймақ басшысы.
Отырыс барысында хабарлама жасаған облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Ербол Оспанов:
– Экономика саласындағы шағын және орта бизнестің үлесі артып келеді. Жедел мәліметтер бойынша 2019 жылы 28,6 пайыз болса, 2020 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында 26,4 пайызды құрады. 2020 жылға арналған міндет бойынша шағын және орта бизнестің жалпы өңірлік өнімдегі үлесін қазіргі 29,8 пайыздан 2025 жылға қарай 36 пайызға дейін жеткізу көзделуде,– деді ол.
2021 жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша облыста жұмыс істейтін шағын және орта бизнестің өсуі 46,6 мыңға жеткен. Мұның өзі Кәсіпкерлікті қолдау «Бизнестің жол картасы», «Қарапайым заттар экономикасы» және «Еңбек» мемлекеттік бағдарламалары аясында жүзеге асырылып жатқаны байқалады.
– Бурабай ауданында шағын және орта бизнес өнімдерінің өндірісі 2020 жылы 53,2 миллиард теңгені құрап, 6,1 пайызға артты. Биыл 2020 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,2 пайызға өсті. Кәсіпкерлік секторында 14 мыңға жуық адам еңбек етеді. Сонымен қатар, 2020 жылы 400-ден астам жұмыс орны құрылды. Аудан бо-йынша «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы» аясында 2020 жылға 22,5 миллион теңге сомасында 45 грант тегін берілді, – деді Бурабай ауданының әкімі Әсет Мұздыбаев өз хабарламасында. Оның айтуынша, жеңілдетілген несиені 52 адам алған. Партияның сайлауалды бағдарламасының іс-шаралар жоспарын орындау үшін 2021 жылы 20 грант берілуі керек болса, бүгінгі күні кәсіпкерлерге 4,6 миллион теңге сомасында 8 грант берілген. Бұл жоспарды ағымдағы жылдың соңына дейін орындау көзделіп отыр. Сонымен қатар, партияның Саяси кеңесі бюросының отырысында «Nur Otan» партиясы Ақмола облыстық филиалы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің 2021 жылдың 1 тоқсанындағы жұмысы туралы есебі және Көкшетау, Бұланды және Сандықтау аумақтық филиалдары төрағаларының бірінші орынбасарларының партияның ішкі тәртібі, партия мүшелерін тіркеу және мүшелік жарналарды төлеу бо-йынша есебі тыңдалып, бірқатар мәселелер назарға алынды.
Аймақ басшысы Ермек Маржықпаев отырысты қорытындылай келе, барлық партия мүшелерінен Жол картасын іске асыруға барынша жауапкершілікпен қарауды сұрады. Сондай-ақ, ол депутаттар мен атқарушы органдардың бірлескен жұмысының бас-ты бір мақсаты болып табылатын Жол картасының бұл аймақтың әлеуметтік дамуы-на, тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға, оларға қолайлы жағдай жасауға бағытталған нақты жұмыс жоспары екендігін жеткізді.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.