Ақмола облыстық ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, ағымдағы жылғы сәуірдің 15-нен бастап өңірде жалпы республикалық «Сайғақ» табиғатты қорғау акциясы өтуде. Шараның мақсаты — төлдеу және сүттену кезеңінде киіктерді қорғауды күшейту, сондай-ақ, облыс аумағында табиғатты қорғау заңнамасын бұзушылықтардың жолын кесу бойынша бірлескен іс-шараларды ұйымдастыру болып табылады.
Акция кезінде полиция қызметкерлері «Охотзоопром» РМҚК мен орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі бөлімшелерінің қызметкерлерімен бірлесіп, ақбөкендердің мүйізінің заңсыз айналымына және оларды облыстан тыс жерлерге әкетуге қарсы іс-қимыл жөніндегі шараларды күшейту бойынша арнайы мобильдік топтар құрып рейдтер жүргізді.
Акция басталғаннан бері жедел-іздестіру топтары өңірде бірқатар рейдтік іс-шаралар өткізді, соның нәтижесінде табиғатты қорғау заңнамасын бұзу және табиғатты заңсыз пайдаланудың 105 фактісі анықталды.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде ҚР ӘҚбК-нің 484-бабы (қаруды беру, есепке алу, сақтау тәртібін бұзу) бойынша 30 әкімшілік хаттама толтырылып, ҚР ӘҚбК-нің 382-бабы бойынша аң аулау ережелерін бұзғаны үшін 75 адам әкімшілік жауапқа тартылды.