Бүкіл Еуропаны жүріп өткен Жеңіс солдаты

1916 жылы Өркен ауылында тұратын Әміре мен Қауынның отбасында ұл бала өмірге келді. Оған Қожан деген есім беріледі. Кейін Құсман атты ұл, Әйтім деген қыз туады. Жас жұбайлар сәбилерін асырау мақсатында жұмыс таңдамай, еңбек етеді.

Дегенмен, жағдайлары болмай, Ресейдің Красноярск қаласына қоныс аударып, кең көлемді құрылыс жүріп жатқан теміржол депосына жалдамалы жұмысқа орналасады. Осылайша балаларын аштыққа ұшыратпайтын жол тапқандай болады. Бұл 1929 жыл еді. Ерлі-зайыптылар әріптестерімен де, басшылықпен де ортақ тіл табысып, өздеріне жүктелген міндеттерді жауапкершілікпен атқарып жүргенде үш жыл өте шығады.
Күндердің күнінде Әміренің ойда жоқ жерде жүрегі қысып, жүрек талмасынан қайтыс болады. Оны аталған қала маңындағы мұсылмандар зиратына жерлегеннен кейін Қауын балаларымен елге қайтуға шешім қабылдайды. Олар басында поезбен, кейін жолшыбай кездескен автокөлікпен, көбінесе жаяу жүріп, жол азықтары таусылып, жиырмаға тарта тәулік өткенде туған ауылдарына жетеді. Қоныс аударушыларды елдегі туысқандары қуана қарсы алып, бос тұрған үйлердің біріне орналастырады. Тамақтарымен бөлісіп, алдарына мал салады. Өмір қиыншылығын бастарынан өткерген балалар да ерте есейеді. Олар еңбекке араласып, қандай болса да жұмыстардан тартынбай, отбасының қалыптылығына атсалысады. Қожан ағамыз 1935 жылы әскер қатарына шақырылып, 1938 жылы азаматтық борышын ойдағыдай орындап елге оралады. Ал, Құсман болса, Кеңес әскері қатарына 1936 жылы аттанып, 1939 жылы ауылға қайтады. Екі ұлының әскерден аман-есен келгенін, қызының қасында екеніне, өзінің туған елінің игілігіне жарағанына шүкіршілік еткен, мінезі момын, тиянақты, еңбеккер әжеміздің өмірі шынайы бақыт сезімімен өтіп жатады.
Қайғы айтып келмейді дегендей, бір күні, нақтырақ айтар болсақ, 1941 жылдың 22 маусымы күні фашистік Германия мемлекетімізге тұтқиылдан шабуыл жасап, Қожан мен Құсман ел қорғауға аттанады. Олар 858 артиллерия полкының құрамындағы арнайы кіші командирлер курсында оқып, сержант атағын алады. Ленинград түбіндегі және тарихқа Курск доғасы атауымен енген әскери қимылдарға қатысады. Солардың бірінде Құсман ауыр жарақат алып, мерт болады. Ол осыдан бір жеті бұрын елге жолдаған хатында өздерінің аман-саулықтарын жеткізіп, туысқандарына сәлем айтады. Хабар алған туған-туысқандары қуанышқа бөленіп жүргенінде, Құсманның әскери міндетін өтеу барысында ерлікпен қаза тапқаны көрсетілген қайғылы қара қағаз келеді.
Ал, Қожан болса аталған полктың құрамында қызметін жалғастырып, Румыния мен Венгрияны, Яссы, Клуж, Мишкольц тәрізді өзге де қалаларды жаудан азат етуге қатысады. 9 мамыр Ұлы Жеңіс күнін Будапешт қаласында қарсы алады. Отан қорғау жолындағы ерлігі үшін ағамыз «Қызыл жұлдыз»,
«II дәрежелі Ұлы Отан соғысы» ордендерімен, «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін» медалімен, басқа көптеген наградалармен марапатталған.
1946 жылы елге оралған Қожан ағамыз әртүрлі жұмыстар атқарады. Ол Азат стансасында үй салып, шешесі мен қарындасын көшіріп алады. Өзі теміржолға бағыттаушы болып жұмысқа орналасады. Кейін ұзақ жылдар бойы вагон құрастырушысы болып жұмыс істеп, зейнет демалысына шығады. Ағамыз сүйікті жұбайы, Өркен ауылының тумасы Күлзипамен 50 жылға тарта бірге тұрып, төрт ұл мен екі қыздарын тәрбиелеп өсірді. Үлкен қызы Әминә әке жолын қуып, техникум бітірді. Азат стансасында мамандығы бойынша жұмыс істеп, зейнеткерлікке шықты. Жұбайы Қажыбай Жақыповпен бес балаларын жеткізіп, бүгінде немере-шөберелерінің қызығын көруде. Ұлдары Нұрсұлтан да теміржол саласында жұмыс істеді. Колледж бітірген соң Щучинск қаласына ауысып, еңбек жолын жалғастыруда, отбасын құрып, балаларын өсіруде.
Тағы бір ұлдары Қорқыт ата-анасы өмірден озғанша ол кісілермен түсіністігі мен ынтымақтастықтары жарасқан бір шаңырақта тұрды. Қазіргі таңда Қорқыт отбасымен Қырғызстан Республикасында тұрып жатыр. Қыздары Сәбира, Ақлима, Роза бойжетіп, жоғары білім алды. Үйлі-баранды болып, немерелерінің қызықтарын көруде. Аталған әулеттің кейінгі ұрпақтарының өкілдері де ата-баба дәстүрлерін берік сақтап, екпінді еңбек етіп жүр. Талай жетістіктерге қол жеткізіп, жерлестерінің құрметіне бөленуде. Дүниеден озған Қауын әжей Өркен ауылының зиратында жерленген. Балалары, немерелері мен шөберелері басына барып, құран бағыштатып отырады.
Елге айтулы еңбектерін сіңірген абзал жандардың марапаттары, атап айтқанда, «Құрмет Белгісі» ордені, «Еңбек ардагері», «Еңбек даңқы» медальдары, көптеген құрмет грамоталары мен алғыс хаттары әулеттің қасиетті құндылығы ретінде ұрпақтарының жеке архивтерінде сақталуда. Сөз соңында ұзақ жылдар бойы табысты еңбек етіп, «Құрметті теміржолшы» атанған Ақлимаға осы шағын мақалаға деректер бергені үшін алғыс сезімімді білдіріп, өзінің және барлық туған-туысқандарының алдағы өмірлері бақытты, шаттықты сәттерге толы болуын тілеймін!
Қорлан АХМЕТЖАНОВА,
медиатор.
Суретте: мына бір сарғайған соғыс суретінде Қожан аға майдандағы демалыс сәттерінің бірінде қарулас достарымен бірге бейнеленген.
Зеренді ауданы.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар