Кеңөткел ауылынан Берлин операциясына дейін

Ел қорғаған ерлердің ерлік ісі ешқашан көнермейтін, ел жадынан өшпейтін өміршең өнеге сорабы. Пешенесіне сұрапыл жылдардың сұмдығы жазылғанымен, ет жүрегі елім деп, жерім деп соққан жауынгерлердің жігері жалын атқан ерге тән перзенттік махаббаты әлі де алаулап тұрғандай.

Таң сібірлеп жаңа атып келе жатқан. Шығыс жақ бет талаурап, қызыл жалқын түске боялған. Дүркін-дүркін жарылған мина мен қара жердің қыртысын құлаш-құлаш қопарып, жарым дүниеге ажал оғын шашып, жарылып жатқан зілбатпан снарядтардың уытты екпінімен аспанның өзі қанға малынғандай. Екінші Украин майданының жауынгерлері Будапешті азат етпек. Бір кезде кәміл сенген, бүгінгі күні уыстарынан шығып бара жатқан жеңіс жеңіліске айналған кезде неміс фашистері де қатты ширыққан. Тоқымдай жер үшін ондаған, жүздеген адамның нақақ қаны төгілуде. Қызыл Жұлдыз және екінші дәрежелі Отан соғысы ордендерінің иегері Құрманғали Айтқожин минометшілер мен зеңбірекшілер тобымен бірге жаяу әскердің жолын ашу үшін аянып қалмады. Алапат шайқас алдындағы жауды есеңгіретер сәт осы. Ажал оғын бүріккен атыс құралдары жарты сағат бойы бір тыным тапқан жоқ. Қарсы жақ та қапысыз бекінген екен. Тас құрсауды талқандау оңай болмады.
Қиян-кескі айқас ұзаққа созылды. Ысқырып ұшқан снарядтың астында қалған жау бекінісі тас-талқан болды. Іле кеудесін ыза-кек кернеген кеңес жауынгерлері шабуылға көтерілген. Қарсы алдыңыздан оқ жауып тұрған сәтті елестетіп көріңізші. Тіпті, адам үздіксіз атылған оқ пен тынымсыз жарылған снаряд түгілі аяз шарпыған қатты желге қарсы да жүре алмайды ғой. Ал, Будапешті азат етуді парыз санаған, басқыншы жауға күйрете соққы беруге бекінген жауынгерлердің жігерін жанып, қайратын үстемелеген ел қорғауға деген қаһармандық мінез, елге деген махаббат екендігі сөзсіз.
Зеренді ауданының Кеңөткел ауылының тумасы Құрманғали Айтқожин мектепті бітірісімен әскери комиссариаттың шақыртуын алған. Бұл 1942 жылдың 10 маусымы еді. Отбасы, жанашыр ағайын у-шу болды да қалды. Алыстағы, тым-тым алыстағы майдан даласынан адам жанын түршіктірер сұрапыл хабар шоқ жұлдыздай шағын ауылға да жетіп жататын. Соғыс – жан түршіктірер жай. Ақмола қаласында жасақталған 39-ыншы атқыштар полкының құрамына алынды. Жаттығу бірер күн жүрген соң кіші командирлерді даярлайтын мектепке ауыстырылды. Соғыс құдайы – артиллерист болмақ.
Майдан даласындағы тағы бір оқиға. Қиян-кескі айқас сәл ғана толастаған. Әп-сәтте мамыражай шақ орнап, біреулер темекі тартып, енді біреулері ел жайлы естелікке кіріскен. Тәжірибесіз жас жауынгер окоптан басын шығарып, жаңа ғана тыншу тапқан майдан шебіне көз салып тұр еді. Қарсы беттегі кеңес жауынгерлерінің оғынан жусап қалған жау денелерінің арасынан әлдебіреуі атып тұрып дәл көздеп атқаны. Тым қашық та емес, таяқтастам жерде. Мүлт кетті. Жау оғы бас киімін жұлып түсті. Қапелімде тапаншасымен қалай атқанын өзі де аңғарған жоқ. Жалғыз оқпен жаудың жанын жаһанамға жіберді.
–Ажалың жоқ екен, – деген қаруластары, – сен сірә елге жеңіспен қайтасың.
Әлгі бір ауыз сөзден қуат алғандай. Үміт оты лаулап жанатындай. Жау оғы тескен бас киімін соғыс аяқталғанша қасиетті заттай көріп, тәбәрік санап жоғалтпай сақтады.
Бұлардың қаруы «САУ-100» деп аталатын өздігінен жүретін зеңбірек құрылғысы. Калибрді 100 мм. Жауынгерлер өзара ауызекі тілде «Сталин-100» деп атап кеткен. Өз заманының құдіретті қаруы. Кемшілігі де жоқ емес. Алдыңғы құрсауы жау снарядын шыбын шаққан құрлы көрмейтіндей қалың, есесіне артқы жағы ешкінің терісіндей жұп-жұқа. Алда-жалда снаряд тие қалса, қамсау бола алмайды. Оның үстіне 45 градусқа әупірімдеп бұрылатын икемсіз. Жауынгерлерді титықтататын да жері бар. Өздігінен жүреді деген аты болмаса, батпақта мысықтабандап алға баса алмай қалады. Бірде өзен үстіндегі қияметтің қыл көпіріндей тар өткелден өткен. Бұларды байқап қалған жау жағының қару-жарағы ауыз жаппай тынымсыз атылуда. Дәл осы өткелде қаншама жауынгер опат болды. Бұл кезде оқ-дәріге денесін үйретіп, біршама ес жиып қалған Құрманғалидың тобы әупірімдеп қарсы жағалауға шығып үлгерді. Сол-ақ екен, кейінгі жаяу әскерге жол ашу үшін зеңбіректері «сөйлеп-ақ» берген. Ұрымтал шақта ұтымды қимылдаған қазақ жауынгері полк командирі Харитоновтың тарапынан айрықша бағаланып, тағы да алғысқа ие болған.
Майдан даласы адамдарды бір-бірімен еріксіз табыстырып, достастырады. Калуганың тумасы Иван Бодров екеуі сан талай өткелектен бірге өтті. Қаруластардың мызғымас достығы майданнан кейін де үзілген жоқ. 1980 жылдарға дейін үзбей хат жазысып тұрды. Тіпті, 1978 жылы Қазақстанға келіп-кеткені де бар. Тар кезеңде табысқан өзбек Сайданның тегін ұмытып қалыпты. Жаны жайсаң жігіт еді деп еске жиі алатын. Ал, қарақалпақ Сапарғали Шагманов майданнан аман-есен оралған. Бейбіт заманда өзі тәрізді білім саласында қызмет етті. Қырғыз Ажмурса Сатыбалдинмен бір ыдыстан ас ішкен, бір шинельді жамылып жатқан. Соғыстың соңғы күндеріне дейін ірге ажыратқан емес.
Майдан даласындағы көзсіз ерлігі үшін Құрманғали Айтқожаұлы екі орденмен, «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Бас қолбасшының бес бірдей алғысына ие болған қазақ жауынгерін полк командирі, полковник Харитоновтың өзі қаздай тізілген сап алдына шығарып, өзгеге үлгі еткен. Ерлігін айғақтап, байтақ даланың батырын, оның бойындағы қайтпас қайсарлықты, өрлік пен өжеттілікті тілі жеткенше сипаттап, қолына қару ұстаған әр жауынгердің дәл осы қазақтай болуы керектігін, солай болғанда ғана жеңістің жақындай түсетіндігін айтқан.
Сол бір сұрапыл сәт туралы кейін майданнан жеңіспен оралған ағамыздың өзі сыр қылып айтады екен: «өз жеріндегі ұрыста жау жанталасып, жаралы жолбарыстай арпалысты. Кеңес жауынгерлерінің мысықтабандап жылжуының өзі мұң болды. Алғашқы сұрапыл екпін қайтқанымен, әлі де күш-қуаты сарқыла қоймаған болатын. Алынуы қиын қамалдар салып, ондаған, жүздеген шақырым жерге қорғаныс шебін құрып тастады. Қорғаныс шебінің бойы жыпырлаған атыс орындары. Ол жерлерден атылған оқ кәдімгі жаңбырша жауады. Біз дәл осы жерде жау қолындағы өңірді шақырымдап емес, қадамдап, құлаштап алдық десек те болар. Олай болатыны майдан даласының жау жақ беті топырақ астында бұғып жатқан анық ақ ажал – минаға толы. Дегенмен, жау тегеуірінін тозған темірдей үгітіп, тас-талқан етуге қайтпас қайсар жауынгерлердің ерлігі сеп болды. Данциг қорғаныс шебін бұзу үшін тұп-тура 12 күн бойы арыстандай арпалыстық. Біздің жақтан да шығын аз болған жоқ. Жүздеген жауынгер опат болып, елуден астам зеңбірегімізден айрылдық».
Майдангер аға сұрапыл соғыстың қас-қағым сәтін дәл осылай баяндаған екен. Бір үзік шағын ғана естелік болғанымен, зұлматтың заһарын, соғыстың сұрапыл қаһарын көз алдыңа әкеліп тұрғандай. Қатары қайта толыққан құрама 1945 жылдың мамыр айының басында соғыстың соңғы тосқауылы – Берлин операциясына қатысыпты.
3 мамыр күні өздігінен жүретін артиллерия полкының жауынгерлері Росток қаласына енгенде, одақтастар әскерімен қауышып, ақ түйенің қарны жарылғандай ғаламат қуанышқа бөленген. Әркімнің көкірегінде «енді бірер күннен соң соғыс аяқталады, шеккен азап, алапат қиыншылық көрген түстей ұмыт болады. Бейбіт, бостан күнге де жетеміз» деген үміт оты алаулап тұрған.
Майдан даласынан аман оралған Құрманғали Айтқожинді бірден аудан орталығына шақырған. Аудандық партия комитетінде қызмет етті. 1950 жылдардың басында Қарағанды қаласындағы педагогикалық институттың филология факультетін тәмамдады. Қалған өмірі білім беру саласына арналды. Майдангер Қазақ ССР-і халық ағарту ісінің үздігі атанды, бірнеше медальдарға ие болды. Бүгінде 97 жасқа толған Алтын алқа иегері, майдангердің артында қалған жан жары Шолпан Сарина Зеренді ауданының Шағалалы селосында тұрады.
–Құрманғали ағаймен жиі араластым. Зеренді ауданындағы Приречное орта мектебі сол кездегі аудан мектептері арасында әскери-патриоттық тәрбие жұмысы жөнінде тірек мектебі болды. Кешегі майдангер Құрманғали аға сол кездегі Көкшетау облысының ең үздік әскери дайындық жетекшісі атанды. Жаз айларында өтетін 9 сынып оқушыларының далалық жаттығу лагерін ағамыздың өзі басқаратын. Соғыстың қисапсыз қайғы-қасірет екендігін, әр адам баласы бейбітшілікті сүюге тиістігін айтудан жалықпайтын, – деп еске алады зейнеткер ұстаз Аманжол Есмағұлов, – Ұлы Отан соғысының тарихын жетік білетін. Кейінгі жылдары ел шежіресін жинап, келер ұрпаққа өнеге болар деректерді уақыт көмбесінен аршып алып, зерек көкірекке нәр етіп құюға қисапсыз еңбек сіңірді.
Майдангердің өмір жолы өнеге. Ұлағат нұрын шашып тұруы үшін Приречен орта мектебіндегі музейде бір бөлім ұйымдастырылды. Балалары мен немерелері аталарының ізі қалсын деп қол ұштарын беріпті. Онда И.Сталиннің 8, полк командирі, полковник Харитоновтың 7 Алғыс хаты, кейін білім бағының бағбаны болып жүргендегі еңбегін айғақтайтын көптеген марапаттар сақтаулы тұр.
–Біз майдангердің өнегелі өмір жолын ұмытпауымыз керек, – дейді ел ағасы Тельман Мұқышев, – Ұлы Отан соғысына бастан-аяқ қатысып, Берлинге дейін барып, Рейхстагта қолтаңбасын қалдырған батыр аға білім беру саласында да көп еңбек сіңіріп еді.
Иә, екі майданның ері атанған есіл ерлердің өлшеусіз еңбегі ешқашан ұмытылмауға тиіс. Асқар таулар аласармайды ғой…

Байқал БАЙӘДІЛОВ.
Зеренді ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар