Дала дүбірге толғалы тұр

Бүгінгі күні өңірде 2021 жылғы көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге агроөнеркәсіп кешенінің дайындық жұмысы аяқталды. Қазір жер иелерінің алдында уақытылы әрі тиісті агротехникалық деңгейде көктемгі егісті жүргізудің және ауыл шаруашылығы дақылдарының мол өнімін алу негізін қалаудың маңызды міндеті тұр.

Үстіміздегі жылы облыс диқандары 4982 мың гектар алқапқа жазғы егіс жүргізуді жоспарлап отыр. Бұл өткен жылғы деңгейден 116 мың гектарға артық. Дәнді және бұршақты дақылдар 4,5 миллион гектар алқапқа себіледі. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 92 мың гектар көп. Негізгі азық-түлік дақылы – жазғы бидай 3,8 миллион гектар жерге егіледі. Бұл көрсеткіш те өткен жылғы деңгейден 193 мың гектарға артық. Майлы дақылдар 223 мың гектар алқапқа сіңіріледі. Тұрғындарды есепке алғанда картоп 20 мың гектарға, көкөніс 3,4 мың гектар жерге отырғызылады. Бұл көрсеткіш те өткен жылғы деңгейден 6 мың және 1 мың гектар жоғары. 190 мың гектарға азықтық дақылдар егіледі. Көктемгі егісті жүргізу үшін облыс ауыл шаруашылығы дақылдарының тұқымымен толық қамтамасыз етілген. Тұқымды толық талдау тексерісіне беру жұмысы аяқталып келеді.

Облыс бойынша 528 мың тонна тұқым толық талдауға берілді. Бұл құйылған барлық тұқымның 99 пайызы. Тапсырылған тұқымның 512 мың тоннасы тексерілді. 467 мың тонна тұқым 1 және 2 класты егіс стандарттарына сәйкес келеді. Сондай-ақ, тұқым шаруашылығы саласының аттестатталған субъектілерінен жоғары сапалы тұқым алу мәселесіне ерекше назар аударылады. Бүгінгі күні аталмыш шаруашылықтар 60 мың тонна жоғары сапалы тұқым сатты. Әлі де сатылмаған 6 мың тонна тұқым бар. Ауыл шаруашылығы дақылдарының шығымдылығын арттыру және топырақтың құнарлығын сақтау үшін минералдық тыңайтқыш енгізудің маңызы зор. Бүгінгі күні 50 мың тонна көлемінде минералдық тыңайтқыш сатып алуға тасымалдаушылармен келісім-шартқа отырылды.Оның 22 мың тоннасы тасымалданып алынды.

Биылғы жылдың егіс науқанында 16 мың сеялка, 1,3 мың өнімділігі жоғары егіс кешені пайдаланылады. Егіс кешендерімен 3,2 миллион гектар алқапқа тұқым себіледі. Биылғы жылдың үш айында 529 ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды. Оның ішінде 128 трактор, 67 комбайн, 22 егіс кешені бар. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі облыста егін науқанын өткізу үшін 70 мың тонна кепілдендірілген дизель отынын бөлді. Бұл қажетті дизель отынының 95 пайызын құрайды. Бүгінгі күні бекітілген кестеге сәйкес, наурыз айындағы аталмыш отын көлемі толық тасымалданды. Сәуірде 14 мың тонна дизель отыны әкелінді. Оның 1 литрі 171 теңгеге бағаланған. Биылғы жылы мемлекет облыстың агроөнеркәсіптік кешенін дамытуға бюджеттік қаржыдан субсидия түрінде 39,1 миллиард теңге бөлді. Оның 15,9 миллиард теңгесі егіншілікті субсидиялауға бағытталды. Көктемгі дала жұмысын жүргізу үшін қаржы мекемелері арқылы жылдық өсімі 6 пайыздан аспайтын несие берілуде. 316 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер жалпы сомасы 21,4 миллиард теңгенің несиелік қаржысын алуға өтінім берді. Бұл шаруашылықтардың 218-і несиені алды.

«Азық-түлік корпорациясы» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы «Көкше» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы кепілдігімен ауыл шаруашылығы өнімдерін форвардтық сатып алу жұмысын жүргізуде. Бүгінгі күні үйлестіруші кеңес 101 өтінімді мақұлдады. 74 ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші 10 миллиард теңгенің несиесін алды. 2017-2021 жылдары тиімді жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында селода кәсіпкерлікті дамытуға 1,2 миллиард теңге қарастырылды. Биылғы жылдың 26 сәуірінен бастап шағын несие беріле бастады. Енді біздің алдымызда тұрған негізгі міндет – субсидия және несие түрінде бөлінген бюджеттік қаржыны толық және мақсатты пайдалануды қамтамасыз ету, форвардтық сатып алу бағдарламасы аясында кепілдендірілген астықты қайтарып, жоғары экономикалық тиімділікке қол жеткізу және өндіріс тиімділігін арттыру. Жалпы, 2021 жылғы көктемгі егіс жұмысын ұйымшылдықпен жүргізуге дайындық бо-йынша барлық мәселелер облыс әкімдігі мен жергілікті атқарушы органдардың ерекше бақылауында тұр.
Еркеш ӘЛЕНОВ,
Ақмола облыстық ауыл шаруашылығы
басқармасы басшысының орынбасары.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар