Жөкей көлінің маңында ГЛЭМПИНГ ашылды

Табиғаты әсем Бурабай мен зерлі Зерендісі, Сандықтауы мен Қорғалжыны, Ерейментауы бар Ақмола, Көкше өңірлерінде жазғы маусымда демалыстың сан алуан түрін іске асыруға мүмкіндік зор. Шет елдерде сәнге айналған «глэмпинг» жобасын қолға алып, шетелге шықпай-ақ, қолымызда бардан жағдай жасап, табиғат аясында мазмұнды дем алуға әбден болады. 

Осындай «Глэмпинг» форматында дем алуды қалайтындар үшін жақын арада Біржан сал ауданында табиғат аясындағы демалыс орны іске қосылмақшы.
Глэмпинг түсінігіне тоқталсақ, ол экотуризмнің дамып келе жатқан жаңа түрі болып табылады. Нақты айтсақ, тұрмысқа қажетті заманауи заттармен жабдықталған жайлы шатыр құрып, табиғат аясында дем алу дегенді білдіреді. Туризмнің бұл түрі елімізде соңғы 3-4 жыл ішінде қолға алынып, дамып келе жатыр.
–Қазіргі карантиндік шектеулер кезінде адамдар жұртшылық көп шоғырланатын туристік орындарға барудан сезіктенеді. Сондықтан, оларға жазғы демалысты қалай ұйымдастырсақ деп ойлана келе, ұтымды жолын қарастырдық. Бізде барлық санитарлық нормалар бойынша арақашықтық та сақталады. Үйлер бір-бірінен 10 метр алшақ орналасады, –дейді «Жұлдыз орманы» жобасының авторы Есенжол Алпысов.
Жоба бойынша орманды аумақта пентхаус-үйлер салынып, маңында мейрамханалар мен фудкорт орталықтары пайда болады. Демалыс құнына күніне үш рет тамақтану кіреді. Балық аулау мен шомылуды ұнататын жандар үшін Жөкей көлі тиіп тұр. Біржан сал ауданның кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің бас маманы Марал Шаужанованың айтуынша, бизнес-жоба өңірдің экономикасын, жол бойындағы сервисті дамытуға тың серпін бермекші. Қазірдің өзінде демалыстың осы түріне республиканың барлық аймағында қызығушылық анық байқалуда.
–Дем алушылар үшін барлық жағдай қарастырылған. Көңіл көтеретін орындар да болады. Ең бастысы адамдардың ыңғайлы демалуына мүмкіндік туғызу. Қазірдің өзінде Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларынан қоңыраулар түсіп жатыр. Жобаның құны 60 миллион теңге, ал мемлекеттік қолдау – 12 миллион теңге көлемінде ғана. Олар бұл қаржыны ауыл шаруашылығын қолдау бағдарламасы бойынша алып отыр, –дейді Марал Шаужанова.
Глэмпинг-кешені Ұлы Жеңіс мерекесінің алдында ашылды.
Ы.ШАМШИЕВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар