Елбасының төрағалығымен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы өтті

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының төрағалығымен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Отырыс барысында Қарулы Күштерді, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдарды 2030 жылға дейін құру және дамыту тұжырымдамасының жобасы қаралды, сондай-ақ шекаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.
Отырысты ашқан Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы ел дамуының күрделі сыртқы жағдайлары, ең алдымен, коронавирус инфекциясының жаһандық пандемиясының әлеуметтік-экономикалық салдарымен байланысты екенін атап өтті. Осыған байланысты, вакцинация жұмыстарының маңызы, сондай-ақ Үкіметтің халықтың әлеуметтік мәселелерін шешу және экономикалық өсу қарқынын сақтау қажеттілігі атап өтілді. Нұрсұлтан Назарбаев қазіргі жағдайдағы әскери құрылым мен Қарулы Күштердің конфигурациясында жаңа тәсілдерді әзірлеу қажеттілігін атап өтті.
– Біз барлық көршімізбен берік достық қарым-қатынас және жетекші державалармен берік әріптестік орнаттық. Сонымен қатар мықты әскер – ел қауіпсіздігінің маңызды кепілі, – деді Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы. Елбасы бүгінде асимметриялық және гибридті қатерлерді тойтаруға дайындық, жаңа технологияларды енгізу және әскери процестерді басқаруды автоматтандыру маңызды мәнге ие болып отырғанын мәлімдеді.
– Біздің Қарулы Күштеріміз егемендік пен аумақтық тұтастықты, ұлттық мүдделерді қорғауға қабілетті болуы керек. Осының бәрі таяудағы онжылдықта әскерді дамытуды жоспарлау кезінде ескерілуі тиіс, – деп тапсырды Нұрсұлтан Назарбаев. Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы шекара қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндетін шешу Шекара қызметінің жұмысын және шекараны қорғау әдістерін жетілдіруді ғана емес, сондай-ақ экономикалық, ақпараттық, қоғамдық және әскери қауіпсіздік бағыттарына байланысты жүйелі шараларды талап ететінін атап өтті.
– Шекараны қауіп-қатердің барлық түрлерінен сенімді түрде қорғауды қамтамасыз ету қажет. Шекара қызметі мен Қарулы Күштердің құрылымы үндестіріліп, бірыңғай стандарттар бойынша жүргізілуі тиіс.
Сонымен қатар біз шекара қауіпсіздігі мәселесін кешенді, жүйелі түрде қарауымыз керек, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Сондай-ақ, елдің аумақтық-кеңістік дамуының басымдықтары шекаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі міндеттермен сәйкес келуі тиіс. Отырыс барысында Қорғаныс министрі Н.Ермекбаев пен ҰҚК Шекара қызметінің директоры Д.Ділмановтың баяндамалары тыңдалды.
Дереккөз: .inform.kz 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар