Сапалы қызмет – салымшыға құрмет

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының басты міндеттерінің бірі – салымшыларына сапалы қызмет көрсетіп, жеке зейнетақы шоттарындағы қаржының жай-күйі туралы дер кезінде толық ақпарат беру. Қазіргі техникалық үдерістер қарыштап жылжып, түрлі электрондық мүмкіндіктер дамып жатқан кезде Қор да өз салымшыларына түрлі қызмет түрлерін ұсынып, уақытты неғұрлым үнемді пайдалануға барынша жағдай жасауда. Сөзіміз дәйекті болу үшін, Қордың салымшыларға ұсынып отырған электрондық қызметтеріне біртіндеп тоқталып, тағы да бір шолу жасап өтейік.

Халық арасында ең көп сұранысқа ие қызмет түрі – зейнетақы жинақтары туралы ақпарат алу. Президенттің 2021 жылдың басында зейнетақы жинағының бір бөлігін нысаналы мақсаттарға пайдалануға мүмкіндік жасау туралы тапсырмасынан кейін қызметтің осы түріне деген сұраныс тіптен арта түсті.
Салымшылардың осындай қажеттілігін ескерген БЖЗҚ мамандары электрондық сервисті барынша дамытып, корпоративтік сайттағы, мобильді қосымша мен түрлі әлеуметтік желілердегі қызмет түрлерін көбейтіп, қарапайым халыққа қолжетімді әрі оңтайлы етуде. БЖЗҚ-ның www.enpf.kz корпоративтік сайты қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жүргізіледі. Мұнда оннан астам электрондық, соның ішінде жаңадан іске қосылған қызметтер де бар. Мысалы, мақсатты пайдалану үшін қолжетімді зейнетақы жинақтарының сомасы және зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы деректер, инвестициялық портфельді басқаратын компанияларға жинақтарды аудару мүмкіндігі туралы ақпаратты ілезде алуға болады.
Елдегі эпидемиологиялық жағдай мен шектеу шараларына қарамастан, БЖЗҚ салымшыларға қажетті қызметтерді көрсетуін бір сәтке де тоқтатқан емес: enpf.kz.сайтындағы жеке кабинетке тіркелу арқылы бірқатар қызметтерді алуға, зейнетақы активтері бойынша ағымдағы көрсеткіштерді бақылауға, шарттардың деректемелерін толықтыруға және т. б. көптеген операцияларды жүзеге асыруға болады. Сіз бұл сервисті электрондық цифрлық қолтаңба немесе ЖСН мен парольді енгізу арқылы пайдалана аласыз. Жеке кабинетте, сондай-ақ, жеке зейнетақы шотының бар екендігі туралы анықтама алуға, мерзімсіз уақытқа 1 немесе 2 топтағы мүгедектіктің белгіленуіне байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау туралы өтініш беруге, қоныс аударуға, төлемге және тағы басқа себептер бойынша берілген өтініштің орындалу дәрежесін қадағалауға болады. Салымшылар көп қолданатын ең танымал онлайн-қызметтердің бірі – жеке зейнетақы шотынан үзінді-көшірме алу. Қор көрсететін қызметтердің көпшілігін электрондық цифрлық қолтаңбаны (ЭЦҚ) не бір реттік парольді пайдалана отырып, www.egov.kz электрондық үкімет сайтынан да алуға мүмкіндік бар. ЭЦҚ-ны электрондық үкімет порталынан онлайн пішімде алуға болады.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының корпоративтік сайты да үнемі жаңартылып, жетілдіріліп отырады. Жаңа қызмет түрлері де іске қосылуда. Солардың бірі – зейнетақы төлемдерін тағайындау туралы қашықтықтан беруге болатын өтініштердің түрлерін көбейту. Бұл қызметті енді БЖЗҚ-да ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы жинақтары бар 50 жасқа толған және мүгедектігі бар тұлғаларда пайдалана алады. Аталған қызмет түріне өтініш беру үшін қолданыстағы ЭЦҚ-ның, жеке басты куәландыратын құжаттың, ұлттық валютамызда ашылған банк шотының болуы қажет. ЭЦҚ-ны пайдалана отырып, Жеке кабинетте авторлану керек, содан кейін «Қызметтер» бөліміндегі «Зейнетақы төлемдерін тағайындау туралы өтініш беру» қызметін таңдап, тиісті құжаттарды толтыру және ЭЦҚ-мен қол қою қажет. БЖЗҚ-ға берілген өтініштің өңделу мәртебесін сайттағы жеке кабинеттің «Қызметтер» бөліміндегі «Менің төлемдер/аударымдар туралы өтініштерім» қызметі арқылы оңай қадағалауға болады.
Айта кететін тағы бір жәйт, ағымдағы жылдың 1 мамырынан бастап ерікті зейнетақы жарналарын есепке алу үшін жеке зейнетақы шоттары БЖЗҚ-ға келіп түскен алғашқы ерікті зейнетақы жарнасы негізінде өтініш бермей-ақ ашылады.
Қор сайтындағы Болжалды зейнетақы калькуляторы да салымшылар үшін таптырмас көмекші. Бұл арқылы әр адам өзінің болашақ зейнетақысының мөлшерін есептей алады. Болжалды зейнетақы калькуляторы Қазақстанның көпдеңгейлі зейнетақы жүйесі шеңберіндегі зейнетақының барлық құрамдауыштарын қамтиды, олар: мемлекеттік базалық зейнетақы және жасына байланысты зейнетақы, сондай-ақ, міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары және ерікті зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған зейнетақы.Зейнетақы калькуляторы арқылы болашақ зейнетақыңызды есептеу оңай және өте жеңіл. Ол үшін «Болжамды калькулятордағы» туған күні, жынысы, еңбек өтілі, жинақ сомасы және т. б. барлық қажетті өрістерді толтыру керек. Егер сіз enpf.kz сайтындағы жеке кабинетте тіркелген болсаңыз, калькулятордағы өрістер автоматты түрде толтырылады және болашақ зейнетақыны есептеу саусақтың екі-үш қимылымен-ақ жүзеге асырылады.
БЖЗҚ-дан берілетін болашақ төлемдерді есептеу нәтижесі үш сценарийде беріледі: пессимистік, шынайы және оптимистік. Барлық үш нұсқада кірістіліктің болжамды деңгейі ескеріледі. Бұл ретте барлық болжамды нәтижелер нақты құндық мәнде (болжам жасалып отырған тиісті кезеңнің инфляциясы шегеріліп) ұсынылады. Сонымен қатар, зейнетақы калькуляторы сіздің зейнетке шығу жасыңыз бен күніңізді де көрсетіп береді.
Сонымен қатар, Жеке кабинеттегі «Болжалды зейнетақы калькуляторында» жеткіліктілік шегінен асатын және тұрғын үй жағдайларын жақсарту мен емделуге арналған біржолғы зейнетақы төлемдері түрінде алуға болатын сома туралы ақпарат та беріледі. Бұл ретте сіз зейнетақы жинағыңыздың бір бөлігінмақсатты қажеттіліктерге алған кездегі өзіңіздің болашақ ай сайынғы зейнетақы төлемдеріңіздің сомасын көре аласыз. Есептеу кезінде сақтандыру ұйымымен зейнетақы аннуитеті шартын жасасу және өмір бойғы зейнетақы төлемдерін алу мүмкіндігі туралы хабарламасы бар қалқымалы терезе пайда болуы мүмкін. Мұнда да сақтандыру ұйымынан берілетін аннуитеттік төлемнің болжамды мөлшері көрсетіледі, оны сіз БЖЗҚ-дан кесте бойынша болашақта берілетін төлемдер мөлшерімен салыстырып, өзіңіз үшін қажетті қорытынды жасай аласыз.
БЖЗҚ-ның электрондық қызметтерінің ішіндегі ауыз толтырып айтуға болатын тағы бір түрі – Android және IOS бағдарламалары қолданылатын кез келген смартфонға немесе планшетке тегін жүктеуге болатын ENPF мобильді қосымшасы. Авторландыру үшін логин мен пароль пайдаланылады, мобильді қосымшаның көмегімен сіз Қор сайтындағы жеке кабинетке кіресіз. Мұнда барлық ақпарат қазақ және орыс тілдерінде ұсынылған.
Ұялы телефон құрылғысы өміріміздің маңызды бөлшегіне айналған қазіргі заманда, ENPF мобильді қосымшасының тигізер пайдасы көп екені айтпаса да түсінікті. Ол арқылы жеке зейнетақы шотының бар екендігі туралы анықтама, ЖЗШ-дан үзінді көшірме алуға, өзіңізді мазалаған мәселе бойынша сауал жолдап, Мобильді кеңсенің шығуына, кері қоңырауға тапсырыс беруге, өз деректемелеріңізге өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізуге, зейнетақы калькуляторының көмегімен болашақ зейнетақының болжамды мөлшерін есептеуге болады. Сондай-ақ, мобильді қосымша шоттың жай-күйін бақылауға, зейнетақы жүйесіндегі барлық өзгерістер туралы білуге, БЖЗҚ-ның жақын жердегі кеңсесінің орналасқан жерін көруге, тіпті байланыс орталығына қоңырау шалуға мүмкіндік береді. Мұнда да сайттағы сияқты жаңа қызметтер іске қосылған. БЖЗҚ-ның әрбір салымшысы енді мобильді қосымша арқылы жеке зейнетақы шотындағы зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үйді жақсарту немесе емделуге пайдалану, сондай-ақ, инвестициялық портфельді басқарушы компанияларға аудару үшін жеткілікті екендігі туралы біле алады.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының түрлі әлеуметтік желілердегі («Одноклассники», «Facebook», «В контакте», «Twitter» және «Instagram») ресми парақшалары да толассыз жұмыс жасауда. Қор парақшасына жолданған әрбір сұраныс мамандар тарапынан тыс қалмай, тиянақты түрде қаралып, тиісті жауабын алып отырады.
Айдан БЕКНҰР.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар