Сыңғырла, үмітті қоңырау!

Бүгін мектеп бітіруші түлектер үшін өте әсерлі күн. Себебі бүгін олар білім нәрімен сусындаған алтын ұя мектептерімен, аяулы ұстаздарымен қоштасады. Олар үшін бүгін соңғы қоңырау үні сыңғырлайды. Бұл да балалық дәуреннің бір белесі. Жүректерді тебіренткен осынау әдемі салтанатты мереке бүгін облыстағы 348 білім ордасында салтанатты түрде тек 11-сыныпты бітіруші түлектер үшін өтіп жатыр. 

Облыс аумағындағы  556 жалпы білім беретін мектептерде 129975 оқушы білім алды. Биыл орта мектепті облыс бойынша 5040 оқушы тәмамдаса, негізгі мектепті 10196 оқушы аяқтайды. Мектеп бітіруші түлектердің 384-і «Алтын белгі» төсбелгісіне үміткер болуда.

Алдын ала белгілі болған деректер бойынша, ағымдағы жылы түлектердің 10 пайызы облыс колледждеріне, 75 пайызы еліміздің жоғары оқу орындарына және 9 пайыздан астамы Ресейдің, 1,7 пайызы шет елдердің жоғары оқу орындарына түсуге ниетті. Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің бұйрығына сәйкес биыл мектеп бітіруші 9-шы және 11-ші сыныптар мемлекеттік емтихандарын белгіленген мерзімде тапсырады.

Ағымдағы жылдың 6 мамырынан басталған ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ)  30 маусымға дейін жалғасып, облыстағы «U-FUTURE» серіктестігінің 3 пунктінде, нақты айтсақ, Көкшетау, Атбасар қалалары мен Ақкөл ауданындағы тест тапсыру бөлімдерінде өтуде. Бұл тестілеуді грантпен оқуға түскісі келетін оқушылар электрондық форматта тапсырып жатыр.  Жалпы, ҰБТ тапсыруға облыстың 3822 мектеп бітірушісі өтініш берді.

Биыл облыстың жалпы білім беретін мектептерінде 15396 педагог оқушыларды білім нәрімен сусындатып, оларға саналы тәрбие берді. Олардың 12 880-інің немесе 83,6 пайызының білімі жоғары, қалған 2516 мұғалімнің немесе 16,3 пайызының орташа кәсіптік-техникалық білімдері бар.

1-ші сыныпты биыл 14 мыңнан астам оқушы бітірді, келесі оқу жылында 15 мыңға жуық бүлдіршін мектеп табалдырығын аттайды деп жоспарлануда. Қазірдің өзінде 7 мыңнан астам бүлдіршін мектепке қабылданып үлгерді.

Биыл эпидемиологиялық ахуалға байланысты соңғы қоңырау салтанатты шарасы тек 11-ші сынып оқушылары үшін ғана өткізіліп, қалған оқушылар үшін сынып сағаттары ұйымдастырылуда.

Ырысалды ШАМШИЕВА.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар