Аудандық әкімдікте Тұңғыш Президент, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» стратегиялық маңызы бар бағдарламасы мен «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын жүзеге асыру бағытында тарихи-мәдени мұраны зерттеу жұмыстарына арналған брифинг өтті.
Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейі «Сарыарқаның тарихи-мәдени мұрасы: ежелгі және орта ғасырлық мәдениеттердің сабақтастығы» жобасы аясында өңірдегі музыкалық-этнографиялық кешендерді зерттеу бойынша экспедицияға шықпақшы.
Іс-шараға Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің «Халық қазынасы» ғылыми-зерттеу институтының «материалдық емес мәдени мұра» бөлімінің аға ғылыми қызметкері Мәулет Ардаби, ішкі саясат бөлімінің басшысы Жанар Байдилдина, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Айгүл Сүйінжанова аудандық Мәдениет үйінің басшысы Құттықыз Айбасова мен мәдениет қызметкерлері, Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысты.
Музыкалық-этнографиялық экспедиция Целиноград ауданындағы материалдық емес мұраны зерттеп, зерделеп, қорға жинағалы отыр. Ауданда 19 округ, 50 елді мекен бар. Бұл елді мекендерде көненің көзіндей, бұрын естілмеген, сыңсу, жарапазан сынды ұлттық мұралар жетерлік. Зерттеу жұмыстары Ақмол ауылынан бастау алмақшы. Экспедиция мүшелері осы жолы тарихшы, этнографтармен кездесіп, болашақ жоспарларын талқылады.
Даурия Даулетияр.
Целиноград ауданы.