Облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова Көкшетау қаласындағы №19 орта мектепте өткен «Сыңғырла, соңғы қоңырау!» атты салтанатты шараға қатысып, биыл осы білім ордасынан түлеп ұшатын түлектерді өмірлеріндегі қуанышты оқиғамен құттықтады.
Алтын ұя – мектебіңмен қимастықпен қоштасатын бұл күн – әрбір жас түлек үшін жүрек тебірентер әсерге толы ұмытылмас мереке. Көкшетау қаласындағы сондай әдемі кеш №19 орта мектеп алаңында да болып өтті. Өкінішке орай, пандемия салдарынан аталмыш шара тек бір-бір мектеп бітіруші сынып пен олардың ата-аналарының қатысуымен ашық аспан астында өтті. Санитарлық талаптар барынша сақталған іс-шарада сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары мектеп бітіруші түлектерді осынау атаулы күнмен және Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен құттықтап, олардың болашақта ел игілігі үшін еселі еңбек етіп, Қазақстанның мерейін асыратындарына сенім білдірді.
–Біздің еліміздің жастарының ілім-білімге деген құштарлықтары мол, талаптары зор. Өңірімізде білімін ұштап, еліміздің түкпір-түкпірінде еңбек етіп жүрген түрлі мамандық иелері көп. Солар сияқты сендер де өз тұғырларыңды тауып, биіктерге құлаш сермейтіндеріңе күмән жоқ. Сәт сапар жас түлек! – дей келе, Айна Ермекқызы білім саласы бойынша облысымызда қол жеткізілген жетістіктерге тоқталды.
Биыл облыста орта мектепті 5040 оқушы бітірсе, олардың 250-і үздік аттестаттан, ал, 384-і «Алтын белгіден» үміткер. №19 орта мектепте де биыл 70 жас түлек ұясынан ұшады. Олардың 51-і қазақ сыныптарында, ал, 19-ы орыс тілінде білім алды. Бұл мектеп түлектерінің 3-еуі үздік аттестаттан үмітті. Білім ордасында жалпы, аяқталғалы отырған оқу жылында 1200 оқушы білім алса, олардың 94-і биыл бірінші сыныпты аяқтады. Бірқатар білім додаларында мектеп мерейін үстем еткен Асылжан Құсайынова, Қайрат Сұлтан, Ілияс Хасенов секілді оқушылардың есімдері де мерекелік кеште ерекше аталып өтілді.
Салтанатты шара барысында 1-сынып оқушылары мектеп бітіруші аға-әпкелеріне өздерінің тақпақтарын арнап, ізгі тілектерін білдірсе, өз кезегінде мектеп түлектері де ұстаздары мен ата-аналарына, құрбы-құрдастарына ән-жырдан шашу шашып, ыстық лебіздерін жеткізіп, жүрекжарды тілектері мен ақ алғыстарын аянып қалмады. Салтанатты шарада соңғы қоңырау соғылып, мектеп түлектердің вальсі орындалды.
Ы.ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ.