Жапония елшілігінің грантын ұтып алды

Целиноград ауданында «Батыр» қоғамдық бірлестігі жұмыс істейді. Бұл қоғамдық бірлестіктің негізгі міндеті – мүмкіндігі шектеулі жандарға көмектесіп, оларға кедергісіз орта қалыптастыру, қоғамға барынша бейімдеу.

Осы тарапта атқарылып жатқан жұмыстар да жетерлік. Бүгінгі таңда аудан бойынша 200-ге жуық мүгедек бала бар. «Батыр» қоғамдық бірлестігі ауданда осындай мүмкіндігі шектеулі жандарға түрлі қызмет түрлерін көрсетеді. Негізгі бағыты да осы. Қоғамдық бірлестікке қарайтын «Тұлға дамыту орталығы» бар. Орталықта тәрбиеші, әлеуметтік педагог, логопед, дефектолог, психолог мамандары балалармен жұмыс істейді.

Сонымен қатар, мұнда мүмкіндігі шектеулі жандарды шаштараз, тігін ісі, қолөнер сынды кәсіптерге баулып, жұмысқа орналасуға көмектеседі. «Батыр» қоғамдық бірлестігі үнемі республика, Ақмола облысы бойынша түрлі мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстарға қатысып, ұлттық қорлармен әріптестік қызметте жұмыс істейді. Осындай үлкен ізденістің арқасында бірлестік Қазақстандағы Жапония елшілігінің грантын ұтып алып, сол грант негізінде арнайы көлік – «инватакси» ісін жолға қойды.

Бұл мүмкіндігі шектеулі жандар үшін үлкен қуаныш әрі көмек. Инватакси жобасы Целиноград ауданында 2019 жылдан бері жұмыс істеп, 2 көлік мүгедек балаларға тегін қызмет көрсетіп келген еді. Ал, бүгінгі көлік арнайы гидравликалық көтергіш құрылғымен жабдықталған. Бұл мүгедек жандарға әлдеқайда қолайлы. Көлік мүмкіндігі шектеулі жандарды тасымалдау арқылы олардың өмір сүру сапасын біршама жеңілдетпек.

Бұл көлік барлық мұқтаж адамдардың әлеуметтік инфрақұрылым объектілеріне еркін қол жеткізуін қамтамасыз етеді және мүгедек балаларды тасымалдауды ұйымдастыру арқылы оларға небір кепілдіктер сыйлайды.
«Батыр» қоғамдық бірлестігінің бастамасымен бұл күнде Ақмол ауылында көпбейінді әлеуметтік оңалту орталығы салынып жатыр. Ол 2022 жылы пайдалануға берілетін болады.

Даурия Даулетияр.
Целиноград ауданы.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар