Ақмол мен Қосшының дамуы – басты назарда

Облыс әкімі Ермек Маржықпаев кезекті жұмыс сапарымен Целиноград ауданында болып, бірқатар әлеуметтік-өндірістік нысандарды аралап, мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысымен танысып, алдағы міндеттерді белгіледі. Алдымен облыс әкімі өз жұмыс сапарын Ақмол ауылындағы балшықпен емдеу орталығында жалғастырды.

Қазіргі таңда қаржыландырудың болмауына байланысты ғимаратта құрылыс жұмыстары тоқтатылып тұр. Аталмыш ғимарат 60 төсек орындық және 7 емдеу блогынан тұрады. Алайда, құрылыс басталып аяқталмағаннан соң ғимарат пайдалануға берілмеген. Алдағы уақытта бұл ғимаратты аудандық аурухана ретінде қайта жабдықтау көзделіп отыр. Ақмол ауылына аурухана аса қажет және аталмыш екі қабатты ғимаратта хирургия мен терапия бөлімшелерін ашуға болады дейді жауапты мамандар. Осы мәселеге байланысты өңір басшысы нақты міндеттер жүктеп, мәселені тереңірек зерделеуді тапсырды.

Ал, Ақмол ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы өткен жылы қолға алынған. Аталмыш жобаға 1,1 миллиард теңге көлемінде қаржы бағытталса керек. Сауықтыру кешенінің құрылысына «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша 2020 жылы 307,8 миллион теңге бөлінген, оның 260,7 миллион теңгесі республикалық бюджеттен қарастырылған болса, 47,2 миллион теңгесі облыстық бюджеттен бөлінді. Құрылыстың мердігер компаниясы «Мейір-М» серіктестігі. Бұл кешенде бассейн, футбол, екі жаттығу залы, олардың бірі ем алушылар мен мүмкіндігі шектеулі адамдарды оңалтуға арналған. Аталмыш нысанда бір уақытта тәулігіне 192 адамға ем алу мүмкіндігі қарастырылған. Сауықтыру кешенінің құрылысымен танысқан өңір басшысы кез келген нысанды айтылған уақытында, дер кезінде аяқтау керектігін баса айтты. Сонымен қатар, ел игілігі үшін жасалып жатқан жұмыстарға жүрдім-бардым қарауға болмайтындығын, қашанда сапаға аса мән беру керек екендігін атап өтті.

Бұдан кейін өңір басшысы Ақмол ауылындағы 45 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысымен де танысып қайтты. Жобаның жалпы құны 410,1 миллион теңге. Аталмыш тұрғын үй ағымдағы жылдың тамыз айында пайдалануға берілмекші. Бұл өткен жылы тапсырылуы тиіс нысандардың бірі. Мердігер ұйымның жайбарсарлығына пәтер кезегінде тұрғандар да наразы. Бес қабатты тұрғын үйде 1 бөлмелі – 15, 2 бөлмелі – 18, 3 бөлмелі – 12 пәтер бар. Құрылыс алаңында 15 құрылысшы жұмыс істейді. Мердігер компания – «ПетроСтрой-Люкс» серіктестігінің директоры Рүстем Нұрлановтың айтуынша, қазіргі таңда кірпіш қалау жұмыстары, сантехникалық жұмыстар, терезелерді монтаждау, қабырғаларды орнату жұмыстары толығымен орындалған, ендігі орайда шатыр жабдығы, ішкі электр желілері, ішкі су құбыры сияқты жұмыстарды толық орындап шығу жоспарланған. Тұрғын үй құрылысын аралап шыққан өңір басшысы алдағы уақытта жұмысты ширата түсіп, нысанды белгіленген уақытта пайдалануға беру керектігін қатаң ескертті.

Жұмыс сапары барысында облыс әкімі Ақмол ауылындағы орталық жылу қазандығының жұмысымен де танысты. Аталмыш нысан 2016 жылы пайдалануға берілген. 2020 жылы Ақмол ауылының орталық қазандығына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген. Бөлінген қаражатқа қазіргі таңда диаметрі 820 және диаметрі 720 жылу желілері ауыстырылды, сонымен қатар, Ақмол ауылындағы №1 шағын ауданның жылу желілерін монтаждау және демонтаждау, жылу алмастырғыштар, циркуляциялық сорғылар және басқа материалдар сатып алынды. Алдағы уақытта қазандыққа күрделі жөндеу жүргізу үшін қосымша қаражат қажет екендігі айтылды.
Бұдан кейін облыс әкімі Қосшы ауылына жол тартып, онда «Жайлау Сити» ТҚК тұрғындарының бастамашыл тобымен кездесіп, Қосшы ауылындағы «Даймон Парк» тұрғын үй комплексінің проблемалық мәселелерін мүдделі мемлекеттік органдардың қатысуымен талқылады.

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Айбек ДАНИЯРОВ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар