Ұлттық құндылықтың ұлысы – Тәуелсіздік!

Биыл ел Тәуелсіздігіне 30 жыл толып отыр. Аттың жалында, түйенің қомында күн кешкен ата-бабамыздың армандаған тәуелсіздігі, аңсаған азаттығы. Осы отыз жылдың ішінде ел өмірі айшықты оқиғаларға толы болды. Тәуелсіздіктің іргесін бекіттік, мәңгілік ел мұратына бет алдық. Бүгінде жаңа белеске шыққан әрбір ел азаматын сан сауалдардың толғандырары бар. Осы орайда, қасиетті ұғымның астарындағы жүкті тарқатып айту үшін «Тәуелсіздік және аға ұрпақ өкілі»айдарымен ел ағасы Болат Жанәділовке жолыққан болатынбыз.

Болат Сүлейменұлы Жанәділов 1940 жылы 14 маусымда Ақмола облысында дүниеге келген. Қарағанды мемлекеттік медициналық институтын (қазіргі Қарағанды мемлекеттік медициналық академиясы) тәмамдаған. Көкшетау облыстық ауруханасының дәрігер-анестезиологы, анестезиология-реаниматология бөлімінің меңгерушісі, бас дәрігерінің емдік жұмыстар жөніндегі орынбасары, бас дәрігері, Көкшетау облысы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарған.

1997 жылдан Ақмола облыстық ауруханасы бас дәрігерінің емханалық жұмыстар жөніндегі орынбасары. Ақмола облыстық ауруханасының аурулық Кеңесі мен эксперттік комиссиясының мүшесі. «Құрмет», «Халықтар достығы» ордендерімен, медальдармен марапатталған. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау ісінің үздігі, жоғары дәрежелі дәрігер-анестезиолог. Көкшетау қаласының құрметті азаматы.

–Құрметті Болат Сүлейменұлы, баға жетпес құндылығымыз – ел тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейлі мерекесі қарсаңында отырмыз. Алдымен сізді мерекемен құттықтауға рұқсат етіңіз. Тәуелсіздік деген жалғыз ауыз сөз тіл ұшына оралғанда, жүрегіңіздің елжіреп, көңіліңіздің гүлдеп кететіні бар. Әңгіменің басында тәуелсіздіктің қаншалықты қымбат екендігін айтып өтсеңіз?

– Оған сөз бар ма?! Тәуелсіздік біз үшін, сүйікті Отанымыздың әрбір перзенті үшін қымбат екендігі даусыз. Отыз жылдық мереке жалпақ жұртқа қайырлы, құтты болсын дейміз! Алдағы уақытта ел тәуелсіздігінің іргесін қымтап, шаңырағын биіктетуге әркімнің үлес қосқаны абзал. Ол үшін тәуелсіздік деген ұғымның өзі қаншалықты қастерлі, қасиетті, ыстық екендігін қапысыз түсінуіміз керек. Осы орайда ең алдымен бүгінгі жас ұрпақ ел тарихын, оның соқтықпалы-соқпалы, қауіп-қатерге толы жолдан өткендігін жақсы білуі керек деп есептеймін.

Сонда ғана тәуелсіздіктің біз үшін қаншалықты қымбат екендігін түсінуге болады. Өйткені, біз осы күнге жеңіл жолмен жеткен жоқпыз. Өткенге көз салсақ, ең алдымен Абылай заманы ойға оралады. Алаш баласының басын біріктіріп, ұлы даладағы ақылман хандар мен аузымен құс тістеген билерді айтқанына көндіріп, дегенін істеткен ірі саяси қайраткер, дарынды қолбасшы, айрықша көреген, мәлімгер болғандығын екпін түсіріп айтуға тиістіміз. Абылай хан бар ғұмырын еліміздің бостандығына, егемендігіне арнады. Жалаң сөз болмас үшін бір дерек келтіре кетейін. Заманында Шоқан Уәлиханов «Қазақ жерінде Абылайдың даңқы аса зор. Абылай заманында оларда ерлік заманы болып саналады» деп жазған болатын.

Шын мәнінде солай еді. Бүгінгі оқырманның көз алдына елестету үшін оқып білгенімізді, санамызға түйгенімізді түйіндеп айта кететін болсақ, бұл кезең біздің халық үшін өте ауыр кезең болды. Алаш баласы тұс-тұстан анталай төніп келген «үш айдаһардың» ортасында жойылып кетуге шақ қалып, қамалған қойдай ұйлығып тұрған болатын. Жоңғар, Қытай, Ресей арандай аузын ашып келгенде, қай өңеште жұтылып кетерін бір Алла білсін. Бұл арада бір айта кететін дүние, Қытай мен Ресей ата жау – жоңғарды үнемі қазаққа айдап салып отырды.

Зайыры тарих ел бағы үшін жұртына қорған болатын ұлдарын өзі өмірге әкелетін болар. Абылай осы бір «ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» жылдары, небары 12 жасында ел қорғаған жауынгерлердің сапында тұрды деген дерек бар. Ат жалын тартып мінгелі жорық пен жортуылды көп көрген Абылай 22 жасында айбарынан ай ыққан батырлардың санатына енеді. Тіпті, дарынды қолбасшы ретінде таныла бастайды. Керемет емес пе?! ХVІІІ ғасырдың орта шенінде ел билігінің екі шылбыр, бір тізгінін қолға ұстаған хан іргедегі Ресей, Қытаймен татулық, достық қатынас сақтауға тырысады. Әйтпесе үш айдаһармен бірдей майдан даласына шығу ұлт үшін өте қауіпті саналса керек. Абылай саясатының ең бір кереметі де осы.

Көршілердің қолдауымен жоңғар басқыншылығынан құтылуға ұмтылады. 1740 жылы алапат шайқаста Абылай қазақ жауынгерлерінің тікелей қолбасшысы болды. Туған жерінің сынықсүйемін басқыншы жауға бастырмаймыз деп жандарын шүберекке түйген қазақ жауынгерлері ата жау – жоңғардың бетін мықтап бір қайтарып, қақырата соққы берді. Осы шайқаста жоңғар атауы көп шығынға батты.

Кейін шегінуге мәжбүр болды. Абылай қазақ әскерлерін ұйымдастырып, басын біріктіріп, жеріне қызыққан, батпан-батпан байлығын пышақ үстінде бөліп алғысы келіп көз алартып отырған көрші мемлекеттерге қазақ хандығының біртұтас ел екендігін көрсете білді. Нешеме жылдар бойы тыныштық бермеген жоңғардың жебесінен құтылып, ел іргесін бекіте бастады. Бұл мақсатты іске асыру үшін 1740 жылы Ресей империясының, кейін Қытай мемлекетінің бодандығын қабылдауға мәжбүр болды. Бұл амалсыздан жасалған шара еді.

Бірақ, өзін-өзі ақтайтын шара, елді қорғап қалудың басқа жолы жоқ. Бұл туралы тарихшылар былай деп жазады: «Жауын сұсымен де, күшімен де сескендіре отырып, ол өз қалауымен біресе Ресейдің, біресе Қытайдың бодандығын қабылдауға мәжбүр болғанымен, шын мәнінде ешкімге де бой ұсынбаған тәуелсіз басшы болды. ХVІІІ ғасырдың орта кезінен бастап Абылай қазақ елінің бостан, іргелі, біртұтас ел болуын аңсады. Ол елді отырықшылыққа көшіруді, үш жүздің басын қосуды, кең байтақ қазақ даласын тұс-тұстан анталап келген басқыншы жаудан қорғауды мақсат етті.

Цин империясы жоңғар мемлекетін қырып-жойып, шауып алғаннан кейін Абылай хан арнайы елші жіберіп, қытай мемлекетімен бейбіт саяси қатынас орнатуға тырысты. Әйтсе де, байлыққа бөгіп жатқан қазақ даласы көршілерге оңай олжа болып көрінетін. Қытай империясы әлденеше рет шапқыншылық жасап, қазақ жерін жаулап алмақшы болды. Алып мемлекетті жеңу оңай еместігін түсінген Абылай хан бейбіт келісімге келіп, сауда-саттыққа жол ашып, оны Ресей империясына қарсы қолдануға тырысты. Саясаттағы сұңғылалығы сол, ақылға кенен Абылай хан Ресеймен де саяси және экономикалық қатынасты үзбеуге тырысты».

Ресей империясы қазақ жеріне қаптатып бекініс, қамал сала бастады. Қазақтың малын жаюға тыйым салатын жарлықтар шығарып жатқанда, мәселені дипломатиялық жолмен шешуге тырысты. Ресей патшалығының озбыр отаршылдық, басып алу саясатының құрбаны болу қаупі төніп тұрғандығын айқын сезінді. Несін айтасыз, бұл бір ел басына күн туған алағай да, бұлағай заман болды. Мұның барлығын тәптіштеп айтып отырған себебім, кейінгі жас ұрпақ бізге тәуелсіздіктің қаншалықты қымбат екендігін, ата-бабаларымыздың қандай қилы-қилы жолдан өткендігін зерделеп, тереңінен түсінуі керек. Сонда ғана жас ұрпақтың бойында тәуелсіздікті құрметтеуге деген, қастерлеуге деген сезім пайда болады.

Осы күнге қалай жеткенімізді, басымыздан қандай қаралы да жаралы күндердің өткендігін біледі. Демек, тәуелсіздікті әркім, әсіресе, жас толқын мәңгілік етуге тырысу үшін ұлт тарихын тереңнен толайым білуі керек деген ұғым туады. Ол үшін не істеуіміз керек, жалғыз білім ордалары ғана емес, ата-аналардың өздері бауыр еті балаларына тарихымызды талдап, таразылап, ұғындырып отырса жөн.

–Халқымыздың басынан өткерген қасіретті күндер жалғыз Абылай заманы ғана емес қой, одан кейін де қаншама нәубетті бастан кешірдік?

– Әрине, алысқа бармай-ақ, кешегі Кенесары хан бастаған қазақ халқының ұлт-азаттық күресі туралы кеңінен толғап айтуға әбден болады. 1837-1847 жылдары халқымыз небір аласапыранды басынан кешірді. Тарихты зерттеушілердің айтуына қарағанда, бұл кезде үлкенді-кішілі 200-ге жуық көтеріліс болған екен. Жан алып, жан беріскен алапат шайқаста басын бәйгеге тіккен адамдардың барлығы халқымыздың азаттығы үшін шайқасты. Бәріне тән, ортақ сипат патшалық үстемдік құру саясатына деген, өктем, озбыр саясатына деген қарсы шығу еді.

Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық қозғалысының сипатына кешегі кеңес заманында әділетті мән берілмеді. Тоталитаризм дәуірінде «ұлтшылдық» деген жалғыз ауыз сөзбен үкім жасалды. Ол дәуірде халықтың қарсылық қозғалысы қанша жерден ұлт-азаттық болса да ол сөзсіз ұлтшылдық болып табылатын. Ал, қозғалыстың басында тұрған, жан жүрегі елім, жерім деп соққан Алаштың арыстан жүректі азаматтары «ұлтшылдар» еді. Бар ғұмырын ат жалында өткеріп, ел тәуелсіздігі үшін күрескен Кенесары Қасымұлының абзал аты ешқашан ұмытылмайтынына сенімім мол.

Өйткені, ол және соңынан ерген жалпақ жұрт бостандықты қалады, соған жетуге тырысты. Мыңдаған адам опат болды. «Еркек тоқты құрбандық». Есіл ерлер шәйіт кетті. Пейіште нұры шалқысын.

–Бойында ұлтқа деген сүйіспеншілігі отша лаулап тұратын Алаш азаматтары аз емес. Ілкідегі есіл ерлердің ерен ерлікке толы іс-қимылдары кейін де сабақталды ғой?

–Әрине, бұл орайда біз Алаш қайраткерлері туралы көбірек айтуға тиістіміз. Тағы да қайталап айтамын, жас ұрпаққа өнеге, үлгі болуы үшін. Тарихты зерделеп оқып отырғанымда, Алаш қайраткерлерінің қаншалықты талантты, қабілетті болғандығына таң қалатыным бар. Қай-қайсысы болмасын көрнекті қайраткер деңгейінде. Бар болмысы, жаратқан ие сыйлаған айрықша қасиеті қандай ғажайып десеңізші.

Міне, осы ел қамын ойлаған ерлердің өмірбаянын, күрескерлік іс-қимылдарын жас ұрпақтың жадына сіңіре беруіміз керек. Сонда ғана олар тамырынан нәр алған өсімдік құсап қаулап өседі. Көкіректерінде елге қызмет ету керек деген іңкәр сезім жүреді. Бәлкім елді сүюдің, жерді қадірлеудің, Отанды аялаудың бастау көзі ата-бабаларымыздың тәуелсіздік үшін күрескен соқтықпалы-соқпалы жолында жатқан шығар.

Мемлекет құру үшін олар тілді, дінді, ділді, салт-дәстүрді қайта жаңғыртып, өрістету керек деп ұғынды. Ұлт тамырынан ажырап қалмауы үшін. Ал, кеңес дәуірі арыдағы асыл мұрадан ажырату үшін, өткеннің өнегелі тұстарын уақыттың шымылдығымен қымтай жабуы үшін жанталасты. Содан барып қазақтың тарихы қатпар-қатпар болғанымен, оны оқытатын оқулығы пышақтың қырындай ғана болды. оның өзінде де әбден бұрмаланған, жұқанасы ғана қалған дүние. Енді міне, ел егемендік алған соң асылдарымызды халқымызбен қайта табыстырып, олардың бар өмірін, өнегесін мысал етуге тиістіміз.

Шүкіршілік, еліміз егемендік туын қолына ұстағалы өз қолымыз өз аузымызға жететін қазақтың жалпақ тілімен айтқанда, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған, бейбіт, бостан заманда, азат қалыпта күн кешіп жатқан біз сөз жоқ, бақытты ұрпақпыз. Бірақ, сол бақыттың бағасын білу үшін, осы бейбіт күннің біз үшін оңайлықпен келмегенін бір сәт ойдан шығаруға болмайды. Осы арада мынадай ой туындайды, біз аға ұрпақ өкілдері жас буынды елжанды етіп тәрбиелеуге өз үлесімізді қосуымыз керек.

Сонда ғана аруақты ата-бабаларымыздың асқан парасаттылығы, келер ұрпақ үшін мерейлі мақсатқа жетуге деген табандылығы ендігі біздің алаңсыз күндерімізге кепіл болмақ. Заманында Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мұстафа Шоқай, Халел Досмұхамедұлы, Халел Ғаббасұлы, Мұхамеджан Тынышбайұлы тәрізді саңлақтар «жарты қаңқам қалғанша, мен сендікпін» деп бүкіл саналы ғұмырларын Алаштың болашағына арнаған. Олар ұлан-ғайыр іс тындырды, халқының көзін ашты, өнер-білімге жетеледі. Азат жұрттың шығар асулары қандай болатындығын көрсетті. Сол биікке халқым шықса екен деп көкседі. Олардың ең басты мақсаты, қазақ халқының өз алдына жеке шаңырақ көтеріп, еншісін алып, жалаулы жасыл дүниеде өз орнын анықтауы. Әттең сол арман биігіне қол жеткізе алмай кетті. Біз бүгін сол арыстардың аңсаған арманына жетіп отырмыз.

Сол арманды баянды ету парыз. Өз заманында Ахмет Байтұрсынұлы: «басқалардан кем болмау үшін біз білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға оқу керек, бай болуға кәсіп керек, күшті болуға тірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеуіміз керек» деген болатын. Санаға салып салмақтасаңыз, осы бір аталы сөздер күні бүгінге дейін өміршеңдігін дәлелдеп, мазмұнын жойған емес. Бүгінгі ұрпақ Ахмет аталары айтқан тәрізді биікке ұмтылуы керек болып тұр. Қазіргі жастар дарынды һәм білімді. Көкжиекке көз салсаңыз, білімділер дәуірі келе жатыр.

Сәбилердің өзі телефон мен техниканың құлағында ойнайды, бірнеше тілді меңгеріп, жаңа технологияның жай-жапсарын үйреніп өсіп келеді. Бұл өте қажетті дүние. Жастарымыз әр күн сайын сауатын арттырып, жетілдіріп отырмаса, күні ертең ешкімге керек болмай қалатынын ұғынып отыр. Рас, бізге білімді жастар керек. Менің ойымша, сол білімге қоса ұлтын, халқын, мемлекетін сүйетін жастар керек. Онсыз ел болашағы баянды бола алмайды. Біліммен қатар тәрбие қатар өрістеуі тиісті. Сонда ғана жетістікке жетеміз.

–Болат Сүлейменұлы, жастардың бойында осындай ұлтжанды мінездің барлығына сенесіз ғой?

–Әрине, қазақ негізі намысшыл халық. Былайынша аңғырттау, кеңқолтық болып көрінгенімен, ел намысы таразыға тартылған шақта теңіздің ақ бас толқынындай буырқанып сала беретінін 1986 жылғы оқиға көрсетіп берді емес пе?! Бұл да тәуелсіздік үшін жанып пида еткен жойқын оқиға болды. Кейін белгілі болғанындай сол кездегі одақ басшылары басынан бақайына дейін қаруланған 30 мың әскер кіргізіпті деген дерек бар.

Алматыдағы зауыт-фабрикада жұмыс істейтін жұмысшыларды да темір кесінділермен қаруландырып, жергілікті ұлтты басып, жанышпақ болған. Кейін қудалау басталды. Мен ол кезде облыстық ауруханада бас дәрігер болып қызмет істейтінмін. Қалалық партия комитетінде күнде тырнақ астынан кір іздеген, жоқ жерден жау іздеген қиянкескі жиналыс. Тіпті, біздің ауруханада неше қазақ дәрігерінің жұмыс істейтіні туралы дерек жинады. Есебі ұлтшыл қып шығару ғой. Бірақ, ол жапқан жалаларынан түк те шықпады. Ақиқаттың жеңіп шығатындығы әу бастан мәлім еді.

Таяуда мен келелі бір кеңесте мәселе көтердім. Ондағы ойым Желтоқсан көтерілісі кезінде жазықсыз қаза тапқан жастарға ескерткіш орнату. Ол ескерткішті «Bolaşaq» сарайының алдына орнатса, тіпті жақсы болар еді. Сарайға үзбей қатынайтын қазақ жастары өздерінің ағалары мен апаларының сол бір ұлт намысы сынға түскен, таразыға тартылған тұста көрсеткен ерлік істерімен танысып, үлгі алар еді.

Аға буынның бір міндеті – жастарға тәуелсіздікті қастерлей білу керектігін айту. Шынтуайтында, тәуелсіздік жаратқан иенің біздей пендесіне жасаған сыйы деп айтуымызға болады.

–Сіз осыдан отыз жыл бұрын ең алғаш Декларация қабылданған кезде Қазақ ССР-і Жоғарғы Кеңесінің депутаты едіңіз. Бұл 1990 жыл болатын. Сол кезде қандай әсерде болдыңыз?

–Мемлекеттік егемендік туралы декларация  – 1990 жылдың 25 қазанында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің қаулысы бойынша қабылданған тарихи құжат екендігі белгілі. Онда Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі жарияланып, елдің саяси-құқықтық тәуелсіздігінің бағдарламасы баяндалды.

Ел аумағының тұтастығы, оған қол сұғылмайтындығы, қазақ халқының және Қазақстандағы басқа да этнос өкілдерінің төл мәдениетін, дәстүрін, тілін қайта түлету мен дамыту, ұлттық қадір-қасиетті нығайту мемлекеттің аса маңызды міндеттерінің бірі ретінде айтылды.

Конституциялық құрылысқа қарсы жасалатын кез-келген күштеу әрекеттері, оның аумағының тұтастығын бұзуға шақыратын, ұлт араздығын қоздыратын жария-ұрандардың заң бойынша жазаланатыны ескертілді. Республиканың саяси, экономикалық, әлеуметтік, ұлттық-мәдени құрылысына, оның әкімшілік-аумақтық құрылысына байланысты мәселелер ешкімнің араласуынсыз дербес шешілетіні жарияланды.

Декларациядағы бағдарлама негізінде 1991 жылдың 16 желтоқсанында «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Тәуелсіздігі туралы» Конституциялық Заң қабылданды.

Біз Жоғарғы Кеңесте 360 депутат болдық қой. Алғашқы бетте әркімнің өз көрпесін өзіне тартуға тырысқаны да болды. Өйткені, біз көпұлтты, алуан пікірлі едік. Бірақ, депутаттар ішінде терең білімді, туған елін жанындай жақсы көретін Салық Зиманов, Сұлтан Сартаев, Нағашыбай Шәйкенов тәрізді азаматтар болды. Олар өз пікірлерін ұлт мүддесін ескере отырып түйіндеген мақсаттарына жету үшін өте дәлелді, аталы сөз айта білді. Соның арқасында тәуелсіздігімізді жариялайтын тарихи құжат қабылданды деп айтсақ болар.

Отыз жыл ішінде тәуелсіз еліміз асқаралы биікке шықты. Әлем таныған елге айналдық. Тәубе дейміз. Біз үшін қастерлі де қасиетті тәуелсіздік мерекесі баршаға құтты болсын!

– Әңгімеңізге рахмет!

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар