Ақмолалық диқандар егіс жұмыстарын толық аяқтап шықты!

Ақмола облысының диқандары 4 миллион 982,2 мың гектар алқапқа тұқым себу жұмыстарын ойдағыдай толық аяқтап шықты. Биылғы жылы 4,5 миллион гектарға дәнді және бұршақ дақылдары, 223,5 мың гектар алқапқа майлы дақылдар, 189,9 мың гектарға азықтық дақылдар себілді. Картоп пен көкөніс те толық отырғызылды. Диқан қауымы дәнді дақылдардан мол өнім алуға ниеттеніп отыр.

Құрметті аудан және қала әкімдері,
құрметті ауыл шаруашылығы кәсіпорындары мен шаруа-фермерлік қожалықтарының басшылары!

Сіздерді және еңбек ұжымдарыңызды егіс жұмыстарының табысты аяқталуымен құттықтауға рұқсат етіңіздер!
Көктемгі дала жұмыстарының аяқталуы – бұл ауыл тұрғындары үшін дәстүрлі үлкен мереке, өйткені, бұл күндері жыл бойы бізді тамақтандыратын астықтың негізі қаланады.
Егіс науқаны ұйымдасқан түрде, кідіріссіз және қысқа мерзімде өтті. Егіс біздің өңірдің барлық аумағында аяқталды.
Дала жұмыстарының сапалы жүргізілуіне еңбекті жақсы ұйымдастыру, барлық деңгейдегі жауапты дайындық және ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының еңбек ұжымдарының үйлесімді жұмысы айтарлықтай ықпал етті.
Қазір диқандардың алдында жауапты кезең – егістік алқаптарын күтіп баптау, мал азығын дайындау, егін жинауға дайындық жұмыстары тұр.
Ауыл шаруашылығы өндірісінде ауа райы жағдайының маңыздылығы зор. Алайда, астық өсіруде үлкен жауапкершілік, ең алдымен, маман-диқандарға және өз уақытымен санаспай, көктемгі егін егу мен егін жинаудың қауырт кезеңінде көп уақытын егістік алқабында өткізетін қарапайым адамдар – механизаторларға жүктеледі.
Құрметті диқандар, аграршылар мен барлық ауыл еңбеккерлері! Сіздердің қажырлы, шын мәнінде жанқиярлық еңбектеріңіздің, кәсіпқойлықтарыңыздың және жер мен Отанға деген үлкен сүйіспеншіліктеріңіздің арқасында, біз сапалы ауыл шаруашылығы өнімдері мен азық-түлік тауарларына қол жеткіземіз. Сіздердің жоғары өндірістік нәтижелеріңіз және отандық ауыл шаруашылығын дамытуға қосқан үлесіңіз біздің өңіріміздің және жалпы еліміздің азық-түлік қауіпсіздігінің кепілі болып табылады.
Сіздерді көктемгі дала жұмыстарының табысты аяқталуымен құттықтаймын, зор денсаулық, үлкен отбасылық бақыт, жаңа еңбек жетістіктері мен жеңістер тілеймін! Ауа райы қолайлы және мол өнім болсын!

Ермек Маржықпаев,
Ақмола облысының әкімі.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар