Еліне еңбегі сіңген азамат

Туған жерінің топырағын гүлдендірсем, елден ерек көркейтсем деген перзенттік пейіл қашанда алға жетелейді емес пе?! Ат жалын тартып мінгелі жан-тәнімен халыққа қызмет етіп, дауылпаз дәуірдің ыстығына күйіп, суығына тоңып, адал еңбек етіп келе жатқан адамның еңбекпен өрілген өткен жолы да желкілдеп өсіп келе жатқан ұрпақ үшін өнеге.

Қазақта «тек» деген текті ұғым бар. Ата түйсігіндегі қалыптасқан, шындықпен көмкерілген ақиқат ғылыммен де дәл солай сабақтасады. Бүгінгі кейіпкеріміз, жақсылардың жалғасы Ербол Сағдиев туралы әңгіме сабақтағанда, арыдағы аруақты аталар туралы аз-кем әңгіме айтпай тұра алмас едіңіз. Алдымен туған топырақ, өскен орта туралы ақжарма сыр сабақтасақ, жарасымды болмақ.
Солтүстік Қазақстанның осы бір пұшпағы, ата жұрт көз тартарлық ғажап, сұлу ғой. Құланиектеніп таң атып келе жатқанда, шылбыр тастам жердегі Сәмембет ауылының бейнесі жалқын сәулені қақ жарып, мен мұндалап көрінетін. Ауыл іргесі ит тұмсығы өтпейтін қалың орман.
Ербол Болатұлының атасы Рамазан ақсақал дүйім елге сыйлы, қадірлі адам болған екен. Ол туралы әкесі Болат Рамазанұлы ұлдарына талай-талай сыр шерткен:
– Әкем марқұм мынау жарық дүниедегі ең құдіретті нәрсе – еңбек деп өтті. Бізді де соған баулыды. Жалаң сөзбен ғана емес. Сөз шіркіннің өзі іспен шегенделмесе, адам санасына сіңуші ме еді? Өзінің күнделікті іс-әрекетімен өнеге көрсететін. Рас, ілгері барып оқу-білім қуа алған жоқ. Ол кісілер мынау даланың жоғары мектебін бітірген. Осы даланың жырын жадына тоқып өсті. Егіннің, жердің тілін білетін.
Халқына қыруар еңбек сіңірген Мақтай, Болат ағалардың кіндік қаны тамған Өндіріс ауылының атырабы көрген жанның көзін суаратын көркем сурет тәрізді еді. Заманында Ербол Болатұлының аталары да алты Алаштың аруақты бір пұшпағы Атығай тармағының бетке ұстайтын, сөз ұстаған, қол бастаған, елдік пен ерлікті көрсеткен, кісілікті танытқан, пайым-парасатты ұқтырған адамдары болса керек-ті. Өйткені, Арқаны жайлаған жалпақ жұртқа Зілқара-Шопан есімі әбден белгілі-тұғын. Ал, Зілқараның Әлібегі өз алдына бір дастан. Арыдағы бақыт пен байлық арылмаған ата даңқына лайық Әлібектің заманында қазақтың батырлық дәуірі өткен уақыт болатын. Жау қашырған жорықтар сап тиылған, ел енді тіпті ерге зәру еместей. Бірақ, тұла бойындағы тылсым қасиетке, өрлік пен ерлікке сай Әлібекті Орта жүз батыр деп әспеттеген. Әке даңқының арқасында ғана емес, өзінің мінез-құлқына сай, бітім-болмысына орай. Сол Әлібектің Алашта ән оздырған айрықша талантты, қазақ музыкасының жарық жұлдызы, әйгілі Ақан серіні жанындай жақсы көріп, бауырына тартуы өзгеше бітімді бір өнеге. Жалпақ қазақ даласында жүйткіген ерен жүйріктердің ішінде атақ-даңқы жер жарған Құлагердей тұлпарды баптап, бәйгеге қосып, мерейі тасыған Ақан серінің атағын ең алғаш үш жүздің жұртына түгел жайды. Шынтуайтында, көмейінен ән саулаған Ақан серінің төрт тұяғына жел біткен, ешбір тұлпарға үзеңгі қағыстырмаған қанатты жануар Құлагердің өз бойындағы жаратқан ие сыйлаған бар қасиетімен толайым танылуына тұңғыш жол ашқан Зілқараның Әлібегі Ербол Болатұлының атасы.
Әкесі Рамазан балуан денелі, зор бітімді адам болатын. Елден ерекше жаралған дене бітіміне қарамай, барынша біртоға кісі. Алдындағы шаруасын ғана білетін, қақ-соқпен шаруасы жоқ, істің адамы. Тұла бойынан парасаттың лебі есіп тұратын. Сөзді де ойланып-толғанып, екшеп қана айтатын. Әкесі аудандағы орман шаруашылығының Мальцево деген кардонында қорықшы-орманшы болды. Бір есінде қалғаны, сол бір жылдары Ленин ауданының орман шаруашылықтарында қарағай ормандары егілді. Осы жұмысқа әкесі Рамазан да жан-тәнімен беріліп, үлкен іс атқарған.
Атасы Рамазанның бастаған ісін Ербол Болатұлы да жалғастыруда. Бүгінде «Көкшетау» ұлттық паркінің басшысы. Әкесі Болат Рамазанұлы да осы ұлттық паркте ұзақ жыл еңбек еткен. Бұл жерге бірден келе қалған жоқ, еңбек көрігінде пісіп, шыңдалды. Таратып айтар болсақ, ойға алдымен сол кездегі Көкшетау ауданына қарасты КОКП-ның 24 съезi атындағы кеңшарында зоотехник селекционер болып қызмет етті. Отыздан жаңа асқан, орда бұзар шағы еді. Жас маман күнделікті тәжірибені ғылыми жетістіктермен қапысыз ұштастыра білді. Кеңшарға директор болып тағайындалды. Еңбегі ел аузына ілінді. Көпке үлгі болар жақсылық іздейтін жазарман қауым енді Ерболды іздейтін болды. Оң тәжірибесін, озық шаруасын насихаттады. Кешегі кеңес дәуірінде алдынан жұмыс үркіп, оң шаруасы оңғарылып тұратын іскер адамдарды топтаған номенклатуралық тізім болатын. Оған бір іліккен адамның айы оңынан туып, қадамы алға баса беретіні бар. Аға буынның есінде қалған-ақ шығар. Еңбек адамының қадірін білетін сол бір тұста «кадр бәрін шешеді» дейтұғын атақты ұран бар еді. Шынында да қай шаруаның болмасын қыбын келтіре алатын кадрлар іс тетігін шешіп жатты. Осы арада мынадай бір мысал келтіре кетелік. Шаруашылық басшысы Ербол Болатұлы сол кездің өзінде төтеден жол тауып, қиыннан қиыстыра білді. Кеңшар қант қызылшасын егетін. Өнімді қанша мол алса да, шаруашылыққа табыс болып құйылар тиын-тебен мардымсыз. Өйткені, шаруашылық пен қант қызылшасын өңдейтін кәсіпорын арасын аудандық дайындаушы кеңсе жалғап жатты. Түсінікті болу үшін таратып айта кетелік, шаруашылықтан барынша арзан бағамен алынған қызылшаны өңдеуші кәсіпорынға бұлдап өткізеді де, екі ортадағы табысты басып қалады. Кейін мұндай тәсілдер, делдал қызметі кең етек алып кетті ғой. Ол кезде мүлдем жоқ болатын. Айналып келгенде ала жаздай қант қызылшасын өсіретін шаруашылық еңбеккерлерінің жұмысы зая кеткендей болады. Іскер басшы осы бір түйткілдің түйінін тарата білді. Әдейі қант зауытына барып келісім-шарт жасағаннан кейін кеңшар өндірген қант қызылшасы тікелей зауытқа жеткізілетін болды. Есесіне еңбекпен оралған табыс өздеріне бұйырмақ. Күзгі егін орағы кезінде мол өнім жинаған шаруашылық қызылшаны зауытқа аттандырды. Арада көп уақыт өткен жоқ, кеңшарға вагон-вагон қант жеткізілді. Дәл сол уақытта қасқалдақтың қанындай болып таптырмай тұрған қантты шаруашылық жұмысшылары жеңілдетілген бағамен жалақыларының есебіне жатқызып, пышақ үстінде бөліп алды. Осы арада мына бір қызықты да айта кетуге болар. Қат тауардың кеңшарға жеткізілгенінен құлақтанған аудандық партия комитеті тұтас бір делегация аттандырған. Күні кеше айбарынан ай ығып тұрған аудандық партия комитетінің қызметкерлері өздерінің қызмет дәрежесін ысырып қойып, шаруашылық қоймасының алдында қаз-қатар кезекке тұрыпты. Осылайша жас басшы шаруашылық ісін жаңаша жүргізудің қаншалықты табысқа кенелетінін іс жүзінде дәлелдеп берген.
Жаңалыққа жаны құмар жас басшы тағы бір күрделі іске құлаш ұрған. Шаруашылықтың дәл жанынан каолин комбинаты салына бастады. Шынтуайтында Кеңес Одағы бойынша қуаттылығы жөнінен үшінші орындағы комбинат болмақ. Алып комбинатқа темір жол тарту қолға алынады. Ал, жол дегеніңіз тіршіліктің күре тамыры. Әлденені әріден ойлайтын Ербол Болатұлы темір жолдың бір тұйығын шаруашылыққа жеткізуді көздейді. Ойға алған іс орындалар шақта уақыттың жетпей қалғаны. Кешегі кеңшар да сең соққан балықтай болған.
Алда ұзақ та қиын, абыройлы да азапты еңбек жолы жатыр еді. Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Шал ақын ауданы Ербол Болатұлының аудан әкімі қызметін атқарған бесінші жері. Бес бірдей ауданда басшылық етті. Бір ғажабы, қай жерде жұмыс істесе де, абыройлы болды. Абыройлы болмасқа хақысы да жоқ еді. Ел ардағы Мақтай аға Сағдиевтің бауырында өскен, тәлім-тәрбиесін көрген талапты ұлдың ет жүрегі елім деп соғып, бойындағы бар күш-қуатын, білім-білігін сарқа жұмсауы міндет болатын. Айтпақшы, ең алдымен облыс орталығының іргесіндегі Зеренді ауданының әкімі болып тағайындалған сәті әлі есінде. Әуелі абдырап қалған, шаруа шаш-етектен. Әбден қас қарайып, ымырт үйірілгенше жұмыс кабинетінде тапжылмай отыратын Ербол Болатұлының амалсыздан май шам жағып, жұмыс істеген де кездері болған. Кейін жекенің қолына өтіп, іркіліспен берілген сол электр қуаты мәселесін де шешті.
Аудан тұрғындары жиі-жиі өтініш айтып келетін. Бірақ, халықпен кездесуге, бар жағдайды түсіндіруге жаңадан тағайындалған әкім жасқанған жоқ. Қалыптасып отырған ахуалды саралап түсіндіру бар да, сол қиындықтан ел болып шығу бар. Ол үшін аудан жұртшылығын жұмырдықтай жұмылдырып, игілікті істерге бастап, сүттей ұйыта білу қажет. Өн бойыңда ұйымдастырушылық қабілет болса ғана көкірегіңдегі көксеген мақсат орындалмақ. Бұл өз алдына бір емтихан іспеттес кезең еді. Аяуды білмейтін, сылтауыңды құлағына ілмейтін қатал емтихан. Халық атынан сөз сөйлеп жүріп, сол халықтың жағдайын жасауға тырысты. Аз ғана уақыттың ішінде аудандағы еңбек ұжымдары жаңа басшының жұмыс стилін танып-білді. Табиғатынан бойға біткен бір қасиеті – бүгін істейтін істі ертеңге қалдырмайтын. Қолма-қол шешіп тастауға тырысатын. Ал, шеше алмаса, күл-білтелемей онысын да айтатын. Ербол Болатұлының пайымдауынша, өтірік уәде бергеннен жаман әдет жоқ. Таңда берген сертіңнен кешке тайып жатсаң, өзіңнің ғана емес, барлық басшы атаулының атына кір келтіруің мүмкін. Кейін көш жүре түзеліп, игілікті істердің басы құралып, керуен алға басқанда, зеренділіктер өздерінің ел болып сыйлаған әкімдерінің көрші ауданға ауысып бара жатқанын естігенде қатты толқыған. Ел қариялары ауданның бағына келген азамат еді дескен. Енді бірер жыл ел тізгінін ұстап тұрса, ұсақ-түйек, кем-кетік толайым жөнделіп, бір көш алға жылжып қалар ма едік деп армандаған. Әлі күнге дейін аудан халқы осы пікірде.
Зерендіде жүргенінде талай бағалы бастамаларды көтерді. Соның бірі – Нұр-Сұлтан қаласын азық-түлікпен қамтамасыз ету белдеуінде болғандықтан, ауыл шаруашылығын еселей өсіріп, дамыту. Жөн-ақ шаруа. Дегенмен, жақсылыққа жаны құмар әкім дәл осындай қамқорлық облыс орталығына, яки Көкшетау қаласына да жасалуы тиіс деп түйсінді. Ауылдық жерлерде сүт өңдейтін цехтар салына бастады. Бұрынғыдай емес, мал сою да арнайы орындарда жүзеге асырылатын. Мал сүмесімен күн көріп отырған ауыл адамдары өздерінің азапты шаруасының нәтижесін толайым көрсе екен деген тілек тағы бір ауқымды істі жолға қоюға жетелеген. Аудан көлемінде алып-сатарлар аяқтарын байқап-байқап басатын болды. Бұрын олардың қалтасында іркіліп қалатын қаржы енді нақты мал иесіне бұйырды. Ауыл тұрғындары үшін аз несібе емес еді.
Іскер басшы қай жерге де керек. Атбасарлықтар жемісті жұмысын жақсы білетіндіктен, Сағдиевті қуана қарсы алды. Кейбіреулер қызмет бабындағы мұндай ауыс-түйісті әуелден қалыптасқан жүйе деп есептегенімен, шын мәнінде Ербол Болатұлының іргелі ауданға басшылық жасауы сол жердің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға қажет болғандығынан. Әкім Сағдиев бұл жерде де ерен еңбегімен елге танылып, артында жақсы атын, көпшілік ауыз жаппай айтып жүрер абыройлы ісінің өнегемен өрілген жолын қалдырды. Небары бір жарым жыл жұмыс істеді. Соның өзінде ауданға соны леп, жалпақ жұртқа жағымды жаңалық ала келді. Ауданның әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы көп-көрім көтеріліп, бұрын көзден тыс, көңілден жырақ қалған кейбір келелі мәселелер оңынан шешімін тауып жатты.
Ел ішінде ат жалын тартып мінген әр азаматтың іс-қимылы, кісілік келбеті, ақыл-парасаты алақанға салғандай мөлдіреп көрініп тұратыны бар. Ендігі жерде дәм бұйырған Сандықтау ауданының халқы да жігерлі басшының жемісті еңбегін жақсы білетін. Ауысудың өзі оңай болған жоқ. Жоғары билік тарапынан емес, жергілікті халықтың қимастығынан. Әкім Сандықтауға ауысады деп естіген атбасарлықтар өре түрегелген. Өздері қалап, әкімімізді жібермейміз деп митингі де ұйымдастырған. Бұл ел басқарған азамат үшін ең үлкен құрмет, ең толымды баға. Бұрын-соңды басшысынан айрылмаймыз деп жиналып жиын өткізіп, толқыған халықты кім көріпті. Еңбегін бағалағаны да, болашақтың армандай алыс жағалауына жетектеп жеткізеді деп кәміл сенгені де. Халықтың көзі қырағы, қолынан іс келетін өзіне жаны ашитын басшының бейнесін қапысыз көріп тұрады.
Сәтін салып, Сандықтауға ауысқан Ербол Болатұлы дәл осы ауданда табаны тастан таймаған тарланбоздай нәтижелі еңбек етті. Ел Президенті республикалық аграрлық кеңесте жер өңдеудің жайы туралы сын айтқан болатын. Әңгіменің әлібі – гектар айналымынан 10 центнерден өнім алынған жағдайды табыс деп есептеу. Мұндай көрсеткішті місе тұтынуға болмайды. Жер жайы жақсы. «Жетек шаншысаң, арба өсіп шығады» дейтіндей бар. Оның үстіне жаңа технология, озық тәжірибе, қуатты техника да келіп жатыр. Демек, өткен дәуірдің өрнегі бүгінгіге қамсау бола алмайды. Мұнда да табиғаты тамылжыған ауданның тұрмыс-тіршілігін жаңа заманның талабына сай етуге тырысты. Жинақталған тәжірибе, мол білім бар. Ал, елге қызмет етсем деген мерейлі мақсат пен аялы арман көкіректе қоламтаның шоғындай маздайды.
Жалғыз Ақмола өңірі ғана емес, Солтүстік Қазақстанда да қос бірдей ауданды басқарғанда ерен еңбек шежіресі абыроймен жазылды. Елге деген ыстық ықылас қонақтаған кеудеге «Парасат» пен «Құрмет» ордендерін тақса, ол өзінің адал еңбегіне берілген баға.
Бір кезде атасы Рамазанның бауырына басқан баласындай мәпелеп өсірген «Рамазан шоғы» деп аталатын орманның бауырында құлын-тайдай құлдыраңдап өскен бала бүгінде ел ағасы. Ақ қайыңды Солтүстік Қазақстаннан басталатын ата дәстүрі Зеренді мен Айыртаудың құйқалы өңірін қамтыған ұлттық паркте жалғасын тапқан. Уәдеге берік, іскерлігі толайым Ерболдың еңбек жолы бұл жерде де жақсылықпен жалғасын табатындығы сөзсіз.

Байқал БАЙӘДІЛОВ,
Қазақстан Республикасының Ақпарат саласының үздігі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар