Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
«Ерлігі үшін» медалі 76 жылдан кейін иесін тапты - АРҚА АЖАРЫ

«Ерлігі үшін» медалі 76 жылдан кейін иесін тапты

Жуырда Жарқайың ауданының әкімі Жанболат Хамитов және осы аудан мен Есіл аудандарының қорғаныс істері жөніндегі біріккен бөлім бастығының міндетін атқарушы Қазбек Рақышев аудан тұрғыны, Ұлы Отан соғысының ардагері Николай Шпуровқа қан майданда марапатталған «Ерлігі үшін» медалін табыс етті.

Таяуда, яғни, 2021 жылдың сәуірінде Беларусь Республикасының Могилев облысы, Дрибин ауданы, Верба деревнясының жергілікті тұрғындары «Ерлігі үшін» медалін тауып алған болатын. Олжалы болғандар медальді жергілікті журналист және өлкетанушы Максим Тетеренге тапсырса керек. Ол «Беларусь тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау ерікті қоғамы» қоғамдық бірлестігінің әскери-іздестіру бөліміне барып, медальдің иесін анықтап беріңіздер деп өтініш білдірген екен.
Беларусь елінің қоғам белсенділері анықтағанындай, бұл медальмен 1925 жылы туған Николай Яковлевич Шпуров марапатталса керек. Ол Могилев облысы, Дрибин ауданы, Вер ауылында дүниеге келген. Николай Шпуров 1943 жылы Могилев облысының Метиславский аудандық әскери комитетінен Ұлы Отан соғысына аттанған. Ол 330-шы Могилев атқыштар дивизиясының 1113-ші атқыштар полкінің миномет ротасында атқыш, барлаушы болған. Қан майдандағы қайсарлығы үшін «Ерлігі үшін» медалімен қатар, 3-ші дәрежелі Даңқ орденімен және 2-ші дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталған.
Бұдан басқа, зерттеу барысында журналист Максим Тетерен Николай Яковлевич Шпуровты 93 жылдығымен құттықтаған жедел хатты тауып алған екен. Максим Тетерен бұл ақпаратты оқысымен, Қазақстандағы Пригородное ауылындағы кітапханашыны интернет арқылы тауып алып, хат алмасу арқылы қазіргі таңда ардагердің көзі тірі екендігін білген. Осылайша «Беларусь тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау ерікті қоғамы» бірлестігінің әскери-іздестіру секциясы Ұлы Отан соғысы оқиғалары туралы естелікті сақтау және Беларусь Республикасы мен Қазақстан Республикасы арасындағы байланыстарды одан әрі жемісті дамыту мақсатында Қазақстан Республикасының елшілігі арқылы батырдың тұрғылықты жері бойынша марапатты кейіннен жергілікті мұражайда сақтау үшін Қазақстанға беру туралы шешім қабылдаған.
Мінекей, таяуда осы мәртебелі марапат өз иесін тауып, Қазақстанға, атап айтсақ, ардагер тұратын Жарқайың ауданына әкелінді. Жетпіс алты жылдан кейін өз иесін тапқан марапат қан майданда Отан үшін отқа түскен жауынгерлердің ерлік істері ешқашан ұмытылмайтындығының тағы бір дәлелі.

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар