Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жұмысы тоқтамайды - АРҚА АЖАРЫ

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жұмысы тоқтамайды

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың төрағалығымен саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі комиссияның отырысы өтті. Осы бағытта Ақмола өңірінде кешенді жұмыс жүргізу үшін арнайы топ құрылған.

Кезінде Алаш құрамында белгілі бір салалар бойынша лауазымды қызмет атқарған жерлестеріміздің өмірі туралы әлі күнге зерттелмеген. Комиссия мүшелерінің бейресми мәліметінше, 150-ге тарта ақмолалық алаш қайраткері бар екен. Бүгінде облыстық зерттеу тобы жедел желі құрып, халық арасынан ақпарат жинауға кірісуде. 27 тарихшы маман кірген комиссияға әзірге төрт тұлғаны ақтауды өтініп, ұрпақтары хабарласыпты. Қазір архивтегі құпия құжаттарды зерттеуге рұқсат қағазы алынған.

– Жиырмасыншы ғасырдың 20-40-шы жылдарындағы саяси қуғын-сүргін құрбандары халқымыздың тарих қойнауына енген қайғылы беттерінің бірі. Тәуелсіздік алғаннан бергі Қазақстан мемлекеттік деңгейде осы қасіретті оқиғаның құрбандарын мәңгі есте сақтау үшін үлкен шаралар қабылдады, – деген облыс әкімі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Кеңес заманында өмір сүрген халықтарға «үлкен террордың» орасан зор қасірет әкелгені есімізде.

Зұлмат жылдарда Қазақстанға КСРО-ның түкпір-түкпірінен бес миллионнан астам адам жер аударылды» деген сөзін келтіре отырып, 2020 жылдың 24 қарашасында Мемлекет басшысының саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құру туралы Жарлыққа қол қойғанын атап өтті. Осыған орай, ұйымдастырылған өңірлік комиссияның басты міндеті – репрессия құрбандарының барлық санаттарына қатысты тарихи әділдікті қалпына келтіру, материалдарды жан-жақты зерттегеннен кейін жазықсыз азап шеккен азаматтарды толық ақтауды жүзеге асыру, – деді Ермек Маржықпаев.

Отырыста алдымен, сөз алған Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті ректорының кеңесшісі, тарих ғылымдарының кандидаты Аманбай Сейітқасымов:
– Өткен жылы мемлекет басшысының Жарлығымен мемлекеттік комиссия құрылды. Негізінен ол саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтауға бағытталған. Бұл 1993 жылғы еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың бастамасымен басталған болатын. Сол жылы заң шықты. Одан төрт-бес жыл өткеннен кейін 31 мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып белгіленді. Жалпы, осы тақырыпта жүйелі түрде жұмыс жасалып жатыр.

Қазіргі уақытта мемлекеттік комиссия құрылып, оның басшысы болып Қырымбек Көшербаев тағайындалды. Сонымен қатар, еліміздің барлық өңірлерінде саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау бойынша облыстық комиссиялар құрылып, белсенді жұмыс істеуде. Осының аясында біздің университет жанынан облыс әкімдігімен бірлесіп ашылған жобалық кеңсе де өз жұмысын бастап кетті. Сөйтіп, өңірімізде облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімованың нұсқауымен бірнеше жұмыс комиссияларын өткіздік. Соған байланысты қазіргі уақытта облыстық комиссия үш топқа бөлініп жұмыс істеуде, – деген ол, «Қазіргі заманғы ресурстар және жаппай саяси репрессияның зерттеу бағыттары» туралы хабарлама жасады.

Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттамалар басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова мемлекеттік архивтер қорындағы құжаттарға сәйкес, 2511 азамат ақталса, әлі 2373 азамат ақталмағанынан хабардар етті. Бүгінде әрбір анықталған құжатқа арнайы карта жасалуда. Аталмыш құжаттар жалпыға ашық, ешқандай шектеу қойылмаған. Зерттеушілер өз кезегінде Мемлекет басшысының тапсырмасына орай, құрбандарды ақтау ісін саясиландырмаса деген ниеттерін де білдірді. Өңір басшысы тағы да бірқатар зерттеушіні құпия құжаттармен жұмысқа тарту керектігін айтты.

Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Айбек ДАНИЯРОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар