Облыстық ішкі саясат басқармасының мәліметінше, Көкшетаудағы Даңқ мемориалында Ұлы Отан соғысының қатысушылары Камен Жұманов, Төлеубай Жұмабеков және белгісіз жауынгерге әскери құрмет көрсетуге арналған «Ерлікке тағзым» естелік акциясы өтті. Шараға облыс әкімі Ермек Маржықпаев, сондай-ақ, Көкше жеріне арнайы келген Ресей Федерациясы Елшілігінің, «Атамның аманаты» қоғамдық бірлестігінің өкілдері және қаза тапқан жауынгерлердің туыстары қатысты.
Жиында облыс әкімі соғыста хабар-ошарсыз кеткен жауынгерлердің сүйектерін іздестірумен айналысатын ресейлік іздестіру тобына алғыс айтып, аталған акциялардың өскелең ұрпақ үшін маңыздылығы атап өтті.
«Біз қазір Отанымызды фашизмнен қорғаған аталарымыз бен әкелеріміздің жауынгерлік ерліктерінің мысалдарын жаңа ұрпақтың жадында сақтау үшін көп жұмыс істеп жатырмыз. 90 мың ақмолалықтың 37 мыңнан астамы соғыстан оралды. Біз 500-ден астам қазақстандық батырлардың арасында Ақан Құрманов, Александр Герман, Николай Сергиенко сияқты жерлестеріміздің барын мақтан тұтамыз», — деп атап өтті Е.Маржықпаев.
Айталық, 4 жыл ішінде Степногорск қаласының «Поколение» және «Көкше-іздестіру» жасағының іздеушілері Ұлы Отан соғысына қатысқан 200-ге жуық адамның мәйітін тауып, жерленген орындарын анықтады.
1942 жылы 21 ақпанда Қорғалжын аудандық әскери комиссариаты шақырған Ақмола облысының тумалары Камен Жұманов пен Төлеубай Жұмабековтың сүйектері ағымдағы жылдың сәуір айында Тверь облысы Ржев қаласының аумағында Мәскеу қаласының «Пионер» іздестіру жасағымен табылды. Үшінші жауынгердің қалдықтарын анықтау мүмкін болмады.
Митингтен кейін сарбаздардың сүйегін туған жері Қорғалжын ауданына қайта жерлеу үшін алып кетті.