Сәт сапар, жас түлек!

Мектеп бітіріп, аттестат алу кеші – түлектер үшін ең жарқын, көңіл толқытарлық, ұмытылмас ерекше күн. Кеше еліміздің түкпір-түкпіріндегі жалпы білім беретін мектептерде жас түлектердің жүрек тебіренісіне толы аттестат алу салтанаты болып өтті. «Білім-инновация» лицей-интернатына облыстық білім басқармасының басшысы Бейбіт Жүсіпов барып, алтын ұя мектепті бітіріп, үлкен өмірге қадам басқан түлектерді құттықтап, аттестаттарын табыстады.

Білім және ғылым министрінің бұйрығы бойынша биылғы пандемияға байланыс-ты түлектер кеші еш салтанатсыз, мектеп қабырғасында ашық алаңда өткізілуде. Биыл облыс мектептерін 5053 түлек тәмамдады. Оның ішінде мектеп бітірушілердің 2740-ы мемлекеттік тілде, 2313-і орыс тілінде білім алыпты. Солардың ішінде 382 оқушы «Алтын белгі» төсбелгісінің иегері атанса, 270 оқушы үздік аттестатпен аяқтады.

–Соңғы 3 жылда облыста «Алтын белгі» иегерлері 1,5 пайызға артты, ал үздік аттестатпен бітіргендер 1,4 пайызға көбейді. Оқушыларымыз жыл сайын түрлі олимпиадаларға қатысып, алдыңғы орындардан көрінуде. Халықаралық білім додаларында бақ сынаған оқушылар Ақмола облысының қоржынына биыл 3 күміс, 5 қола медаль салса, республикалық сайыстардан 1 бас жүлде, 15 алтын, 25 күміс, 49 қола медальдермен толықтырды. Солардың ішінде «Білім-инновация» лицей-интернатының биылғы түлектерімен ерекше мақтануға болады.

Олардың арасында бірнеше халықаралық байқаулардың жеңімпазы, математикадан өткен республикалық, облыстық жарыстардың бірнеше мәрте алтын, күміс және қола жүлдегері Арслан Даминовты, информатика және математика пәндерінен республикалық олимпиадаларда қола жүлдеге ие болған Әмірлан Шәріпов пен Санжар Кәкеновты, Нұрислам Әбдіқапаровты атап өтуге болады, –деп облыстың бас ұстазы мектеп бітіруші жас түлектерге жылы лебіздерін білдіріп, алдағы өмірге ақ жол тіледі.

Облыс орталығындағы аталмыш білім ордасын тәмамдап жатқан 41 түлектің 8-і «Алтын белгі» төсбелгісін кеудесіне тақса, 9 оқушы үздік аттестатқа қол жеткізді. Бұл күні облыстың барлық жалпы білім беретін мектептерінде ашық аспан астында түлектерге салтанатты жағдайда аттестат тапсыру рәсімі болып өтті. Сәт-сапар, жас түлек!

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ.
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суретте: Көкшетау қаласындағы Әл-Фараби атындағы IT мектеп-лицейінде өткен салтанатты шарадан көрініс.

Суретті түсірген Берік Ескенов.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар