Ел ардақтысына құрметіміз шексіз

Туған халқының мүддесін қорғау жолында сан мәрте басын бәске тігіп, арына дақ түсірмей, бәйге төрінен көріне білген саясаттың ақтаңгері Еркін Нұржанұлы Әуелбеков – көзі тірісінде-ақ ұлттың жанашыры екендігін мойындата білген тұлға. Мемлекет және қоғам қайраткерінің туған күніне орай бүгінгі әңгімеміз Көкшетау қаласында орнатылуға тиісті ескерткіш төңірегінде болмақ. Сұхбат кейіпкері – Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шияп Әлиев.

–Құрметті Шияп Шәрапұлы, осыдан бір жылдай бұрын берген бір сұхбатыңызда Көкшетау қаласында Еркін Әуелбековке ескерткішті 2021 жылғы 22 маусымға орнату ойымызда депсіз. Дүйім жұртты дүр сілкіндірген бұл уәде неге орындалмай қалды?

–Бұл арада ақталатындай немесе біреуді кінәлайтындай себеп іздеудің қажеті жоқ. Өйткені, Смағұл Сәдуақасов көшесінің бойындағы аллеядан ескерткіш орнатылатын жер бөлініп, Көкшетау қаласы әкімдігінің 2021 жылғы 6 қаңтардағы №А-1-16 шешімімен «Еркін Әуелбеков қоры» қоғамдық қорының иелігіне үш жылға жалға берілді. Ақмола облысы мәдениет, архивтер мен құжаттамалар басқармасының «Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану» мемлекеттік-коммуналдық мекемесінің Көкшетау қаласында Еркін Әуелбековке орнатылатын ескерткіштің үздік жобасы үшін жарияланған ашық республикалық конкурсында үш ұсыныс таңдап алынды.

Алайда, ескерткішті өндіріске тапсыру үшін міндетті түрде Мәдениет және спорт министрлігінің келісімі керек екен. Осыған орай конкурс өткеннен кейін де министрлікке қосымша құжаттар тапсырылып, заңдылық талаптар бұлжытпай орындалғанымен шешімнің шығарылуы тым ұзаққа созылғанына шын мәнінде мазасыздана бастадық. Тіпті, төрт-бес ақсақал Елордаға, Мәдениет және спорт министрлігіне баруды да ұйғардық. Алайда, конкурсты ұйымдастырушы мекеме мамандары министрлікпен үзбей байланыс жасап отырғандықтан сабыр сақтауымызды өтінді.

«Ештен де кеш жақсы» дегендей, үш-төрт ай тағатсыздана күткен шешімді жақында алдық қой. Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт вице-министрі Н.Дәуешовтің төрағалығымен 2021 жылғы 1 маусымда өткен монументтік өнер құрылыстарын орнату жөніндегі комиссия отырысының хаттамасында былай делінген: «Көкшетау қаласының Сәдуақасов және Әуелбеков көшелерінің қиылысында орнатылатын көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Еркін Нұржанұлы Әуелбеков ескерткішінің үш жұмыс жобасының «000808» нұсқасы мақұлдансын». Ендігі міндет ескерткіш өндірісте жасалғанша бір мезетте орнын дайын етуіміз керек. Бұл жұмысты күзгі суыққа ұрынбас үшін жазда атқарғанымыз жөн болар.

– «Еркін Әуелбеков қоры» қоғамдық қорының жарғысында жазылғанындай, ескерткішті қаржыландыруды қор өз жауапкершілігіне алып отыр ғой. Ендеше тиісті қаражаттың дер кезінде жиналуына қор төрағасы немесе ұйымдастыру комиссиясы кепілдік бере ала ма?

– «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, көкшетаулықтар өздері бастама көтеріп отырған игілікті істен шет қалуға тиісті емес. Дегенмен де, намысқа қамшы басып, белсенділікті арттыру үшін насихат жұмыстарын ширата түскен жөн. Сол себепті, Еркін Әуелбековке ескерткіш орнату жөніндегі ұйымдастыру комиссиясының үндеуін бұқаралық ақпарат құралдарында тағы да жариялап, заңды және жеке тұлғаларға тікелей тарту да қажет болар.

Өйткені, қорда жиналған қаражат шамалы, тіпті айтуға да ұят. Ал, бұдан бұрын хабардар еткеніміздей ескерткішті жасатып, орнату үшін ең кемі 40-45 миллион теңге керек екен.

–Еркін Нұржанұлы қызмет істеген басқа аймақтардан қаншалықты көмек болар екен. Айтпақшы, қызылордалықтар белсенді түрде әрекет жасап жатқан сияқты.

–Әрине, Ерекеңнің елге сіңірген еңбегін бағалап, қол ұшын берем деушілер болса, оны қолдауға біз дайынбыз. Ал, қызылордалықтарды есіме жақсы салдың. Өзім де Сыр елінің азаматтарына алғыс айтайын деп отырғанмын. «Қазақ тілі қоғамы» облыстық филиалының жетекшісі, «Тіл сақшысы» республикалық басылымның бас редакторы Сәдуақас Әбдіқадырұлы Аңсат бас болып, Қызылордада біздегі қордың филиалы құрылып, белсенді жұмыс жасап жатса керек. Облыс әкімінің өзі бас болып жеті миллионға жуық қаржы жинапты. Алайда, ағайындарға қол жая бермей, барлық ауыртпашылықты өзіміз көтеруіміз керек емес пе?!

Еркін аға Көкшетау облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып істеген кезінде шапағатын көрген шәкірттері мен қызметтес болған әріптестері бізде де баршылық. Міне, осы азаматтар қордың нағыз жанашыры, қолдаушысы болуы керек. Тікелей олардың көмегімен еңбек ұжымдарына, кәсіпкерлерге ықпал ете аламыз. Әзірше, бұл жұмыс та босаңсып тұрған сияқты.

22 маусым – Еркін Нұржанұлының туған күні. Бүгін көкшетаулық зиялы қауым мен ардагерлер Қаныш Сәтпаев көшесі, 15 үйдегі мемориалдық тақтасына гүл шоғын қойып, митинг өткіземіз. Асыл азаматтың аңызға айналған ғибратты ғұмыры жайлы ой бөлісіп, ілтипатымызды білдіреміз. Өйткені, атақты жерлесімізге деген шынайы құрметіміз ешуақытта ортаймайды.

Сұхбатты жүргізген
Балталы СӘРСЕНБАЕВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар