Ана тілін білу – ардың ісі

Ана тілің – арың бұл,
Ұятың боп тұр бетте.
Өзге тілдің бәрін біл,
Өз тіліңді құрметте, –
деп ақын Қадыр Мырза Әли жырлағандай, ана тілін білу ардың ісі екені кез келген қазақ баласының санасына бесікте жатқан кезінде сіңірілсе ғой, шіркін. Сонда қазақ өз тілін өгейсітпей, ана тілінің қадіріне жетер ме еді, кім білсін?!

Адамдар рухани жан дүниені кемелдендіру жайын тоқтатып, тек материалдық жағынан бай болуды ойлаған бүгінгі қоғамда тіл мәселесін қозғау кейбіреулерге қажетсіз дүние болып көрінуі мүмкін. Себебі, өзі қазақ бола тұра, ана тілінен, салтынан, мәдениетінен жұрдай, тіпті бұлардың біреуін білгісі де келмейтін, саналары басқада, ашынып айтқанда мәңгүрт кейпінде өмір сүріп жатқан қарагөздеріміз жетерлік. Жуырда сондайлардың бірінің аузынан естіген: «Мемлекеттік тілді білсек, жағдайымыз жақсы болып кете ме?» деген мына бір сөз арқама аяздай батты. «Япыр-ау, ана тілін білу – ардың ісі емес пе еді? Қазақ өзінің арын дүниеге қашан айырбастап жіберген?!» деген ой маза берер емес.

Кеңес үкіметінің қылышынан қан тамып тұрған кезінде халқымыздың небір зиялы азаматтары қазақ тілін сақтап қалу үшін күрескені мәлім. Ана тілін ұмытқан адам өз халқының өткенінен де, болашағынан да қол үзеді деп санаған асыл ерлер ана тілдері үшін жандарын пида етуге дайын еді. Ал, енді өзіміздің тәуелсіз мемлекетімізде өмір сүріп жатқан қазіргі заманда қазақ тілін қажетсіз деу тіпті ұят, ақылға сыймайтын іс қой.

Бүгінгі күні қазақ балаларының үйде де, түзде де орысша шүлдірлеп жүргені тілімізге немқұрайлы қарайтын, қазақ тілін қажетсіз санайтын сондай ата-аналардың қателігі. Үлкендерде «қазақша сөйлейін, бұл менің туған тілім ғой» деген ниет болса, олардан өсіп-өнген ұл-қыз да әлбетте әке-шешесінен көргенін істейді. Орысшаға судай баласының «Қазақша сөйлесем тілім ауырады» деген сөзін қызық көріп, соны көпке мақтанышпен айтып жүрген ата-аналар да бар бүгінгі қоғамда. «Тәрбие – тал бесіктен» деген дана халқымыз. Балғын балалармен кішкентай күндерінен-ақ ана тілдерінде сөйлеспесе, оны құрметтеуді үйретпесе, ана тілі ешқашанда қанға берік сіңіп кетпейді. Қазақ сол себепті де тілін ананың тілі деп атап, оған ерекше мән берген, қастерлеген. Жоғарыда айтып өткен «Қазақ тілін білсек, жағдайымыз жақсы болып кете ме?» деген әңгіме де ана тілін бойына кішкентайынан сіңіріп өспеген білімсіздің сөзі.

Тарихта небір ғұламалардың тіл туралы айтқан нақыл сөздері бар. Олардың барлығының да мағынасы ешбір ұлттың тілсіз мәңгі жасай алмайтынына келіп сая-
ды. Кез келген дамыған мемлекеттердің тарихына зер салып қарасаңыздар, олардың барлығы да тіл үшін үлкен күрес жүргізгенін көресіздер. Мәселен, француздар әлі күнге дейін балаларына ұлттық тіл мен әдебиетті үйрету арқылы ғана ұлттық қасиеттерін сақтап қаламыз деп есептейді. Жапония да әлем классиктерінің еңбектерін жапон тіліне аудару үрдісін жалғастыруда. Малайзия халқы да санаулы жылдардың ішінде өз тілдерін көтеріп алды. Мұның барлығы да халықтың жоғары сана-сезімінің арқасында жүзеге асқаны белгілі.

Жайшылықта батырлығымызды, даналығымызды айтып мақтанатын біз, қазақ халқы тілін жетімсіретіп қоятындай кімнен кембіз? Біреудің қас-қабағына қарайтындай біз бодан мемлекет емеспіз. Қазақстан – егемен ел, ал, қазақ тілі – мемлекеттік тіліміз. Ендеше, тұтастығымызды, елдігімізді жалған ұранмен емес, ана тілімізге деген шынайы жанашырлығымызбен көрсетейік, ағайын!
Тіл үшін күресу керек дегеніміз, басқа халықтардың тілін мүлде үйренбеу керек деген сөз емес. Тіл үшін күрес әр қазақтың жүрегінде «бұл – менің ана тілім, оны білу менің парызым, ұрпақтарының парызы» деген игі ниеттен басталуы тиіс!

Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар