Белгісіз Батыр немесе әділетсіздікке ұрынған қазақ

Бүгінде небір жаңалық, бұрын естімеген деректер мен оқиғалар әлеуметтік желілердің бетінде жүреді. Майдангер Сәбит Ахметбеков деген адам жайлы мына бір таңқаларлық деректі Қозған ата ұрпақтары әлеуметтік желіге салған екен. Соны көзіміз шалғасын, біздер дереу майдангердің бүгінгі ұрпақтарымен хабарласып, ол кісі жайлы біраз мәліметтер алдық.

«Таңқаларлық» деп отырғанымыздың себебі, Сәбит Ахметбеков Ұлы Отан соғысында Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылып, бірақ бір себептермен өтпей қалған. Көпке белгілі, сол кезде жоғарыда отырған әскери басшылардың өзара қырғиқабақтығынан Бауыржан Момышұлы, Рақымжан Қошқарбаев секілді аталарымыз осы бір мәртебелі атаққа жете алмай қалған. Соғыс уақытында бұндай оқиғалардың болып тұрғанын оқып біліп жүреміз. Әсіресе, бұндай әділетсіздіктер славян ұлтына жатпайтын жауынгерлер үшін көп қолданылған секілді. Сәбит Ахметбеков те дәл осындай жағдайға ұрынып, «Кеңес Одағының Батыры» деген жоғарғы атақ жерлесімізге бұйырмапты. Енді сөзіміз дәлелді болу үшін, төмендегі құжаттарға назар салыңыздар.

1944 жылдың 25 сәуірінде жасалған мына құжатты қараңыз: 44-гвардиялық, Қызыл тулы Бердичев танк бригадасының командирі гвардия полковнигі Гусаковский, 11-гвардиялық танк корпусының командиры гвардия полковнигі Гаркуша қол қойған құжатта С.Ахметбековты «Кеңес Одағының Батыры атағына лайық» деп жазады. Бірақ 1-гвардиялық танк армиясының командирі генерал-полковник Катуков пен армия әскери кеңесінің мүшесі, гвардия генерал-майоры Попель деген адамдар бұл ұсынысты үстінен бір-ақ сызып, «Қызыл Жұлдыз» ордені берілсін деп шешкен.

Енді Сәбит Ахметбеков бұл атаққа не үшін ұысынылған екен десеңіздер, мына бір құжатқа қараңыздар.
Бұл құжатты 1944 жылдың 14 сәуірі күні жасаған 112-Қызылтулы әскери құраманың командирі капитан Усанов деген адам екен. Енді осы құжатты қазақша сөйлетсек, былай дейді:

«1944 жылдың 21 наурызы күні Колодезювка деревнясына шабуыл жасағанда, С.Ахметбеков ерекше ерлік көрсетіп, өз бөлімшесін шабуылға бастап, жау траншеясына бірінші болып кіріп, граната лақтырып, дұшпандардың 20 солдаты мен офицерлерінің көзін жойды. Осы ұрыста Ахметбековтың әскери бөлімшесі жаудың 65 солдаты мен офицерлерін жоқ қылды.

1944 жылдың 23 наурызындағы Борщев деген жерде өткен ұрыстарда Ахметбеков өзінің бөлімшесімен дұшпандардың колоннасына бірінші болып тиіп, 5 автомашинаны жарып, немістің 100 солдаты мен офицерін жер жастандырды.
1944 жылдың 24 наурызында Колодрубка деревнясының маңында болған ұрыстарда Ахметбеков қолдан жасалған құралдарды пайдалану арқылы Днестр өзенінен өтіп, арғы беттегі румын шекара заставасымен ұрыс жүргізіп, біздің бүкіл батальонның арғы бетке өтуіне жағдай жасады. Осының нәтижесінде өзеннің оң жағалауындағы плацдарм біздің қолға өтті.

1944 жылдың 3 сәуіріндегі Хотынь қаласы маңындағы ұрыстарда Ахметбеков жолдас жауып тұрған автомат пен пулемет оғына қарамай, Днестр өзенінен бірінші болып өтіп, жаудың өткелден өткізбес үшін қалдырып кеткен тосқауылын автоматтан атқылап, немістің он солдатын өлтірді.

Осындай жеке басының ерлігіне байланысты Ахметбеков жолдас Кеңес Одағының Батыры атағын алуға әбден лайық» – депті.
Құжаттарға қарап отырсақ, бұл Сәбит Ахметбековтың 1944 жылғы сәуір айының 21, 23, 24-і және наурыз айының 3-і күні ғана жасаған ерліктері екен. Ал, соғысқа бастан-аяқ қатысқан Ахметбеков бұдан басқа небір ерліктер жасамады дейсіз.

Өкінішке орай, осындай нақтылы ұсыныстар болғанымен, Сәбит Ахметбековтың жоғарғы атаққа қолы жетпей, әділетсіздікке ұрынады. Бұл жерде не себеп болды деп болжау қиын. Жоғарыда айтқан әскер басшыларының арасындағы келіспеушілік, ұлтқа бөлу тағы басқа жағдайлары себеп болғаны анық. Енді міне, сұрапыл соғыстың аяқталғанынан 76 жыл өткенде ғана өз жерімізден шыққан осындай батыр аталарымыздың болғанын біліп жатырмыз.

Сәбит Ахметбекұлы әрине, наградасыз емес, І дәрежелі «Ұлы Отан соғысы», «Қызыл Жұлдыз» т.б. орден, медальдармен марапатталған. Бірақ, өзінің қаны мен терін бірдей төгіп жасаған ерлігіне лайық «батыр» деген атаққа жетпей қалғаны әрине, өкінішті. Сол соғыста бұндай әділетсіздікті бастан өткерген талай адамдар болғанын бүгінде біліп жатырмыз.

Енді әңгімеміздің кейіпкері Сәбит Ахметбеков кім дегенге келейік. Бұл кісінің арғы түбі баянауылдық, бүгінгі Жайма атты ауылының төңірегінде дүниеге келген. Сүйегі – Бегендік-Қозған атасынан, оның ішінде белгілі жазушы Зейін Шашкинмен аталас туыс. Сәбит Ахметбековтың бүгінде Екібастұз қаласына қарасты Солнечный кентінде тұратын қызы Бақтай (Бақыт) деген апайдың ұсынған дерегі бойынша, Шәшкеден – Күшікбай. Күшікбайдан – Ахметбек, Жүнісбек, Қари туады. Жүнісбек – Зейіннің әкесі. Сонда Сәбит пен Зейін – аға мен інінің баласы, немере туыс болып шығады.
Жазушы Зейін Шашкин зайыбы Катямен. Бұл кісіге айдаудан келгесін үйленген екен.

– Әкеміздің өңі ақсары, көзі көкшілдеу, бойшаң кісі еді, – деп еске алады Бақыт апай. – Мен ес білгелі бүгінгі Ақсу қаласына қарасты Калинин атындағы совхозда (Сарышығанақ ауылы) тұрдық. Әкем сол жерде бөлімше меңгерушісі болды, басқадай қызметтер істеді Денесінде жараның орындары, тыртықтар көп болатын, кейде оны бізге көрсететін де. Бірақ, мен батыр болдым, ер болдым деген мақтаныш сөзін естімеппіз. Соның себебінен біздер соғыс уақытында әкеміздің батыр атағына ұсынылғанын білген де жоқпыз. Өкінішке орай, әкеміздің орден, медальдарын да сақтай алмадық. Ана бір жылдары жауынгерлік наградаларын ауылдың мектебі сұрап алған, содан біржола жоғалып кетті. Біздер кейін сұрап барып едік, ананы-мынаны сылтауратып тауып бер аламады. Негізі біреулер алып кетсе керек…

Әкеміз жайлы құжаттардың табылу себебі, Павлодарда майдангерлер жайлы деректер іздеумен айналысатын бір ұйым бар екен, әкеме қатысты құжаттарды солар тауып алса керек. Ол құжаттар әуелі Сарышығанаққа келіпті. Сол жерде ауылдық әкімдікте қызмет істейтін адамдар хабарласып, біздерге жеткізді. Қазір інімнің баласы Талғат осы мәселені қолға алып, сұрау салып жатыр.

Әкем соғыстан аман-сау оралғасын, Павалодарда біраз уақыт Жаңыл атты әпкесінің қолында тұрып, милицияда қызмет істепті. Кейін өзінің ата мекені Баянауылдағы Жаймаға қарай кетеді. Бірақ, ол жақта да көп тұрақтамай, осы Ертіс бойына келіп біржола қоныстанған секілді. Себебі, әкем майданға осы Куйбышев ауданынан (бүгінгі Ақтоғай ауданы) шақырылған. Өзімнің туған шешем Күлшат деген кісі анау Успен ауданындағы Тобылжаннан, Бәсентиін-Сәмек деген атадан. Әкем екеуі осы жақта кездесіп, танысқан секілді. Бірақ, анам өмірден ерте кетіп қалды. Шешем қайтқанда, мен бірінші сыныпқа барып жүргем. Сіңлім Света 5 жаста, інім Темірболат 1 жаста қалды. Ер адамға шиеттей бала-шағаны жеткізу оңай емес. Әкем екінші рет Күлғази деген адамға үйленді. Құдай оңдап, ол шешеміз өте дұрыс кісі болып шықты, бізге өгейлік көрсеткен жоқ. Бәрімізді өсірді, жеткізді, алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Әкеміз 1969 жылы 6 қазан күні өмірден өтті, – деп түйіндеді әңгімесін Бақыт апай.

Иә, Алла тағала адам баласының маңдайына алуан түрлі тағдыр жазады ғой. Дүниене дүр сілкіндірген сол соғыста кейбіреулер қыршынынан қиылып, Еуропа жерінің топырағын мәңгілікке жастанып қала бере, енді біреулер туған ошағына аман-сау оралып, бейбіт тірліктің дәмін татты. Майдан даласында қазақ деген халықтың қандай болатынын өзінің ерлік ісімен дәлелдеген Сәбит Ахметбекұлы да қанды қырғыннан сау-саламат оралған екен. Бірақ, жоғарыдағы құжатты қолына ұстап, қуынбапты, ізденбепті. Батырлығымды дәлелдеймін деп ешқандай мекеменің босағасын тоздырмапты.

Тіпті, елге оралғасын да бұл жайлы ешкімге тіс жармаған сыңайлы. Егер әңгімелеп айтса, ұрпақтары білер еді ғой. Әлде елге сау-саламат оралғанын қанағат тұтты ма екен? Бұл жағы біздерге белгісіз.
Дегенмен, енді осы мәселені әрі қарай қозғап, Сәбит сынды батыр бабаның ерлігін бүгінгі ұрпаққа үлгі ету үшін жұмыстар жүргізілуі керек сияқты. Тіпті, Ресей мен Қазақстан – екі елдің Қорғаныс министрлігіне хат жолдап, арада 76 жыл өтіп кетсе де, алынбаған атақты қалпына келтіруге болатын шығар. Біздің ойымызша, Сәбит Ахметбекұлы осыған лайық адам.

Сайлау БАЙБОСЫН.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар