Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында биыл 24 мәдени нысан жаңарады - АРҚА АЖАРЫ

«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында биыл 24 мәдени нысан жаңарады

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында алдымызға үлкен міндеттер жүктеген еді. Ақмола облыстық мәдениет, архивтер мен құжаттамалар басқармасы аталған құжатта міндеттелген бірқатар тапсырмаларды іске асыруда белсенділік танытып келеді.

Сал-серілер мекені болған көрікті Көкше өңірі қашан да халықты өнер мен мәдениеттің кәусар бұлағына сусындатқан киелі жер. Көмейіне бұлбұл ұялаған әншілер мен апайтөс батырлардың ұрпағы сайран салып, сауық құрған өңірде осы күні 624 мемлекеттік мәдени және архивтік нысандар бар. Оның ішінде 251 нысан мемлекеттік клубтық мекемелер санатынан, олардың 231-і ауылдарда орын тепкен. Облыстағы 336-ы мемлекеттік кітапхананың 294-і ауылды аймақтарда орналасқан. Өңірде 21 мемлекеттік архив, 11 музей, 2 театр және Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясы, тарихи-мәдени мұраны сақтау және пайдалану орталығы, халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығы жұмыс істейді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда: «Ауылдың әлеуетін толық пайдалану – стратегиялық маңызы бар мәселе. Ауылдағы мейлінше өзекті мәселелерді шешуге арналған «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасын жүзеге асыру жалғасатын болады» деп атап өтті. Бұл «Ауыл – ел бесігі» атты бағдарлама мәдениет саласындағы бірқатар нысандардың жөнделіп, қалпына келтірілуіне үлкен септігін тигізіп тұрған оңтайлы жоба болды. Аталмыш жоба шеңберінде Атбасар ауданының Бастау ауылында жастардың демалыс орталығының құрылысы жүргізіліп жатыр, ағымдағы жылдың қазанында пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Жақсы аудандық мәдениет үйіне күрделі жөндеу жүргізіліп, ұлттық қордан 192 520,0 мың теңге, облыс қазынасынан 21,391 мың теңге қаржы бөлінді.

Сонымен бірге, биыл Степногорск қаласының, Ақкөл, Бұланды, Бурабай, Жақсы, Жарқайың, Зеренді, Сандықтау және Шортанды аудандарындағы 24 мәдени нысанның жөнделуіне облыс бюджетінен 562,3 миллион теңге ақша қарастырылып, солардың 2-еуіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Қалған 22 мәдени нысанның 1-еуі аудандық мәдениет үйі, 2-еуі мәдени-демалыс орталығы, 1-еуі аудандық кітапхана, қалған 18-і ауылдық мәдени үйлері мен клубтар.
«Біз – халқымыздың Тәуелсіздік жолындағы сан ғасырлық арман-тілегіне қол жеткізген ұрпақпыз. Келер жылы Тәуелсіздігімізге 30 жыл болады. Бұл мерейлі дата – Егемен еліміз үшін аса маңызды меже. Бұл – жаңа тарихи кезеңнің басы» деген болатын Мемлекет басшысы басты құжатта.

Бізге мемлекеттің болашағы үшін зор жауапкершілік жүктеліп отыр. Биылғы жыл ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен сабақтасып жатқандықтан, әрі Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін Үкімет «Жасампаздыққа толы жылдар» атты тұжырымдаманы бекітті. Бұл орайда, облыстық басқарма да мәдениет саласы бойынша негізгі іс-шаралар жоспарын әзірлеп қойды. Аталмыш жоспарға 522 іс-шара, оның 100-і негізгі, басты шаралар болып табылады. Бұған қоса, облыста атаулы даталар мен маңызды оқиғаларға байланысты ұйымдастырылатын іс-шаралар жоспары да дайындалған. Олардың ішінде мемлекеттік және кәсіби іс-шаралар да бар. Күйші Дина Нұрпейісованың 160 жылдығы, ағартушы Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдығы, Алаш қайраткері Әлихан Бөкейхановтың 155 жылдығы, балуан Қажымұқан Мұңайтпасовтың 150 жылдығы, мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығы, көрнекті ақын Қасым Аманжоловтың 110 жылдығы, композитор Латиф Хамидидің 115 жылдығы, суырып-салма ақын Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығы секілді атаулы даталар бар.

Ел тәуелсіздігін алғалы бері ұмыт бола бастаған салт-дәстүрлеріміз оралып, өшкеніміз қайта жаңғырды. Ендігі міндет – халқымыздың жаңа болмысын қалыптастыру. Жас ұрпақтың бойына әлем үлгі тұтарлық жақсы қасиеттерді көбірек сіңіру ендігі біздің басты мақсатымыз. Наурыз айында Алғыс айту күнінен бастап, Ұлыстың ұлы күні аралығында облыс аумағында 500-ден астам әртүрлі форматтағы іс-шаралар ұйымдастырылып, тиісті деңгейде өз бағаларын алды. Солардың ішінде «Батаменен ел көгерер», «Жігіт сұлтаны», «Әлди, әлди, ақ бөпем», «Келіндер сайысы», «Сыбаға тарту», «Ұлттық киім дефилесі», «Көктем аруы», «Ұлттық ойындар» сияқты шаралар ұлттық құндылықтарды насихаттау мақсатында өткізілсе, мемлекеттік тілді ұлықтауға арналған «Тіл – асыл қазына» байқауын да атап өтуге болады. Театрлар қойған «Шыңғыс хан», «Қадір таңы», «Отбасылық құпия», «Коней своих не прерывая бег» атты спектакльдер жұртшылық көңілінен шықты. Облыстық музейлер мен архивтер, мәдениет үйлері де түрлі деңгейде концерттік бағдарламалары мен көрмелерін ұсынды.

Сәуір айында ішінде Қ.Мұңайтпасовтың 150 жылдығына орай, алыс-жақын шетелдердің ғалымдарының қатысуымен «Жаһандағы күш атасы – Қажымұқан» атты онлайн конференция ұйымдастырылды. Сонымен бірге, биылғы жылы «Көкшетау» мәдениет сарайында жастар театры ашылды, енді онда жас ақындар мектебін құруды, сондай-ақ, облыста үш тарихи-өлкетану музейлерін ашуды, дәстүрлі әншілер арасында Қажыбай Жахин атындағы республикалық фестиваль-байқау өткізуді, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырып халықаралық ақындар айтысын ұйымдастыруды, «Ақмола жұлдыздары» атты облыстық көркемөнерпаздар байқауын, «Көкшетау» мәдениет сарайының шығармашылық ұжымдарымен бірлесіп, бір актілі балет қоюды да жоспарлап отырмыз. Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясы бұл мерейлі де қасиетті тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай «Ұрпаққа аманат» атты жоба аясында Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Біржан сал секілді дүлдүлдеріміздің мұраларын танымал ету үшін туындыларын контанта етіп жазады.

Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі 2021 жылдың жоспарына Көкшетау қаласының музейін қайта қалпына келтіру жұмыстарын енгізіп, жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеуге қаржы бөлді. Енді алдағы үш жыл ішінде музей кезең-кезеңмен қалпына келтіріледі. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асырылғалы отырған жөндеу жұмыстарының нәтижесінде музей жаңа қалыпқа еніп, жастардың рухани азық алатын және тарихи-мәдени туристік ошағына айналатынына сенеміз.

2020 жылы облыстық тарихи-өлкетану музейінің 100 жылдығы аясындағы іс-шаралар бойынша облыстық әкімдіктің қолдауымен Жәнібек ханның орта ғасырлық мавзолейінің айналасындағы қорымдарды зерттеуге кірісті. Бұл зерттеу жұмыстары Жәнібек Шалқар мавзолейінің аумағында жерленген бұйымдардың генетикасын анықтауға мүмкіндік береді. Қазірдің өзінде оның аумағында хандықтың сол кездегі атақты тұлғалары, төре тұқымының өкілдері жерленген дегенді сенімді айтуға болады. Себебі, ондағы бедерленген тастарда қазақ билеушілерінің нышандары өрнектелген. Бұл жерде анықталатын жаңалықтар көптеген тарихи даулы мәселелер мен болжамдардың бетін бері қаратып, нақты деректер белгілі болады. Бұл зерттеу жұмыстары Президент Әкімшілігі мен Мәдениет және спорт министрлігінің бақылауында.

Жолдауда көтерілген мәселелердің бірі балалар үйірмесі қызметін қайта қалпына келтіру. «Онда жастарымыз қолөнердің және шығармашылықтың бастапқы негіздерімен танысар еді. Балалар үшін қатерлі бүгінгідей аумалы-төкпелі жағдайда олардың күш-жігері мен қызығушылығын дұрыс арнаға бағыттау аса маңызды. Балалар мемлекетіміздің болашағы емес пе?! Әкімдердің жұмысын осы өлшем бойынша да бағалаймыз» деген еді Мемлекет басшысы. Бұл орайда, облыстағы барлық клубтық мәдениет нысандарында балалар мен жасөспірімдерге шығармашылықпен айналысуға және олардың бос уақытын тиімді өткізуге жағдай жасалуда. Жергілікті жерлердегі клуб қызметкерлері балалар мен жасөспірімдерді үйірме қызметіне тарту үшін түрлі мүмкіндіктерді қолданады.

Өңірімізде барлығы 2526 клубтық құрылым жұмыс істесе, оның ішінде 1092-сіне 13 мыңнан астам балалар мен жасөспірімдер қатысады. 80-нен астам үйірмеге қоғамның әлеуметтік қорғалмаған, аз қамтылған, осал топтарынан шыққан 908 бала барады, оның ішінде 11-і мүгедектігі бар жеткіншектер. Өткен жылы балаларға арналған 10 клубтық құрылым жұмысын бастаса, ағымдағы жылы олардың санын екі есеге дейін ұлғайту жоспарлануда және оған өмірлік қиын жағдайда жүрген балаларды тарту көзделіп отыр. Аталмыш клубтық құрылымдарда балалар көбінесе хореографиялық, вокалдық-хор, сәндік-қолданбалы өнер, бейнелеу өнері үйірмелерін таңдап, қатысады.

Халықтың әлеуметтік қорғалмаған топтарынан шыққан балалар мен жасөспірімдерді қолдап, жігерлендіру мақсатында облыстың клубтық құрылымдарының қызметкерлері түрлі іс-шаралар кешенін өткізеді. Мұндай балалар барлық клубтық құрылымдарға тегін қатысады. Олардың ерекше әлеуметтік жағдайларын ескере отырып, клубтар мектептермен, балалардың отбасымен, жергілікті өндірістік ұйымдармен тығыз байланыста болады.

Ақмола облысындағы мемлекеттік 336 кітапханада балалардың бос уақытын ұйымдастыруға бағытталған түрлі үйірмелер, клубтар бар. Олардың саны соңғы жылдары артып келеді. Мысалы, 2020 жылы кітапханаларда 176 жаңа үйірме ашылса, қазір олардың саны 280-ге жеткен. Бұл үйірмелерге 2800 бала мен жасөспірім қатысады. Олардың ішінде 75-і әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан, солардың 49-ы мүмкіндігі шектеулі балалар. Кітапханадағы үйірмелердің мақсаты – балаларды біріктіру, топтастыру, шығармашылық пен оқуға баулу. Әр балалар кітапханасында бір клуб пен қызығушылық үйірмесі бар.

Біржан сал ауданындағы балалар кітапханасында мектептің орта буын сыныптарында оқитын жеткіншектеріне арналған экологиялық бағыттағы «Совенок», жоғары сынып оқушыларына арналған «Исток» клубы, білімқұмар балаларға арналған «Балбұлақ» клубы жұмыс істейді. Мұнда кітапсүйер балаларға «Театр книги» клубы бар. Бұланды орталықтандырылған кітапханасында «Собеседник», «Елім-ай», «Экос», «Радуга» атты жасөспірімдерге арналған 4 клуб іске қосылған. Жас оқырмандар өздерінің шығармашылық қабілеттерін балалар кітапханаларының негізінде ұйымдастырылған театрларда жүзеге асыра алады. Көп жылдар бойы Ақкөл балалар кітапханасында «Сказка» қуыршақ театры жұмыс істеп келеді. Аталған кітапханада қиын өмірлік жағдайға тап болған балаларды әлеуметтендіру бағытында да үлкен жұмыс тәжірибесі жинақталған. Мұнда 2009 жылдан бастап «Еңсеру» бағдарламасы бойынша құрылған «Еңсеру» клубына 9 ерекше бала барады.

Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінде балалардың тұрғылықты жері бойынша жақын шығармашылық үйірмелерге тегін қатысулары үшін мемлекеттік шығармашылық тапсырысты жан басына қаржыландыруды мәселесі қарастырылып жатыр. Аталған құжат бекітілсе, 59 түрлі шығармашылық бағыттағы, яғни хореография, вокал, бейнелеу өнері, театр және кино, сәндік-қолданбалы ұйірмелерге және тағы басқаларына тегін қатыса алады. Бұл жоба балаларды шығармашылық үйірмелердегі сабақтармен барынша қамтып, олардың әлеуетін ашуға жаңа мүмкіндіктер туғызады және үйірме қызметін дамытуға жаңа серпін береді.

Елімізде жер жаһанға зор қауіп төндірген пандемияға қарсы күрес әлі де жалғасуда. Осындай сын сағаттар мәдениет саласының қызметкерлері үшін де оңайға соқпады. Біз азаматтардың өмірін және денсаулығын қорғау үшін бар күш-жігерімізді біріктірдік. Осындай ауыр уақытта ынтымағы жарасқан халқымыз жұдырықтай жұмылды. Дәрігерлерге, құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне, әскери қызметшілерге, еріктілерге, кәсіпкерлерге және осындай шақта бей-жай қалмаған барша азаматтарға шын жүректен алғыс білдіремін.

Айгүл СӘБИТОВА,
Ақмола облыстық мәдениет, архивтер мен құжаттамалар басқармасының басшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар