Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жаз – шаруа айы. Бар мүмкіндік тиімді пайдалансын - АРҚА АЖАРЫ

Жаз – шаруа айы. Бар мүмкіндік тиімді пайдалансын

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев жұмыс сапарымен Бурабай және Біржан сал аудандарында болып, ондағы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан мектептер мен жаңадан ашылған туристік нысандардың қазіргі жағдайын көрді. Жөкей көлінің маңында табиғат аясында ұйымдастырылған глэмпингтерді аралау кезінде кәсіпкерлердің жұмысына оң баға берді.

Жөкей көлі жағалауындағы глэмпингтер

Өңір басшысы Ермек Маржықпаев жұмыс сапарын Бурабай ауданының Қатаркөл ауылындағы Досов атындағы жалпы білім беретін мектептен бастады. Қазір мұнда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Аталған білім мекемесі 1971 жылы бой көтеріпті. Содан бері тек ағымдағы жөндеулерді көріп келе жатқан нысан биыл ғана «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша күрделі жөндеуден өтуде. 640 орынға шақталған білім ордасында бүгінде небары 340 оқушы білім алуда.

–Қазіргі уақытта нысанның ескірген жылу, электр желілері мен құбырлары, шатыры, терезелері барлығы жөнделуде. Үш қабатты типтік нысанды күрделі жөндеуден өткізу үшін қазынадан 350 миллион теңгеге жуық қаржы бөлінді. Жұмыс алаңы 3 мың шаршы метрді құрайды. Аудандық жұмыспен қамту орталығының жолдамасы бойынша 34 адамды жұмыспен қамтыдық, – деді мердігер компания – «SCS Инжиниринг» серіктестігінің директоры Асылхан Рашев.

Жөндеу жұмыстары ағымдағы жылдың 20 тамызына дейін аяқталады деп жоспарлануда. Бұл орайда, Ермек Боранбайұлы жұмыстың сапалы жүргізіліп, уақытында тапсырылуын қадағалауды облыстық білім басқармасының басшысы Бейбіт Жүсіпов пен аудан әкіміне тапсырды. Сонымен қатар, облыс әкімі ауданға сапары кезінде аймақтың ауыл шаруашылығы, құрылыс салалары, оның ішінде мал азығын дайындау, жолдардың жөнделуі, дала өртін алдын алу бойынша мәселелерді сұрап білді. Осы ретте, Қатаркөл-Бурабай аралығындағы жолдарға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу кеңінен айтылып, құрылыс материалдарының да қымбаттап бара жатқандығы сөз болды. Жалпы, аудандағы ауылдық жолдарды ретке келтіруге 4,1 миллиард теңге қаржы бөлініпті. Осы қаржыға Зеленобор, Златополье, Кенесары, Қатаркөл селолық округтерінің жолдары жөнделуде. Щучинск қаласы бойынша да 12 шақырым жол жөндеуден өткізілуде.

Біржан сал ауданына ат басын бұрған аймақ басшысы Жөкей көлінің маңында қолға алынып жатқан «Жұлдызды орман» және «Орбита-Жөкей» глэмпингтерінің аумағын тамашалады. Алғашқы глэмпинг кешенінде 11 шағын тентхаустар бой көтеріпті.

– Жоба құны 60 миллион теңгені құрайды. Оның 48 миллион теңгесі өзіміздің қаржымыз, 12 миллион теңгесін облыстық ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры бөлді, – деді кешен жетекшісі Қанат Төкесбай. Жоба ағымдағы жылдың сәуір-мамыр айларында жүзеге асырыла бастапты. Әр тентхауста 4-5 адам демала алады. Сондай-ақ, кешен маңында барбекю, бассейн, от жағу алаңы, жазғы дәмхана бар. Мұнда 12 адам жұмыспен қамтылған, олардың орташа еңбекақысы 90 мың теңге шамасында. Табиғат аясындағы осындай демалыс орындарының бірі – «Орбита-Жөкей» глэмпингі.

Жоба құны – 40 миллион теңге. Бұл демалыс аймағында 7 шағын модульді шатырлар орнатылыпты. Олар да 2-4 адамнан қабылдай алады. Глэмпинг жетекшісі Дамир Байбосыновтың айтуынша, кешен әлі ашылмаған, жуық арада алғашқы қонақтарын қабылдайтын болады. Кешенде гриль аумағы, бассейн, от жағу алаңы, әткеншектер, көлік қоятын орындар әзірленбекші. Сонымен қатар, алдағы уақытта жоба жетекшісі Бөлектау маңында қарау алаңын, велосипедпен жүруге арналған жолдар мен кинокештер ұйымдастыратын орындар ашуды да жос-парлап отыр. Қазіргі уақытта мұнда 4 адам жұмыс істейді.

– Сіздерде қызмет көрсету жағы жақсы қарастырылған екен, мұндай демалыс орындарында адамдарға аса қажеттісі – әжетхана, жуыну бөлмелері. Бұл жағы сіздерде жақсы жолға қойылыпты. Қыс мезгілінде жұмыс істейтін болсаңыздар, шаңғы жолдарын да ашуға мүмкіндіктеріңіз бар екен, – дей келе, аймақ басшысы кәсіпкердің жұмысына риза болып, сәттілік тіледі.

Глэмпинг жетекшісі өз кезегінде бұл аумақтарды жақсы байланыспен қамтуды өтінді. Бұл мәселе жақын арада шешімін табады деп сендірді облыс әкімі.
Ауданда қолға алынған маңызды жобалардың бірі – «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынып жатқан үш қабатты 21 пәтерлі арендалық тұрғын үй. Бүгінде аудан орталығы – Степнякта 350-ге жуық адам баспана кезегінде тұр. Салынып жатқан тұрғын үйдің аумағы 1940,4 шаршы метрді құрайды, оған бюджеттен 197,8 миллион теңге қаржы қарастырылған. Мердігер – «Оңтүстік құрылыс компаниясы» серіктестігі директорының айтуынша, нысан тамыз айының басында аяқталып, тапсырылады. Аймақ басшысы сапаға назар аудартып, Қазақстан Республикасы Конституциясы күніне орай ашып, аудан тұрғындарын қуантуға мүмкіндік туғызу қажеттігін тапсырды.

Бұдан әрі Ермек Маржықпаев аудан орталығындағы Абылайхан ықшам ауданындағы абаттандыру жұмыстарымен танысып, тұрғындардың игілігі үшін салынып нысандардың сапалы әрі қауіпсіз болуын талап етті. Көркейтіп, абаттандыру, аулаларды қалпына келтіру жұмыстарына облыс қазынасынан 69 миллион теңге бағытталыпты.

Степняк қаласындағы Абай атындағы орта мектепке де биыл күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Алайда, жұмыс өте кеш басталған екен. Оны мердігер тендердің кеш ойнатылуымен байланыстырды. Десе де, облыс басшысы оқушылар мектепке келгенге дейін нысанды пайдалануға беруді тапсырды.
Біржан сал ауданында биыл туристік сала жақсы жолға қойылып отыр. Алдағы жылдары оның дамып, курорттық аймақтардың қатарына қосылуына зор мүмкіндігі бары да осы сапарда кеңінен айтылды.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар