Елу жеті мектеп директорларының орындары бос

Мекеменің бірінші басшыларын ротациялау мәселесі білім саласына да енгізілмекші. Жаңа өзгеріс бойынша мектеп директорлары 5 жыл сайын қызмет орнын ауыстырады. Мектеп басшылығына қатысты жаңа өзгерістер жайлы облыстық білім басқармасының басшысы Бейбіт Жүсіповтен сұрап білдік.

Былтыр Ақмола облысының 87 мектебінде мектеп директорының орны бос болыпты. Биыл бұл вакантты орындардың саны 57-ге дейін қысқарған. Облыстық білім басқармасы басшысының айтуынша, үздік педагогтердің басшылыққа келуге ынтасы жоқ екен.

–Егіндікөл ауданында 4 жыл бойы бір мектептің директоры тағайындалмады. Яғни, директордың міндетін атқарушы ғана жұмыс істеп келді. Бұған қандай себеп бар десек, мектеп директорының жұмысы ауыр, бірақ, еңбекақысы мұғалімдерден де төмен. Сондықтан, биыл 1 қаңтардан бастап, барлық мектеп басшылары мен орынбасарлары аттестатциядан өту құқығына ие болды. Сосын санатына қарай қосымша еңбекақы алады, – дейді облыстық білім басқармасының басшысы Бейбіт Жүсіпов.

Қазіргі таңда өңір бойынша 20 жылға жуық мектеп басшысы болып отырған 18 директор бар екен. Оның ішінде зейнеткерлікке шығып, әлі де қызметін жалғастырып жүргендері де бар.

–Ротация тек бір жергілікті жерде, бір елді мекеннің ішінде жүргізіледі. Бірнеше елді-мекеннің ішінде қатар өту мүмкін емес. Жоба бойынша 5 жылда бір ротация жасау керек деп көрсетіліп отыр. Ротация жасаудың өзі ашықтықты талап етеді. Міндетті түрде ротацияға кірісетін директорлардың келісімі болуы керек, –деп атап өтті Бейбіт Әйтімұлы.

Ротацияның басты мақсаты – үздік еңбек еткен директорларды басқа білім ордаларына үлгі етіп, оларды алға ұмтылуға тарту. Бұйрық әлі шықпаса да, Көкшетау қаласында осыдан бір жыл бұрын мектептердің 70-80 пайызының басшылары өзара ауыстырылыпты.

Ы.ШАМШИЕВА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар