Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the blog2social domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wordpress-seo domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Әйгілі күйші, халық композиторы Дина Нұрпейісованың туғанына – 160 жыл - АРҚА АЖАРЫ

Әйгілі күйші, халық композиторы Дина Нұрпейісованың туғанына – 160 жыл

Күй анасына құрмет көрсетілді

Осыған байланысты Елорда төрінде бірнеше іс-шара өтті. Әуелі Абылай хан даңғылы мен Дина көшелерінің қиылысында күйшінің ескерткіші салтанатты жағдайда ашылды. Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев өз сөзінде қазақтың күй өнерін дамытуда Д.Нұрпейісованың еңбегі орасан зор екенін атап өтті. Дарынды домбырашы Айгүл Үлкенбаева күй әлемінде Дина мектебінің алатын рөлі жоғары екенін, тарту шеберлігі туралы айта келіп, ескерткішінің ашылуы өнер иесіне жасалған айрықша құрмет деп толқи сөйледі.

Күйшіге ескерткіш орнату идеясы ақын Фариза Оңғарсынованың «Мінәжат» атты өлеңінен бастау алған. Онда ақын:
Отанның қақ төрінен ұрпақтарың
Ескерткіш қояды әлі алтындаған! –
деп түйіндеген екен. Міне, ақынның сол ойы жүзеге асып отыр.
Осы істің басы-қасында жүрген, Динаның шөбересі, республикалық «Күй анасы» қорының директоры Төлеген Қуанышев журналистерге берген сұхбатында: «Бүгін – тарихи сәт! Дина Нұрпейісованың ескерткіші және оның төңірегі жасыл-желекке толып, халық демалатын рухани-мәдени орталыққа айналатын болады. Күй – аманат арқалаушы. Қасиетті домбыраны сөйлете білген күйші жақсы хабарды да, жаманат хабарды да естірте біледі. Сондықтан, күйдің бойында қаныңды қыздыратын қиқу да, мысыңды басатын сес те, мықтылығыңды сезіндіретін айбар да болатыны анық. Осы құдіреттің бәрі Дина анамыздың күйлерінде бар» – деді. Ол күйшінің ұрпақтары атынан бұл жобаны іске асырған Қазақстан Президентіне, Мәдениет және спорт министрлігіне, Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігіне, қолдау көрсеткен Атырау облысының жұртшылығына, мүсінші Жалын Бауырханға ризашылығын білдірді. «Ортақ іске көптеп-көлемдеп, демеп, қолдау көрсеткендеріңіз үшін алғысым шексіз. Келер ұрпақ үшін атқарылған әрбір игілікті іс – тәуелсіз мемлекет тарихының алтын беттері!» – деді.
Келісі күні «Достық» үйінде «Күй анасы – ДИНА» атты энциклопедиялық жинақтың таныстырылымы өтті. «Арыс» баспасынан жарық көрген көлемді еңбек үш бөлімнен тұрады. Онда күйшінің өмір жолы, Дина Нұрпейісова туралы зерттеуші ғалымдардың, танымал тұлғалардың естеліктері топтастырылған. Жинақтың ішінде екі CD дискі бар. Онда Дина Нұрпейісованың тартқан күйлері жинақталған. Сондай-ақ, күйлерінің ноталары да енген.
Кітаптың таныстырылымын жүргізген филология ғылымдарының докторы, академик Уәлихан Қалижанұлы өз сөзінде жаңа жинақтың Дина өмірін зерттеушілер үшін баға жетпес құндылығын атап өтті.
Танымал қаламгер, қоғам қайраткері Сұлтан Оразалин: «Динаға ескерткіш орнату, күйлерін насихаттау, мынадай энциклопедиялық жинақты шығару – өнер адамына деген құрмет әрі тәуелсіздігіміздің жемісі. Мына кітапты шығарған адамдардың көп еңбек сіңіргені, білімдарлықпен жұмыс атқарғаны көрініп тұр», – деді.
«Дина – ауыл қыздарынан шыққан тұңғыш дәулескер, күйші-композитор. Ол – тек қазаққа ғана емес, дүйім түркі әлеміне ғана емес, бүкіл адамзатқа өшпес те қайталанбас күй өнерімен танылған алып тұлға. Оның рухани мұрасы жалғасын таба беруіне бәріміз де атсалыса берейік», – деді ғалым Орақ Әлиев.
Қоғам қайраткерлері Серік Әбдірахманов пен Ирак Елекеевтер домбыра қазақтың жаны екені, құдіретті күй өнері де, ғасырға жуық ғұмыр кешіп, халқына өшпес мұра қалдырған Дина Нұрпейісованың есімі де мәңгі жасай беретіні туралы ойларымен бөлісті.
Ғалым-академик Кәрімбек Құрманәлиев: «Кітаптың мазмұнына, құрылымына риза болып отырмын. Мұнда ғылыми тұрғыда зерттелген деректер жинақталған. Алдағы уақытта да жаңа мәліметтердің шығатынына күмәнім жоқ», – дей келе, Дина өміріне қатысты өзі білетін жайттарды жазып беруге дайын екенін жеткізді.
Домбырашы, ұстаз Орынбай Дүйсен: «Еліміздің әр өңірінде өтіп жатқан мәдени іс-шаралар халықтық қуанышқа айналып отыр. Қазақтың рухани байлығын қорғайтын, сүйетін, қадірлейтін ұрпақ бар. Ендеше, күй өнеріне де елдің ықыласы арта бермек», – дей келіп, Динаның «Жеңіс» күйін тартып берді. Танымал домбырашы Тұрар Әліпбаев күй анасының «Мереке» күйін орындап, қошеметке бөленді.
Ақын Айбатыр Сейтақ Динаға арнаған өлеңін оқып, өз ойын:
Жас ұрпақ бар өсіп-өніп жетілер,
Дина күйін асқақтатса еркін ел:
Дәуірлердің шанағында күмбірлеп,
Ғасырлардың пернесінде шертілер!, –
деп түйіндеді.
Қоғам қайраткері Мәди Артығалиев: «Мен Динаның кіндік қаны тамған жерге бес рет барған адаммын. Зерттеймін деген адамдарды ертіп бардым. Негізі Динаның туған жері Батыс Қазақстан облысы, Жаңақала ауданының Бекетай құмында жатыр. Атырау облысының шекарасына бір шақырым жетпейді. Ал, одан жиырма шақырымдай жерде басталатын Жиделі құмында 1818 жылы Құрманғазы Сағырбайұлы дүниеге келген. 1860 жылға дейін сол жерде тұрып, кейін «Көктерек» ауылына көшкен. Талай түрмені көріп, заманның дауылды жылдарын бастан кешкен. Ал, Дина да қиын-қыстау кезеңде Астрахан облысының Володар ауданына көшіп барғаны, сол жерден Алматыға аттанғаны белгілі», – деді.
Жиналғандар аса дарынды өнер иесі қазақтың күй құрылысын өзінше дамытқаны, домбыра тартуда құбылтып отырудың шебері болғаны жөнінде айтты. Дина сахнада отырып, небір күрделі шығармаларын орындағанда оң қолының қағыс техникасы сүйсініп тыңдаған әрбір көрерменнің ерекше назарын аудартқан. Оның жүрегінен туған жауһар туындылар қазақ күй өнерінің алтын қорынан орын алды.
Төлеген Қуанышев бірнеше ұсыныстарын алға тартты. «Жыл сайын республика деңгейінде «Шәмші әндерінің фестивалі» өтіп келеді. Сол сияқты өнер ордаларында «Күй құдіреті» немесе «Дәулескер күйші Дина» атауымен жыл сайын домбырашылар байқауын өткізуді дәстүрге айналдырсақ, қандай ғанибет! Дина есімін иеленген өнер орталығын ашу қажет деп ойлаймын. Дина көшесінің бойында күйшілердің аллеясы немесе өнер иелерінің аллеясы болғаны жөн. Жазғы сахнасы бар театр салынса, ол да өнерге жасалған құрмет болатыны сөзсіз. Бұл күйге жаны тебіренетін, күй өнерін терең түсінетін, тамырынан, ұлттық тінінен ажырамайтын есті ұрпақты тәрбиелеу үшін маңызы өте зор игі істердің бірі болар еді», – деді.
Жиналған қауым алдағы уақытта күй өнеріне ерекше мән берілуі қажет екенін алға тартты. Білім және ғылым министрлігі оқу процесін қалыптастыру барысында қазақтың күйі мен күйшілері туралы дәріс беруді балабақшадан бастау керектігін ескеруі жөнінде ұсыныс жасалды. «Мектеп және жоғары оқу орындарында күйге арналған сабақтар өткізілгені абзал. Дина туралы шыққан кітап мүмкіндігінше мектептерге таратылғаны жөн» деген тоқтамға келді.
Басқосу соңында елорда іргесіндегі Қосшы кентінде жаңадан ашылған музыка мектебінде дәріс алып жүрген өнерлі балдырғандарға 10 домбыра сыйға тартылды. Сырдария университетінің президенті, ғалым Оңалбай Аяшев Д.Нұрпейісованың 160 жылдық мерейтойына орай шеберлерге 10 домбыра жасатып, дарынды оқушыларға табыс етуін өтінген екен. Міне, сол бастама сәтті жүзеге асты.
Осы шараға Динаның тікелей ұрпағы Кәрима Мұратқызы Нұрпейісова қатысты. Күйші туралы сыр шерткен «Ғасыр адам» атты деректі фильм көрсетілді.

Айбатыр Сейтақ.
Нұр-Сұлтан қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар