Жер жәннаты Жетісудан жеткен жылжымалы көрме

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына арналған «Алты Алаштың Жамбылы» атты жылжымалы көрме Мәлік Ғабдуллин музейіне жеткізіліп, көкшеліктер назарына ұсынылуда. Жылжымалы көрмені М.Тынышпаев атындағы Алматы облыстық тарихи-өлкетану музейінің филиалы саналатын Жамбыл Жабаевтың әдеби-мемориалды музейінің қызметкерлері ұйымдастырып отыр.

Ақмола облысының орталығы Көкшетау қаласы Қазақстанның мәдени астанасы атанғалы биыл өңірде мәдени іс-шаралар көптеп өткізіліп жатқаны белгілі. Солардың бірі – жер жәннаты Жетісудан жер шоқтығы Көкшеге керуен көшімен жеткізілген «Алты Алаштың Жамбылы» атты жылжымалы көрме.
Іс-шараның ашылуында облыстық мәдениет, архивтер мен құжаттамалар басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова құттықтау сөз сөйлеп, өңірлер арасындағы мәдени ынтымақтастық пен тәжірибе алмасушылықтың бұрыннан орын алып келе жатқандығына ризашылығын білдірді және облыс әкімі Ермек Маржықпаевтың атынан Алатау бөктерінен жеткен Жамбыл бабамыздың ұрпақтары мен қонақтарға сый-сияпат жасады.
Көрменің ашылу салтанатына М.Тынышбаев атындағы Алматы облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры, көрме жетекшісі Ырысжан Аязбаева, Ж.Жабаевтың әдеби-мемориалды музейінің меңгерушісі, ақынның немересі Салтанат Жамбылова мен шөбересі Қарлығаш Тезекбай және көкшелік зиялы қауым өкілдері қатысты. Ұрпақтары Алматы облысында Ж.Жабаевтың 175 жылдығына орай атқарылған іс-шаралармен және жоспарларымен бөлісті.
Қазақ халқының ауыз әдебиетінің көрнекті өкілі, «ХХ ғасырдың Гомері» атанған жыршы, жырау Жамбыл Жабаевтың өмірі мен шығармашылығын насихаттау, фольклортанушы, Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллиннің ақынмен байланысын ұрпаққа дәріптеу, жыр алыбының жеке заттары мен сол заманның жәдігерлерін өскелең ұрпаққа таныстырып, оның өлеңдері мен жырлары арқылы патриоттық тәрбие беру мақсатында ұйымдастырылған көрмені көкшеліктер бір апта бойы тамашалай алады.
Сәкен Сейфуллиннің «Жамбыл жырлары теңіз түбіндегі маржан іспетті, оны теріп алып халыққа ұсыну – біздің азаматтық борышымыз» демекші, ұрпақтарының баба рухына адалдық танытып, оның шығармашылық мұраларын сақтау жолында атсалысып жатқандығына сүйсінбесіңе болмайды. Жыр алыбының Тезекбай есімді ұлынан туған Салтанат Жамбылова Ақмола төріне әкелген көрмемен таныс-
тыру барысында ақынның туған жері, өскен ортасы туралы айта келе, әкелінген жәдігерлер жайында кеңінен мағлұмат берді. Көрмеге қойылған жәдігерлер қатарындағы ақынды тарихи сәттерде түсіріп алған фотосуреттерге қарап салынған түрлі тақырыптағы картиналар ерекше көзге түседі. Сондай-ақ, көрмедегі жыршының екі домбырасы, шапандары мен бас киімдері, қартайған шағында ұстаған таяғы, кемер белдігі, қамшысы мен ері, отбасылық фотосуреттері, әр жылдары шыққан кітаптары, тұтынған қобдишалары, ыдыстары мен самауырыны секілді жеке тұтынған заттары да анадайдан көз тартады. Солардың ішінде көрме тамашалаушыларының назарына ерекше ілігетіні – ақынның 1936 жылы Калининнің өз қолымен кеудесіне таққан Еңбек Қызыл Ту ордені. Көрмеде сондай-ақ, ақынға берілген Ленин, «Құрмет Белгісі» ордендері мен «Ленинградты қорғағаны үшін» медалі де бар.
–1936 жылы Мәскеуде тұңғыш өткен қазақ әдебиеті мен мәдениетінің он күндігіне барған атамызға үкімет орден тағып, Алматыда кең сарай үй салып бермекші болыпты. Алайда, Жамбыл бабам ол үйді туған жерінде, өзінің үйінің жанынан салғызыпты. 1938 жылы атамызға еңсесі биік 12 бөлмелі үй тұрғызып, темір тұлпар сыйлапты. Қазіргі уақытта бұл үй оның мемориалдық музейіне айналып, көлігі сонда жәдігер ретінде орын тепкен. Сол кезде Жамбыл атам 92 жасында екен, үкімет оны өз қамқорлығына алып, үйін қажетті жиһаздармен толтырып, өзіне дәрігер, аспаз, арнайы көмекшілер, әдеби хатшылар беріпті. Қазіргі таңда, Жамбыл Жабаевтың музейінде 3 мыңнан астам жәдігер бар, бірақ, жылжымалы көрме аясында біз ең негізгілерін ғана әкелдік, – деді Қарлығаш Тезекбайқызы. Бұдан әрі көкшелік зиялы қауым атынан философия ғылымдарының докторы, ақын, жазушы Ерболат Баятұлы сөз сөйлеп, Мәлік Ғабдуллин мен Жамбыл Жабаевтың арасындағы өзара ағалы-інілік сыйластық пен байланыс, қарым-қатынас жайлы әңгіме өрбітіп, көрме ұйымдастырушыларына ақ жарма тілектерін жеткізді.
Іс-шара барысында М.Тынышбаев атындағы Алматы тарихи-өлкетану музейі мен М.Ғабдуллин музейінің директорлары Ырысжан Аязбаева мен Талғат Ибраев өзара ынтымақтастық меморандумына қол қойды.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар