Лайықты үміткерлер ұсынылып, тіркелді

Алдымызда ауыл әкімдері сайлауы келе жатыр. Осыған орай, «Nur Otan» партиясының Бұланды аумақтық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Раушан Түркменбайқызы Хожабай 25 шілдеде өтетін осы бір саяси науқан туралы өз ойымен бөліскен еді.

–Раушан Түркменбайқызы, Бұланды ауданында «Nur Otan» партиясынан қанша кандидат ұсынылып отыр?

–Биыл елімізде болайын деп жатқан ауыл әкімдерінің алғашқы ашық сайлауы – демократиялық қоғамның басым бағыттарының бірі деп санаймын. Ағымдағы жылдың 25 шілдесінде елімізде алғаш рет ауыл және ауылдық округ әкімдерінің тікелей сайлауы өтеді. Саяси науқанға «Nur Otan» партиясы да белсенді қатысып, өз үміткерлерін ұсынуда. Біздің ауданда сайлау Айнакөл, Амангелді, Алтынды, Қараөзек, Никольск ауылдық округтерінде өтеді. Бұланды аумақтық партия филиалынан 5 кандидат ұсынылып, аумақтық сайлау комиссиясында тіркеуден өтті.

–Кандидаттар қандай критерийлер бойынша іріктелді? Олардың артықшылықтары неде? Ауданыңызда сайлауалды үгіт-насихат компаниясы өз жұмысын қалай бастап кетті?

–Қолданыстағы қағидаларға сәйкес кандидаттардың жасы 25-тен кем емес, Қазақстан Республикасының азаматтары болуы, «Мемлекеттік қызмет туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына сәйкес келуі, соттылығы және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасау фактісі болмауы, жоғары білімі болуы және тиісті аудан аумағында тұруы тиіс.

Біздің кандидаттар жоғарыда көрсетілген барлық талаптарға сәйкес келеді, партиялық жазалары жоқ, мемлекеттік қызметте 5 жылдан астам жұмыс өтілі бар. Партия қатарынан іріктеліп алынған кандидаттар ең бас-тысы жұмысына адал, еңбек өтілі бар, кәсіби әрі өмірлік тәжірибе жинақтаған, өз еліне, өз жеріне қызмет етуге даяр азаматтар. Олардың басым көпшілігі өзі сайланып отырған ауылдық округтің тумасы, сондықтан, туып-өскен жеріне деген сүйіспеншілік сезімі де ерекше. Кандидаттарға барлығына бірдей мүмкіндік беріліп отыр, құқықтары бірдей.

– Үміткерлердің сайлауалды бағдарламалары қалай дайындалды? Олардың өзектілігі, бір-бірінен айырмашылығы неде?

– Иә, шынымен, ауыл әкімі болу өте жауапты әрі қиын іс. Бұл лауазымға лайық болу үшін үміткер ауылдың барлық өзекті проблемаларын жетік білген абзал. Сондықтан, сайлауалды бағдарламаларды жасау барысында әрбір ауылдың ішкі тіршілігі, экономикалық әлеуеті толық зерттелген болатын. Әрбір ауылдық округтің бір-бірінен айырмашылығы бар, бірақ, ауыз су мен жолдардың сапасына қатысты мәселелер барлық ауылдарға ортақ мәселе екені жасырын емес.

Одан қалды, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту, ауылдардың әлеуметтік ахуалы, жайылымдық жерлердің тапшылығы және басқа да өзекті мәселелер толғандырады. Үміткерлеріміз өзінің сайлауалды бағдарламаларын дайындағанда олардан нақтылық талап етілді. Яғни, «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасы бойынша әзірленген «Жол картасында» белгіленген іс-шараларды жүзеге асыруда олар бюджеттік қаржыландыру көзі мен оны орындаудың нақты мерзімін көрсетеді. Бұл үміткерлерге деген халықтың сенімін арттырады деген ойдамын.

– Раушан Түркменбайқызы, сіздің ойыңызша, қоғамға ашық сайлау қаншалықты қажет?

–Шілденің 25-інде болатын сайлау – мемлекетіміздің инстутиционалды бірегейлігін сақтап қоғамымыздың демократиялық бағытта әрі қарай қарқынды дамуына серпін берері сөзсіз деп ойлаймын. Бұл сайлаулардың бұған дейін өткен сайлаулардан артықшылығы мен өзектілігі – ашықтықта. Халық дауысын беріп, өз таңдауын жасайды. Сонымен қатар, партиядан ұсынылған кандидаттар халықтың ішінен шыққан азаматтар, олар бұған дейін сол елді мекенде жұмыс істеп, ауылдастарының арасында беделге ие болып келген абыройлы тұлғалар. Демек, сайлауда сайлаушылардың сеніміне ие болу – зор жауапкершілік.

Бибінұр КОКУРОВА,
«Nur Otan» партиясы
Ақмола облыстық филиалының баспасөз хатшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар