Алтын өндіріп, темір балқытқан қуатымыз бар

Ақмола облысы өнеркәсібінің өңдеуші секторын дамытуда металлургия саласының үлесі 60 пайыз болып отыр. Салада 10 мың адам еңбек ететін он ірі және орта кәсіпорын жұмыс істейді. Тәуелсіздік жылдары Зеренді ауданында орналасқан «AltyntauKokshetau» акционерлік қоғамының фабрикасы, Степногорск қаласы мен Шортанды ауданында орналасқан «KazakhaltynTechnology» серіктестігінің 3 зауыты тәрізді ірі алтын өңдейтін кешендері салынды.

Мәселен, «AltyntauKokshetau» акционерлік қоғамының фабрикасы «Казцинк» компаниясының алтын өндіретін бөлімшесі болып табылады. Кен ашық әдіспен алынады. Мұнда жылына 15 тонна алтын өндіріледі. Өнеркәсіп алаңында алтын тау-кен орны және 2009 жылы пайдалануға берілген байыту фабрикасы орналасқан. Кәсіпорын Канада, Австралия, АҚШ, Швеция, Финляндия, Германия, Италия мен Ресейде жасалған қазіргі заманғы жоғары технологиялық қондырғылармен жабдықталған.

«Казцинк» мамандары әлемде алғаш рет бірінші класты қауіптің қалдықтарынсыз мышьягі өте көп, құрамында алтыны бар кенді өңдеудің аралас технологиясын ашық фабрикаға енгізді. Кенді ұсақтау төрт микронға дейін жеткізілді. Бұл адам шашынан да жіңішке, әлемде ең жіңішке ұсақтау болып табылады. Фабрика жұмысының соңғы сегіз жылы ішінде өнім өндіру 2,5 есе өсті.

Металдың тауарлық шығарылымы бестен бір ондыққа көбейді. Байыту нәтижесінде алынатын Доре құймасы Өскемен металлургиялық кешенінің аффинаждық зауытына жіберіледі. Кәсіпорында көп жылдардан бері еңбек етіп жүрген кеншілер Әділбек Қайырбеков пен Еркеш Көшкенов, автопарк механигі Айтпай Ыбыраев пен жүргізуші Айтмағанбет Қасайынов өз міндетін абыроймен атқаруда.

Ірі алтын шығару компаниялары болып саналатын «Казақалтын» ТКМК» акционерлік қоғамы мен «RG Gold» серіктестігі күрделі жаңғыртылды. Мәселен, «Казақалтын» ТКМК» акционерлік қоғамы Қазақстандағы алтын-кен саласының байырғы кәсіпорындарының бірі болып табылады. Компания тарихы Қазақстанның Солтүстік бөлігінде құрамында алтыны бар кен қоры ашылғаннан кейінгі 1932 жылдан басталады.

Ауыр өнеркәсіптегі халық комиссариатының 1932 жылдың 4 қарашасындағы қаулысымен Алтын-платина өнеркәсібінің одақтық құрылымын қайта құру барысында «Каззолото» алтын өндіру бойынша мемлекеттік солтүстік қазақстандық трест ұйымдастырылады. Оның құрамында Степняк алтынын өндіретін Степной комбинат, одан әрі «Каззолото» тау-кен байыту комбинаты құрылды. Бұл комбинат 1970-1980 жылдары жақсы дамыды. Сол кезде барлау және пайдалану жұмысы Қазақстанның сегіз облысында орналасқан 20 кен орнында жүргізілді. Жыл сайын 6-7 тонна алтын шығарылды. Компания 80 жыл ішінде 350 тонна алтын өндірді.

Бүгінгі күні Ақмола облысының металлургиялық кәсіпорындарында Доре құймасы мен концентраттар түрінде алтын өндіріледі. Сондай-ақ, уран, темір, мыс-молибден өңделеді. Көкшетау қаласындағы «Тыныс» акционерлік қоғамы мен «Тау-кен қондырғылары зауыты» серіктестігінде шойын мен түрлі-түсті металдардан қалыпта детальдар құйылады. Ақмола облысы жартылай өңделген алтын өндірісі бойынша республикамызда бірінші орын алады. Оның үлесі 30 пайызды құрайды.

Бұл көрсеткіш алдағы уақытта «RG Gold» және «Аксу Technology» алтын шығаратын фабриканың құрылысы бойынша тиімді жобаларды жүзеге асыруға байланысты көп өсуі мүмкін. Жалпы, қуаты жөнінде айтсақ, 11 миллион тонна кен өңделіп, 10 тонна алтын шығарылмақшы. Осының арқасында қымбат металдың бұл түрін өндірудің республикалық көлемінде облыстың үлесі 38 пайызға дейін өседі. Ақмола облысының металлургиялық кәсіпорындары қомақты салық төлеп, бюджетке қаржы құяды, әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асыруға және қайырымдылық акциясына қатысады.

Сөйтіп, өңірдің дамуына көп үлес қосады. Металлургиялық сала – экономиканың базалық саласының бірі. Ақмола өңірінің бай кеніштерінің, тартымды инвестициялық климаттың және ең басты әрі қымбат капитал болып табылатын жұмысшы-металлургтың арқасында үлкен жетістікке қол жеткізбекшіміз. Сөз соңында бүгінгі мүмкіндікті пайдалана отырып, металлургтерді төл мерекесімен шын жүректен құттықтағым келеді. Оларға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасының амандығын, еңбегінің жемісін тілеймін!

Ербол ОСПАНОВ,
Ақмола облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар