Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Бүгін – 20 шілдеде үш күндік Құрбан айт басталады - АРҚА АЖАРЫ

Бүгін – 20 шілдеде үш күндік Құрбан айт басталады

Құрметті ақмолалықтар!
Сіздерді қасиетті Құрбан айт мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Ислам – келісім мен толеранттылықтың, жасампаздық пен үйлесімділіктің діні. Біздің елімізде Құрбан айт мерекесі тек мұсылмандарды ғана емес, барлық қазақстандықтарды да біріктіреді.
Қазақстан өзінің бай рухани мұрасын, бірегей тарихи, мәдени және діни дәстүрлерін мақтан тұтады.
Оларды дамыта отырып, біз қоғамдағы мәдени және рухани әралуандылықты сақтауға, мемлекетіміздің азаматтары арасындағы өзара құрмет пен сенімді одан әрі нығайтуға тиіспіз.
Бұл ежелгі мереке барлық әлемдік діндер үшін ортақ жоғары адамгершілік және гуманистік мұраттарға – жақсылыққа, мейірімділікке және әділеттілікке құрметпен қарауды үйретеді. Биыл 30 жылдығын атап өтіп жатқан Тәуелсіздігімізді алысымен Қазақстандық діндер тарихының жаңа беті басталды.
Құрбан айт – туыстарымыз бен жақындарымызға, жалпы айналамыздағы адамдарға жан жылуын сыйлаудың тағы бір керемет мүмкіндігі.
Әрине, биылғы айт мерекесі эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып өтеді. Біз бәріміз коронавирустың жаһандық пандемияға көшкенінің куәсі болдық. Оның кезекті күрделі толқыны бүгінде бүкіл жер шарына, соның ішінде Қазақстан аумағына тарап отыр.
Бүгінгі Құрбан айт күні баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға және жақындарыңызға амандық тілеймін! Біздің барлық ізгі тілектеріміз орындалсын! Тәуелсіз еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Әр үйге береке мен бақыт, Отанымызға бейбітшілік пен тұрақтылық тілеймін!
Ермек МАРЖЫҚПАЕВ,
Ақмола облысының әкімі.

Аса Қамқор, ерекше Мейірімді Алланың атымен бастаймын!
Құрметті жамағат, қадірлі отандастар!
Баршаңызды ұлық мейрам – Құрбан айттың келуімен шын жүректен құттықтаймын! Айт қабыл болсын! Сіздерге амандық пен саулық, бірлік мен береке тілеймін.
Бағзы заманнан бері Ислам дінін ұстанып келе жатқан халқымыз Құрбан айтты ерекше дайындықпен қарсы алады. Ұлық мейрамда үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету, көңілі жабырқаған жанға қуаныш сыйлау, мұқтаж адамға құрбандық етін таратып, сауап алу сынды ізгі амалдар ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді.
«Құрбан» сөзі «жақын болу», «жақындау» деген ұғымды білдіреді. Бұл – шынайы ниет пен Аллаға деген сүйіспеншілікті паш ететін мейрам. Ұлық мерекенің тәрбиелік мәні мен мағынасы осында жатыр. Қасиетті Құранда: «Ұмытпаңдар, олардың еті де, қаны да ешқашан Аллаға жетпейді. Оған жететін нәрсе – жүректеріңізге ұялаған тақуалықтарың (шынайы ниеттерің)» («Хаж» сүресі, 37-аят), – делінген. Аятта айтылғандай, Құдай жолында жақсылық жасауға ниеттенген пенде бұл амалды риясыз оймен орындайды.
Қаржылай мүмкіндігі бар, əрі жолаушы емес мұсылманға құрбандық шалу – уəжіп, мұсылмандық міндет. Ал, шамасы келмеген адамға Алла Тағала мұндай міндет жүктемеген. Айт күндері аз да болса садақа беріп, қараусыз қалған қарттарға, жетімдер мен көп балалы отбасыларға көңіл бөлу – сауапты іс.
Адам баласы құрбандық шалу арқылы Алланың берген ризық-несібесіне шүкір етеді. Көмекке мұқтаж жанға қол ұшын беріп, айналасына шуағын түсіріп, шапағатын тигізеді. Мұсылман қауымын мейірімділік пен бірлікке үндейтін мерекеде барынша жақсылық жасауға тырысайық. Әсіресе, әлемді шарпыған жұқпалы дерттен науқастанып, шипа тілеген жандарға көмектесіп, оларға дұға етіп қойғанымыз абзал.
Алла Тағала еліміз бен жерімізді, барша адамзат баласын түрлі сынақтардан аман етіп, жақсылығы мен берекесін нәсіп еткей. Шалған құрбандықтарыңыз, берген садақаларыңыз, айт күндері амалға асырған Аллаға ұнамды әрбір игі істеріңіз қабыл болғай.
Айттан айтқа аман-есен жете берейік. Әмин!
Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының
төрағасы, Бас мүфти.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар