Құрбан айт санитарлық шектеулер талабына сай өтеді

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ақмола облысының бас имамы Қуаныш Сәбит карантин жағдайында Құрбан айттың қалай өтетіні жөнінде айтып берді.

–Алла тағала мұсылман баласына екі мейрамды сыйға тартты. Бірінші мейрам қасиетті Рамазан айы аяқталысымен Шәуәл айының бірінші күні. Оны Ораза айты дейді. Екінші мейрам Зұлғижа айының оныншы жұлдызына келетін қасиетті Құрбан айты. Біздің күнтізбеміз бойынша биылғы жылы шілденің 20-сына келіп тұр. Ал енді Құрбан айттан бір күн бұрын шариғатымызда Арафа күні дейді. Ол шілденің 19 жұлдызына келеді. Жалпы, осы Құрбан айты мұсылмандардың ұлы ғибадаты болған қажылық ғибадаты осы Құрбан айт күндері орындалады. Қазіргі пандемияға, әлемдегі карантинге байланысты биылғы жылы да былтырғыдай қажылық сапарлар біздің елімізде тоқтатылып отыр. Енді бүгінгі карантиндік жағдайды ескере отырып, пандемияның себебінен биылғы жылы былтырғыдай құрбан шалу рәсімі қашықтықтан болады. Яғни, онлайн түрінде өткізілетін болады. Науан Хазірет атындағы Ақмола облысының орталық мешіті Көкшетау қаласында онлайн режимінде құрбандық шалады. Нақты айтатын болсақ, қазіргі уақытта Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен Құрбан 2021 сайты іске қосылды. Құрбанға тапсырыс беруші адам сол сайтқа кіріп, өңірді таңдап, малдың бір түлігін таңдайды да бізге тапсырыс береді. Енді біздің өңірімізде жалпы шариғат бойынша құрбанға түйе, сиыр, қой-ешкі тәрізді төрт түлік мал жарайды. Біздің өңірде түйе жоқ. Ешкі де біздің өңірде тапшы. Сондықтан, Ақмола облысында сиыр мен қой құрбандыққа шалынады. Бағасына келетін болсақ, қойдың бағасы 70 мың теңге, сиырдың құны 450 мың теңге. Шариғат бойынша қойды бір адамға, сиырды 7 адамға шалуға жарайды. Қара малға жеті адам қосылса, бір адамға 65 мың теңгеден келеді. Қой болмаған жағдайда бір жылға толмаған семіз тоқты да құрбандыққа шалынады. Қазіргі уақытта қой да, тоқты да бар. Негізінен қой бір жасқа толуы шарт,–деген өңірдің бас имамы құрбандық шалу былтырғы жылы облыс орталығында орналасқан «Бижан» ет комбинатында ұйымдастырылғанын айтты. Биыл да осы комбинатта құрбандық шалу рәсімін өткізу жоспарланып отырған көрінеді. Ниет білдірушілер сайтқа кіріп тапсырыс бере алады. Бұл сайт құрбан айт күндері де жұмыс істейді. Құрбан айттың бірінші күні, яғни, 20 шілдеде таңғы сағат 7-де барлық мешіттердің ауласында Айт намазы оқылады. Әрбір Айт намазына келуші адам өзімен бірге жайнамазын ала келеді. Бет пердесі болуы керек. Намазда сапқа тұрған кезде ара қашықтықты сақтауы қажет.
–Біз өз тарапымыздан балалар мен егде адамдарға намазға келмеулеріне кеңес береміз. Құрбандық шілденің 20-сы күні Айт намазы оқылғаннан кейін және үшінші күні Аср намазына дейін шалынады. Оны ерте не кеш шалуға болмайды. Кейбір адамдар бір күн бұрын құрбандық шалады. Бұл дұрыс емес, қабыл болмайды. Онлайн құрбан шалуымызға байланысты құрбан етін үшке бөлу дәстүрі бар. Бір бөлігін өз отбасына, екінші бөлігін ағайын туысқанына, үшінші бөлігін мұқтаж жандарға береді. Құрбандық шалынатын жерге адам көп жиналуға болмайды. Тапсырыс беруші адам сол құрбандығының үлесін өзі ала алмайды. Шалған құрбандығының еті толығымен өңірдегі мұқтаж адамдарға таратылатын болады. Құрбан шалынғаннан кейін оның еті таратылғаны жайлы иесіне фото немесе бейнетаспа арқылы есеп беріледі. Сөз соңында қалалық жаңа мешіт жөнінде айтсақ, оны кәсіпкер Ерлік Қайдаров өз қаржысына салды. Алла жар болсын. Карантинге байланысты оның ашылу салтанаты кейінге шегеріліп отыр. Қазір мешітте бес уақыт намаз оқылады. Қалалық жаңа мешіт Жақия қажы есімімен аталатын болады. Құрметті ақмолалықтар Сіздерді қасиетті Құрбан айтымен шын жүректен құттықтаймын. Осы күні құлшылық ғибадатымызды, құрбанымызды шалып, Алла тағала сол жасаған ғибадатымыз бен құлшылығымызды қабыл алуына жазсын,–деген Қуаныш Сәбит тілшілер сауалдарына нақты жауап берді.
Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Советбек МАҒЗҰМОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар