Тағы бір археологиялық олжа

Жарқайың ауданының Тассуат ауылында Андронов мәдениетіне тиесілі болуы мүмкін деп болжанып отырған жауынгерлік балта табылды.

Ақмола облысында археологиялық қазба жұмыстары кезеңі маусым айында басталды. Көкшетау қаласынан 10 шақырым жерде орналасқан Краснояр селосының маңында энеолит дәуіріне жататын «Қызыл жар қонысындағы Ботай мәдениетін археологиялық зерттеу» жобасы қарқынды жүргізілуде. Сондай-ақ, «Сарыарқаның мәдени мұрасы: ежелгі және ортағасырлық мәдениеттердің сабақтастығы» жобасы аясында ғылыми-зерттеу және іздестіру жұмыстары да облыс аумағында жалғасын табуда.

–Қазіргі уақытта Ақмола облысындағы қазба жұмыстары жүріп жатқан өңірлерден табылған тарихи-мәдени мұралар жинақталып, өңделуде және олар бойынша ғылыми, ғылыми-анықтамалық зерттеулер жүргізіліп, мұрағаттық материалдар жүйеленуде, перспективалық зерттеу тұрғысынан тарихи-мәдени мұраның жаңа объектілерін іздестіру және анықтау бойынша да жұмыстар атқарылуда, –дейді облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Қуаныш Шақшақов.

Археологтарға жергілікті өлкетанушылар, яғни, аудандардағы тарих мұғалімдері мен олардың оқушылары көп көмегін тигізуде. Жуырда Жарқайың ауданында Андронов дәуірінің артефактісі болуы мүмкін деген жауынгерлік балта табылыпты. Бұл табылған зат туралы тарих пәнінің мұғалімі және Тассуат ауылының жергілікті өлкетану музейінің негізін қалаушы Дамир Гафаров хабарлады. Ол Ресейдің Челябі облысының «Арқайым» музейінде осындай жәдігердің фотосуретін көргенін айтыпты.

–Тассуат ауылында табылған олжа мен сол суреттегі балтаны бір шебер жасаған тәрізді. Балтаның салмағы шамамен 900 грамм, қорытпаның құрамы да қызықты, ондағы мыстың үлесі балтаның өте берік болып шығуына әсер еткен, өңдеуге оңай берілмейді, –дейді зерттеушілер. Қазіргі уақытта жауынгерлік балта Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінде сақтаулы тұр.

Ырысалды ШАМШИЕВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар