Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Өрен ұйымдастырушы, өнегелі ұстаз - АРҚА АЖАРЫ

Өрен ұйымдастырушы, өнегелі ұстаз

Мен 1955 жылы күркіреп-мөлдіреп толықсып ағатын Сілеті өзені жағасындағы №3 ауыл атанатын Папанин орта мектебінің 1-ші сыныбына бардым. Ол кезде ел «Большевик» колхозы еді. Өзім 3 шақырым жердегі Ақтөбе ауылынан келетінмін. Мектеп пен Ақтөбенің арасында Қарасу, Большевик ауылдары бар.

Және өзен бойында арасы жарты шақырымдай малға қолайлы, жемшөп жинауға ыңғайлы болу үшін оңаша үйлер қоныстанған. Жаңа мектепке жанқиярлық еңбегімен сонау Бұланды өңірінен, Бестөбе алтын кенішінен құрылыс материалдарын жеткізген Папанин орта мектебінің 1948-1952 жылдардағы директоры жанкешті Нұрмақ Жүнісов (1898-1958) екен. Сүйегінде асылдық, жүрегінде от қайрат, ісінде береке бар. Нұрмақ Жүнісұлын маңайдағы ауыл-аймақтың бота-тайлағына шейін аңыз ғып айтатын-ды. Сол бір жылдарда қырғи тілді, қыран мінезді ел жақсысы Масғұт Машақаев «Мынау тұрған Нұрмақ, жүрген жерінде мектеп құрмақ» деп басталатын дастан шығарған-мыс. Бұл ақсақал Қазақ телевизиясының тұңғыш дикторы Совет Масғұтовтың әкесі еді.
XXI ғасырдың төрінен Папанин орта мектебінің мәртебесі, тарихи қызметі қандай еді дегенде, мұғалімдерінің біліктілігі, мәдениеті, шеберлігі, тәжірибесі жоғары екен. Менің әкем: «Осы сен жүрген мектептің оқуы күшті еді» деуші еді. Долбарлап айтатын шығар десем рас екен. Себебі, мектеп өміріндегі Нұрмақ Жүнісовтің ұлы дәстүрінің көріністерін көре білген-ау! Өнегелі, өнерлі орта жасай білгендігін, оқу, жазу, әдеби тілде сөйлеу ерекшеліктерін ыждаһатпен түсіндіре білетіндігін айтқан-ау деп ойлайсың, бұл күнде.
Осы мектептің қасында елге қадірлі 32 жыл ұстаз болған, діни білімі толық, көркем жүзді, келбетті, қимылы сұлу Мұфтахиддин (Мұттах) Усин (1900-1968) ақсақалдың үйі болды. Сол бір шақтағы оқушылардың көзқарасына, дүниетанымына осындай абыздардың абыройы да игі әсер еткен болу керек. Дін ғұламасы Сәдуақас Ғылманидің шақыруымен Мұфтахиддин Усин кейін 1956-1968 жылдарда Алматы мешітінде қызмет етті, мешіттің оң жағындағы шағын үйде тұрды.
Халық қызметкері Нұрмақ Жүнісовтің кемел тұлғасын толық тану үшін Роза Нұрмаққызының «Сөнбейді жаққан шырағың» атты деректі еңбегіндегі (2016) оның өмір жолын баяндайтын мына бір тарихи құжаттарға ой жүгіртейік:
«Туған жерім Атбасар ауданы, ауыл саны 16, өз атым Нұрмақ, әкем аты Жүніс. Жасым 38-де. Әкем өмірін жалшылықпен өткізген. Он алты жасымда әкем қайтыс болды. 1920 жылы Атбасар қаласында алты айлық оқытушылар дайындайтын курс бітірдім.
1934-1935 жылдар ішінде облыстық советтің жолдамасымен Қызылағаш ауданындағы орталау мектебінің V-VI-VII кластарына ана тілі, әдебиет, тарих, қазақ тілінен сабақ бердім. Қарағанды облысы, Көкшетау қаласындағы педтехникумның жанында ғаріптің түрлі бағытын білудің арқасында екі курсты бітіріп шықтым. Жаңа әріптер Қ, Й, П, Н, тағы басқа әріптердің жазу емлесімен танысып, тарих пәнін де бестік бағамен бітірдім. 1921 жылдан үзбей оқытушылық қызметті атқарып келемін. Түрлі қоғам жұмыстарынан ескерусіз қалғаным жоқ. 1935 жылдан бастап қосымша ауылдық советтерде жұмыс атқардым.
Солтүстік Қазақстан облысы Қызылту ауданы, Кішкенекөл орта мектеп оқытушысы – Н.Жүнісов (қолы)
19/09/1936»
Нұрмақ Жүнісұлы 1934 жылы Қызылжардағы педагогика техникумын сырттай оқып бітірген. Осы жылдарда ол ұлы ақын Мағжан Жұмабаевтан дәріс тыңдап, оның «Педагогика» оқулығын сүйсініп оқыған.
«Уақыт – алтын құс, қанаты бар, ұшады да кетеді» десек те, ердің ерекше істері – елдің аузында, халықтың сана-зердесінде. Айтулы ұйымдастырушының, ардақты ұстаздың бастамашылдық, баянды асыл істері мен кеңестерін Сілеті елі, Кішкенекөлі, Ұялысы, Жасқайраты, Қызылту топырағы әсте ұмытпайды! Және де Нұрмақтың қазақ әдебиеті классигі болған алашқа мәшһүр дауылпаз перзенті Сәкен серінің дауысы Ұлы Даланың тарихында өшпес рухқа ие.

Серік Негимов,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты,
филология ғылымдарының докторы, профессор

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар