Коронавирусты жастар көп жұқтыра бастады

Ақмола облыстық көпбейінді ауруханасының бас дәрігері Нұрлан Жаров өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте коронавирусқа шалдыққан науқастарды емдеу жұмыстарының барысы туралы айтып берді.

Қазіргі коронавирустың күшейіп тұрған шағында Ақмола облыстық көпбейінді ауруханасы медицина саласының бар бағыты бойынша өз қызметін өңір тұрғындарына ұсынып, жұмысын санитарлық талаптар шеңберінде жалғастырып келеді. Онда тәулік бойғы және күндізгі стационарлар әдеттегідей жұмыс істеуде және тұрғындарға медициналық диагностикалық-консультативтік көмек көрсетуде. Облыстағы ең ірі ұйымдардың бірі болып табылатын ауруханада 725 төсек-орын тәуліктік негізде жұмыс істейді.
–Қазір індеттің үшінші толқыны болады деп болжанып жатыр, ол үнділік «дельта» штаммның елімізде пайда болуына байланысты. Бүгін де облыста эпидемиологиялық ахуал өте күрделі. Осыған байланысты қайтыс болып жатқандар да бар. Сондықтан, індеттің алдын алып, оған қарсы екпе еккізген абзал. Себебі, вакцина арқылы ғана ел бұрынғы өмір сүру қалпына көше алады, –деді бас дәрігер.
Медициналық ұйымның тері-венерологиялық диспансерінің базасында ағымдағы жылғы қаңтар айынан бастап, былтырғыдай коронавируспен күреске арналған 100 төсек-орын әзірленіпті. Өткен жылы 5 наурыздан індет басталған кезде де аталмыш аурухана алғашқылардың бірі болып, осы тері-венерологиялық диспансерінің базасында госпиталь ашып, жұқпалы-провизорлық, карантиндік стационарларды іске қосып, індетке ұшырағандарға медициналық көмек көрсеткен болатын. Өткен жылы бұл ұйымда 2040 адам коронавирустан емделіп шығыпты. Соның ішінде 257-і жұқпалы, 934-і провизорлық, 849-ы карантиндік бөлімшелерде емделген. Ағымдағы жылы 480 науқасқа осы бағытта медициналық көмек көрсетілді. Жұқпалы-провизорлық, карантиндік стационарлар барлық санитарлық-эпидемиологиялық нормаларға сәйкес келіп, қала ішінде болса да, маңайындағы ешбір мекемемен шектесіп, қосылмайды. Арнайы бөлек кіретін бекеттері, желдеткіш жүйелері бар. Бір ерекшелігі, мекеменің әр қабаты орталықтандырылған оттегімен қамту жүйесімен жабдықталған. Реанимациялық блок 11 жасанды желдету аппараттарымен жабдықталып, стационар оттегі концентраттарымен, жылжымалы рентген аппаратымен жарақтандырылған.
–Облыс орталығында корнавируспен күреске арналған үш үлкен орталық бар. Осы әзірленген төсек орындардың бүгінде 58 пайызы қолданыста. Бүгінде өкінішке орай, індет жұқтырушылар арасында жастар қатары көбейіп кетті, солардың ішінде жүкті әйелдер де саны артып отыр, – дей келе бас дәрігер коронавируспен күреске жұмылдырылған аталмыш аурухананың медициналық қызметкерлері жайында да айтып берді.
2021 жылдың басынан жұқпалы індетпен күреске аурухананың 479 қызметкері жұмылдырылыпты, олардың 76-сы дәрігер, 190-ы орта медициналық қызметкер, 213-і кіші персонал.
Ырысалды ШАМШИЕВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суретті түсірген Советбек МАҒЗҰМОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар